Кей жұрт «Жақсы сөз жан семіртер» деген қазақтың даналығын ескермейтіндей. Тіпті, өнер алды болуы тиіс қызыл тілді былғап сөйлеп, отыз тістің тілге қамал болуы керегін ұмыт қалдыратындай.
Демократия деген – ойыңды еркін жеткізу, бірақ ауызға келгенді айту емесін әлеуметтік желіні қолданатындар неге ойламайды?! Мәселен, тәртіп сақшылары желіде желпініп, өз аудиториясына былапыт сөз қолданған М.Б. есімді 27 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ол tiktok платформасындағы тікелей эфир кезінде қоғам алдындағы жауапкершілікті ысырып қойып, бейәдеп сөздер айтқан.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, жиналған материалдар сотқа жолданған. Істі қарау қорытындысы бойынша азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң талабын ескермеушіге айыппұл салынған.
Облыстың тәртіп сақшылары әлеуметтік желілер қоғамдық байланыс құралы екенін, ондағы әрбір сөзге есеп және жауапкершілік болуын ескертеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушыларын қарым-қатынас мәдениетін сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және жариялайтын контентіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





