Мемлекет басшысы су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған «Табиғи монополиялар туралы» Заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
Түзетулерді Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірледі. Өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан аса қызметкердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірге және статистикалық деректерге қарай жалақы орта есеппен 35-50%-ға көтеріліп, жылу және электр энергетикасы салаларындағы мамандардың деңгейіне дейін жетеді. Бұл су саласындағы кадр тұрақсыздығын азайтып, жоғары білікті мамандарды тартуға септігін тигізеді.
«Табиғи монополиялар туралы» Заңға енгізілген өзгерістер биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес жылу және электр энергетикасы саласында орташа жалақы – 330 мың теңге. Ал су шаруашылығы саласында – 231 мың теңге. Айтарлықтай айырмашылық бар. Қабылданған түзетулер еліміздің дамуы үшін аса маңызды су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға көтерген.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында биыл су саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 4 есеге, яғни, 80-нен 339 адамға дейін өскен. Басым бөлігі жоғары оқу орындарының студенттері, қалғаны колледждер. Бұл жұмыс Су ресурстары және ирригация министрлігі мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында жасалған меморандумдар аясында іске асырылып отыр.
Биыл өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің географиясы да кеңейді. Әсіресе Жамбыл, Қызылорда, Ақмола және Батыс Қазақстан филиалдары белсенділік танытты. Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан аймақтарында да техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының студенттері тартылды. Сонымен бірге жоғары оқу орындары базасында «су дипломатиясы» сияқты заманауи мамандықтарды қоса алғанда, дайындықтың жаңа бағыттары ашылуда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА