Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Талдықорғандағы әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, мекемелердің жұмысымен танысты.
Депутат алдымен қаланың көрікті жерінен ерекше сәулетпен ірге көтерген Бикен Римова атындағы драма театрына барды. Кірген беттен келушіге жайлылығымен таңдай қақтыратын жарық әрі кең ғимарат іші кім-кімнің де рухани жан дүниесін байытады. Халық қалаулысы көрермен залына кіргенде әртістер кезекті қойылымға дайындық үстінде еді.
Театр директоры Рус-лан Сенкебаев шығармашылық ортаның алдағы уақытта көрсететін қойылымдары жайлы әңгімеледі. Аудандардағы халық театрларының барлығында мынадай зал жоқ. Ал, мұнда көріністі ұсыну, грим бөлмесі, сахналық көрініске қажетті керек-жарақтың барлығы да бар. Сондықтан, аудандардағы театрлар өздерін жетілдіру үшін жылына бірнеше рет өз қойылымдарын облыс орталығына әкеліп қойып, көрермендерге ұсынады. Аудан театрлары өткен жылы шығармашылық бәсекелестікке де түсті. Оза шыққандар басқа облысқа сапар шегіп, өнерлерін өзге өңір тұрғындарына тамашалатты. Бұл – шығармашылықты шыңдауға жасалған қамқорлық.
Өнер – тәрбие құралы. Тарих пен руханият орталығы саналатын Жетісу өлкесінде шығармашылықтың дәуірлеуі, салтанат құруы заңдылық. Ләззат Жаңылысқызы барғанда «Қазақстан» телеарнасы театр жайлы фильм түсіріп жатыр екен. Депутат «Жаңғырық» фильмінің түсірілімімен танысты.
Халық қалаулысы «Je-tysu Hub» IT орталығына барып, жаңа технологиямен шұғылданып жатқан балалардың жұмысын көрді. Балалардың шығармашылық еңбектерін көрді. Ғылымды меңгеруді мақсат тұтқан ұл-қыздармен әңгімелесті. Бағыт-бағдарларын құптады.
Ләззат Жаңылысқызы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына барып, әр ұлт пен ұлыс өкілдерінің ауызбірлігіне тәнті болды. Облыстық Ассамблея басшысының орынбасары Ғабит Тұрсынбай мекеменің жұмысымен таныстырды. Мұнда әр ұлт өкілінің салт-дәстүрі дәріптеледі. Облыс тұрғындары көпұлтты болғандықтан әрқайсысының мерекесі, тілі, ән-биі салтанат құрған. Мұнда келіп-кетушілер де көп. Халықтар достығын сақтап, бір-бірімен етене араласуы үшін әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Халық қалаулысы Ассамблеяның ғимараты мен оның ішіндегі жұмыс кабинеттерін аралап көріп, жұмыс жүйесіне ризашылығын білдірді.
Сенатордың сапары бұдан кейін Ақсу, Сарқан аудандарында жалғасты. Депутат халыққа жаңа заңдар, педагог мәртебесі, құқық қорғаудағы ізгілендіру жайлы толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көпбалалы отбасыларына жасалатын қамқорлық, балалар құқығын қорғау, өскіндерді жаман әдеттерден сақтандыру жайы да әңгіменің негізгі діңгегіне айналды. Депутат туған жеріндегі іссапары барысында журналистерге сұхбат беріп, Жетісудың экономикалық-әлеуметтік, рухани жағынан өркен жайып келе жатқанына қуанышын білдірді.
Гүлжан ТҰРСЫН
***
Жылы жүздесу
Кездесуде депутат әскерилерді Парламент қабылдаған соңғы заң актілермен таныстырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ-станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көтерілген міндеттер мен мақсаттарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Жүздесу барысында әскери борышты өтеуді жетілдіруге қатысты сұрақтар қойылып, әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, дала жаттығуларына қосымша ақы төлеуді қайтару, коммуналдық шығындарға төленетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, ауызсумен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, әскери бөлімді техникамен жарақтандыруға, дабыл кезінде жеке құрамды шақыру мен жинауға, оқыту сыныптарын бейнепроектормен, теледидармен және оқуға қажетті фильмдермен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды.
Айтылған ұсыныстар мен пікірлерді тыңдаған халық қалаулысы Төлеубек Мұқашев көтерілген мәселелердің бәрі аяқсыз қалмайтындығына уәде берді.
Бұдан соң Сарқан ауданының тұрғындарымен кездескен сенатор «Пе-дагог статусы туралы» Заңының мүмкіндігі мен ерекшеліктерін ұғынықты тілмен таныстырып, ұсыныс пікірлерге құлақ асты. Кездесуде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты А. Құлахметова ұстаздар тарапынан берілген ұсыныстардың толығымен заң жобасына кіргізілгенін әңгіме өзегіне айналдырса, Сарқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н. Әділова мемлекет тарапынан беріліп отырған атаулы әлеуметтік көмекті алушылар мәселенің жай-жапсарын әлі де толық білмейтіндігін, осыған орай жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүруі керектігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Сенат депутаты кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді атқарушы органдарға жеткізетінін, қаралуын өзі қадағалайтынын атап өтті.
