Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында VII Халықаралық «Жас виртуоздар» балалар мен жасөспірімдер арасындағы аспапта шебер ойнау байқауы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өнер додасы биыл да жас таланттардың басын қосып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Биылғы байқауға қатысу үшін жүзге жуық өтініш түсіп, соның ішінен 34 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Қатысушылар домбыра, қобыз, жетіген, прима қобыз, скрипка және виолончель аталымдары бойынша бақ сынады.
Шара ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Жиында ұлттық музыка өнерінің дамуы, жас таланттарды қолдау және аспапта шебер ойнаудың маңызы сөз болды. Конференцияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер-композитор Әли Алпысбаев сөз сөйлеп, байқаудың жылдан-жылға ауқымы артып келетінін айтты.
– Байқау жетінші мәрте өткізіліп отыр. Жыл сайын қатысушылар қатары көбейіп келеді. Бұл – жастардың өнерге қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Осындай байқауға қолдау білдіріп отырған облыс әкіміне, мәдениет саласының басшысына ерекше алғыс білдіреміз, – деді ол.
Әли Демегенұлы әділқазылар алқасының құрамын таныстырды. Қазылар қатарында Өзбекстанның халық әртісі, профессор, дирижер Фарух Садыков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры, мәдениет саласының үздігі Данияр Байжұманов және қобызшы, П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Лаула Ченемисова болды.
Өз кезегінде әділқазылар алқасы байқауға қатысқан жас өнерпаздардың орындаушылық деңгейіне жоғары баға беріп, қатысушылардың сахна мәдениеті мен шеберлігі жыл сайын өсіп келетінін тілге тиек етті.
– Биылғы байқаудың ерекшелігі – алғаш рет ішекті аспаптар бөлімі қосылып, скрипкашылардың да қатысуы болды. Бұл жас таланттар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашты, – деді Өзбекстанның халық әртісі Фарух Таджиевич.
Байқаудың қорытындысы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен гала-концертте жарияланды. Үздік деп танылған өнерпаздар әр номинация бойынша марапатталды. Байқаудың Бас жүлдегерлері, І, ІІ және ІІІ орын иегерлері мен дипломанттарға арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткен кеште үздік өнер көрсеткен қатысушылар сахнаға шығып, көрермен қошеметіне бөленді.
«Жас виртуоздар» байқауы жас таланттардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, ұлттық өнердің болашағына деген сенімді арттырған тағылымды шара болды.
Сарби ӘЙТЕНОВА





