2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, елімізде мемлекеттік еңбек инспекторлары 15,1 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтарын қорғады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, республиканың 66 кәсіпорнында 1 719 қызметкерге 672 млн теңге көлемінде жалақы қарызы анықталған. Бұл фактілер еңбек инспекторлары жүргізген жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде белгілі болды.
Тексеру барысында жалпы саны 2 338 еңбек заңнамасын бұзу фактісі тіркелді. Атап айтқанда:
-
Еңбек саласында – 1 920 бұзушылық
-
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – 401 бұзушылық
-
Халықты жұмыспен қамту бойынша – 17 бұзушылық
Анықталған бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге 1 283 ұйғарым беріліп, 152 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 13,8 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді, ал 1,3 мың қызметкерге жалпы сомасы 355,3 млн теңге жалақы қарызы өтелді.
Министрлік еңбек заңнамасының сақталуын қатаң бақылауда ұстап отыр және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.