М. ӘСЕТҰЛЫ
***
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Ел көкейінде жүрген мәселелер ортаға салынған қоғамдық қабылдауда әр күні кептелістен көз ашпайтын Өтеген батыр мен Байсерке ауылы арасындағы теміржол өткеліне салынуы тиіс жол туралы білгісі келетіндер көп болды. Сонымен қатар, саяжайға қоныстанушы халықтың көптігінен туындайтын әлеуметтік жағдайлардың шиеленісіп тұрғаны айтылды. Атап айтқанда, көшіп келгендердің жалға алған үйіне тіркеле алмайтындығы, балалардың сабаққа қатынап оқитындығы, қоғамдық көліктің жүрмейтіндігі, таза ауызсудың жетіспеушілігі, медпункт, мектеп қажеттілігі сынды мәселелердің көтерілгеніне он жылдан асқан. Аталған мәселелерді жұмыс тәртібінде министрліктермен келісе отырып, талқыға салуға уәде берген депутаттар мұндай жағдайлар еліміздің барлық аймағында кездесетінін атап өтті. Қашанда сенім үдесінен шығуды көздейтін «Nur Otan» партиясы мен жергілікті мәслихат мүшелеріне салмақ сала сөйлеген Омархан Өксікбаев:
– Депутаттардың еңбегі құр сөзбен емес, нақты мәселелерді шешуімен, халыққа берген уәдені орындауымен бағаланбақ. Оның ішінде мемлекеттік қызметтің талап деңгейінде көрсетілуін қадағалаудан бастап, қарапайым халықтың талап-тілегін жергілікті билікке жеткізу және оны шешіп беруге дейінгі мәслихат мүшелерінің атқарар шаруасы аз емес. Халықтың өзекті мәселелері оңынан шешіліп жатса, жұмыстың нәтижесі көрінгені, – деп еліміздің заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіріп өтті. Әсіресе, біреудің табан ет, маңдай терімен өсірген меншікті малын орта жолдан олжалап кететін ұрыларға берілетін жазаның ауырлағанын баса айтты. Бұрынғыдай мәселені өзара келісіммен шешуге рұқсат ететін баптың енді түбегейлі алынып тасталғанын жеткізді.
Іле өңірінде 4500 көпбалалы ана тіркелген. Сондықтан алтын құрсақты аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік жәрдемақы тағайындау шарасының талапқа сай орындалуы қажеттігін айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары аудан тұрғындарының 92 пайыздан астамының міндетті медициналық сақтандыруға қатысқанын, оған немқұрайды қарағандардың ем қабылдауы алдағы уақытта оңайға соқпайтынын ескертіп өтті.
Сапар соңында Іледегі «Лукоил» жағармай зауытына соғып, өндіріс ошағының жұмыс барысымен танысқан халық қалаулылары бұл ресейлік компанияның Орта Азиядағы тұңғыш өндіріс ошағы екенін сұрап білді. Зауыт 800 түрлі өнім шығарады. Ең бастысы, 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт жұмыскерлерінің 90 пайызы жергілікті тұрғындар.
Мақпал МЫСА
***
ЖОЛДАУ – ӨРЛЕУ ӨЗЕГІ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғам-дық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қамтылған мәселелерді ел-жұртқа кеңінен насихаттау мақсатында Балқаш ауданына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВТЫ аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов күтіп алып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.
Алдымен «Балқаш жолдары» ЖШС-не тиесілі, Тасмұрын асуының баурайында орналасқан «Тасмұрын 2» қиыршық тас өңдеу зауытына барып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. «Балқаш жолдары» ЖШС-нің атқарушы директоры Нарымбет Әбдібаевтың айтуынша, зауыт күнделікті 380 тонна қиыршық тас шы-ғарады. Бес түрлі өнімді халыққа қолжетімді бағамен ұсынып отырған зауыт бүгінгі күні 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бұдан соң Миялы ауылдық округінде орналасқан «Агрофирма «Dinara-Ranch» ЖШС-не барып, 1500 басқа арналған сауын сиыр кешенін аралап көрген Нұрлан Нау-рызұлы заманауи үлгімен салынған сүт фермасының жұмыс жүйесін сұрап білді. Халық қалаулысы қойған сұраққа жауап берген шаруашылық директоры Бақытжан Сатыбалдиев сауын сиырларға күніне неше тонна жемшөп берілетінін, қанша тонна сүт өндірілетінін және өндірілген өнімді қандай жерлерге өткізетінін жеткізді. Сонымен қатар, ең алдымен жұмысшылардың жағдайын жасау басты мәселе екендігін әңгіме арқауына айналдырды.
