Тегінде тал бойына табиғаттың берген дарыны мен төзімін ұштастырған адам болады. 38 жастағы Ертай Байжалғас сондай жан.
Қолөнерге деген талпынысы мектеп қабырғасынан басталған ол атакәсіпті 10 жыл бұрын қолға алды. Бүгінде туған жерінде «Баба жолы» атты шағын шеберхана ашып, 5 жылдан бері жастарға тәлім беріп келеді.
Ертайдың өнер жолына түсуіне себепкер болған – ауылдық жердегі қарапайым ұстазы өзінің мектептен кейінгі жолы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне әкеліп, 2005-2009 жылдары қолөнер бөлімінде білім алып, университет қабырғасында кескіндеме, зергерлік, графика, этнодизайн – ұлттық өнердің сан саласын меңгерген. Ал түркі әлемінің музыкалық аспаптарын жасаудың сырын ҚР Мәдениет қайраткері, хас шебер Жолаушы Тұрдығұлов үйреткен. Айтуынша, ұстазы берген тәлімі – өмірлік капиталы, соның бәрі еңбегіне азық болып отыр.
Қызығы сол, Ертай алғашқыда мүлде басқа мамандықты таңдаған. Балалық шағында ұшқыш болуды армандап, Ақтөбедегі ұшқыштар мектебіне, Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы училищеге құжат тапсырып көрген. Кейіннен «денсаулық жарамайды» деген желеумен қабылданбай қалған.
«Өнерім болмаса, бәлкім, әскери жолды таңдар ма едім деп ойлаймын» деген ол, университет бітірген соң жарнама агенттігінде компьютермен жұмыс істеп, түрлі құрылғыны меңгерді. Қазір домбыра жасауда жаңа технологияларды қолдануы сол тәжірибесінің жемісі.
Шебер домбыра жасау үшін ең әуелі ағаштың мінезін тану қажет екенін айтады. Ең басында жақсы кепкен қайың, үйеңкі, қарағаштан асыл бұйымды алғаш жасап бастаған. Соңғы жылдары ол палисандр, эбен, акация, амарант, зирикот сияқты алыс елдерден келетін қымбат ағаштарды да қолданады. Домбыра шанағы 7, 9 немесе 12 бөліктен құралса, беті шырша мен қарағайдан жабылып, мойны шамшат пен лиственниктен құрылады. Беткі әрлеу жұмысына шпон салынып, сүйекпен көмкеріледі.
– Әр шебердің домбырасына қарап-ақ иесін тануға болады. Оюы, бояуы, әдісі, бәрі де шебердің қолтаңбасы болып саналады, – дейді Ертай.
Еңбек адамының ең жоғары бағаланған домбырасының құны 4 мың доллар. Алайда қолөнер иесі үшін баға басты мәселе емес.
Айтуынша, қолыңнан шыққан дүниені сатуға қимай қалатын кездер болады екен. Одан бөлек, бұл кәсіптің қиындығы да аз емес. Пышақ, станок, өткір құралдар – барлығы сақтықты талап етеді.
Атадан қалған кәсіпті заман талабына сай дамытып, ағаштың үнін шығарып жүрген шебер еңбегі – ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Ал «Баба жолы» шеберханасынан шыққан әр аспап – қазақ өнерінің өміршеңдігін дәлелдейтін тағы бір белгі. Ата басылым атынан ұлттық мұраны насихаттап жүрген шебердің еңбегі жансын деп тілейміз.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Алакөл ауданы