Аптаның бейсенбісі күні арнайы іссапармен ауданға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, жерлесіміз Омархан Өксікбаев Ақжар, Қарой ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Елордадан келген халық қалаулысына аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов, аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев сапарлас болды.
Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінде өткен жергілікті халықпен кездесуде халық қалаулысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев-тың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қа-зақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қамтылған міндеттерді жүзеге асыру талабы мен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енген бірқатар Заңдарды таныстырып өтті. Алқалы жиында ауыл тұрғындары көтерген ұсыныс-пікірлерге Парламент Мәжілісінің депутаты құлақ асып, өзекті мәселелерді назарға алатындығын жеткізді.
Бұдан соң халық қалаулысы Қа-рой ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелерге жауап қайтарды.
Халық пен биліктің арасына алтын көпір болған халық қалаулылары сапарларында «Ауыл – алтын қазығым» деген қанатты сөз негізге алынып, ауылдағы ағайын-туыстың тыныс-тіршілігімен жақын танысу басты мұратқа айналды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
***
Сапа басты назарда
Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылына ҚР Пар-ламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов келіп, келелі істерді көріп, өңірдегі еңбеккер жандармен жолықты.
Алдымен Әбдіманап Елікбайұлы ок-ругтегі Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектептің ұстаздар қауымымен кездесті. Онда мұғалімдердің қоғам алдындағы мәртебесі турасында жан-жақты айтылып, жасалып жатқан жоспарлы жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде ұстаздар да көкейде жүрген сауалдарын қойып, салмақты жауап алды. Халық қалаулысы 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заңға да тоқталып, сапалы білім келешек үшін екенін айтты.
Одан кейін депутат Қарабұлақ ауылында «Ауыл ел бесігі» жобасы бойынша салынып жатқан 18 орынды дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2019 жылдың тамызында басталған нысан 2020 жылдың қазанында пайдалануға беріледі. Бас мердігер – «Құрылысшы – ТБС» ЖШС. Құрылыс алаңындағы қызу жұмысты көрген Әбдіманап Елікбайұлы құрылыс бөлімінің мамандарына сапалы болуын қадағалау қажеттігін айтты.
Қали АСҚАР
***
Ұсыныстар ескеріледі
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат БОПАЗОВ жұмыс сапарымен Талдықорғанға келіп, әскери құрылым басшылығы және жеке құрамымен, облыстық экология департаменті ұжымымен, Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті өкілдерімен кездесу өткізді.
Марат Дәрібекұлы ең алдымен №21751 әскери бөлімі базасына барып, Парламент қабырғасында талқыланған заң жобалары мен заң шығару жұмыстарының нәтижесін айтып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативті-құқықтық құжаттарды кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қа-сым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру жұмыстарын да тілге тиек етті. Шара барысында әскери қызметкерлердің бөлімдерге табиғи газ тарту, нысандардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі сынды ұсыныстарын тыңдады. Мәжіліс депутаты айтылған ұсыныстардың тиісті сала мамандарымен бірге қаралатындығын айтты. Жиын соңында авиабазаның мұражайымен танысып, әскери сала мамандарының Отан қорғаудағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
ҚР Парламенті Мәжі-лісінің депутаты келесі кезекте облыстық экология департаментіне бас сұқты. Халық қалаулысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диолог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын кеңінен насихаттап, Парламент Мәжілісінің 2019 жылғы атқарған жұмысы жайлы айтып өтті.
Жиынға келген жұртшылық халық қалаулысына экология және жер қойнауын пайдалану, еңбек заңының сақталуы саласындағы өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, ұсыныстарын айтты. Бұл жайында Марат Дәрібекұлы:
– Жақында экология кодексіне жер қойнауын пайдалану туралы заң кіргелі жатыр. Осыған орай Алматы облысында қандай шаралар жасалуда, алда қандай жоспарларымыз барын талқыладық. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ардагерлерді де шақырдық. Кемшін кеткен тұстар бар. Енді соны түзеу қажет. Дарқан дала мен қазақ халқының жаны егіз. Еліміздің басты байлығы – табиғат. Табиғат – тіршілік көзі. Ол адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан адам табиғатты қасиет тұтуы қажет. Экологиялық өзекті мәселелерді жұмылып шешу керек, – дей келе бұл сала бойынша қарастырылып жатқан нормативті-құқықтық құжаттарды әзірлеу барысында халықтың көтерген мәселелерінің назардан тыс қалмайтындығын, жоғары деңгейде қаралатындығын айтты.
Жиын соңында Марат Бопазов облыстық экология департаменті қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Айдар ҚАЛИЕВ





