Ел дамуының басты қозғаушы күші – еңбек. Экономиканың өсуі, инфрақұрылымның жаңаруы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының ілгерілеуі ең алдымен қарапайым еңбек адамдарының маңдай терінің нәтижесі екені даусыз.
Олар барлық салада тынымсыз қызмет атқарып, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған негізгі күш. Экономикалық тұрғыдан алғанда, еңбек адамы – нақты өнім өндіруші. Сондықтан оған деген көзқарас – мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын маңызды өлшем. Сондай-ақ, ол – тек ауыр жұмыспен шектелмейтін, кәсіби біліктілігі жоғары, техникалық сауатты, жауапкершілігі мол маман.
Еңбек адамының жұмысын бағалап, кәсіби беделін арттыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Еңбекке негізделген қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Сондықтан еңбек адамдарының мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың да қамы. Осындай еңбек адамның бірі – кәсіпкер Мадияр Түйебаев. Бүгінде бал қымыз шығарумен айналысатын кәсіпкер Алматы қаласының тумасы. Ал ата-анасы Жетісу өңірінен, сол себепті ол осы жерге қайтып келіп, туған өлкесінің экономикасын өрістетуге өз үлесін қосуда. Қытай елінде оқып, жоғары білім алған ол бастапқыда қымыз өнімдерінің көбіне шет мемлекеттерден жеткізілетінін байқап, кейіннен оны өз елінде шығару туралы ойлаған. Сөйтіп, ол Талдықорған қаласында бал қымыз өндіруді қолға алды.
– Қымыз – қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлттық сусыны. Мұндай өнімдер Батыс Қазақстанда өте танымал. Мен оны сол жақта жұмыс істеп жүргенде байқадым. Сөйтіп, мен де осы дәстүрлі тағамды заман талабына сай жаңғыртып, оған жаңа тыныс беруді ұйғардым. Нәтижесінде өзімнің сүйікті кәсібіммен айналысуды шештім, – дейді Мадияр Түйебаев.
Иә, қымыз – тек сусын емес, ол қазақтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімен біте қайнасқан тағам. Ал оған бал қосу – дәстүрден алыстау емес, керісінше ұлттық өнімді жаңаша ұсыну жолы. Мұндай қадам қазіргі нарық талаптарына сай келіп қана қоймай, қымыз мәдениетін кең түрде танытуға мүмкіндік береді. Бал қымыз – экологиялық таза, табиғи өнімдерге сұраныс артқан қазіргі кезеңде өз орнын таба алатын өнім. Бұл әсіресе дұрыс тамақтануға, табиғи сусындарға мән беретін тұтынушылар үшін маңызды.

Осыны жақсы білетін кәсіпкер алдымен қымыз шығаратын орынды жалға алып, ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бастапқы кезде қиындықтар да кездесті. Сөйтіп, өткен жылғы мамыр айында бал қосылған қымыз өндірісі іске қосылып, жергілікті нарыққа тың өнім ұсынылып отыр. Байқағанымыздай, кәсіпорында өндіріс әлі шағын түрде жүзеге асырылуда. Жұмыстың басым бөлігі қолмен атқарылады. Мәселен, сүтті қабылдау, пастерлеу, қоспаларды араластыру, бал мен қант мөлшерін реттеу, ашыту үдерістерін бақылау – бәрі мұқият еңбекті талап етеді.
Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Өнім жасауға қажет тек бір ғана шетелдік құрылғы жұмыс істеп тұр. Бұл тәсіл бір жағынан өндірістің ауқымын шектесе, екінші жағынан өнім сапасын жеке бақылауға мүмкіндік береді. Мадияр Түйебаевтің айтуынша, қазіргі басты мақсат – көп өндіру емес, тұрақты сапа мен тұтынушы сенімін қалыптастыру.
Бал қымыз жасауға қажет шикізат Текелі қаласынан жеткізіледі. Ал бал Лепсі ауылынан әкелінеді. Кәсіпкер шығарып отырған бал қымыз – классикалық қымыздың дәмін сақтай отырып, жаңа құраммен ерекшеленеді. Өнімнің құрамында пастерленген сиыр сүті мен бие қымызы, таза су, пайдалы лактобактериялар, қант, табиғи бал бар. Бал – қымызға табиғи тәттілік беріп қана қоймай, сусынның дәмдік сапасын жұмсартып, тұтынушыларға, әсіресе, қымыздың қышқылдығын көтере алмайтын адамдарға да қолжетімді етеді. Бұл – ұлттық өнімді заманауи тұтынушы талғамына бейімдеудің нақты мысалы.
Дайын өнімдерді негізінен Талдықорған қаласының халқы тұтынады. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі денсаулыққа пайдалы өнімнің өтімділігі жоғары. Кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, қазір күннен-күнге сұраныс артып келеді. Шағын кәсіпорын бүгінде төрт жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – бір қарағанда аз көрінгенімен, өңірлік еңбек нарығы үшін маңызды көрсеткіш.
Әсіресе, шағын және орта бизнестің дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде үлкен рөл атқаратыны белгілі. Алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыру көзделуде. Өнімге қажет ыдыс та Алматы қаласынан әкелінеді. Кәсіпкер өндіріс орнын өз қаражаттары есебінен ашқан. Мадияр Түйебаев технолог маманының тапшы екенін айтады. Сол себепті бұл қызметті негізінен өзі атқарады. Кәсіпорын жұмысын жүргізуге Мадияр Түйебаевтің зайыбы Әйгерім Жақыпқызы көмектеседі. Ол бүгінде өндіріс орнының директоры қызметін атқарып, жұбайының ісін бірлесе жандандыруда. Әйгерімнің сөзінше, бастапқыда күніне 300 литр қымыз шығарылса, бүгінде ол 600 литрге жетті.
Қорыта айтқанда, бал қымыз өндірісі – үлкен зауыт емес, бірақ үлкен ойдың бастауы, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі. Сондай-ақ, бұл іс ұлттық тағамды заманауи үлгіде дамытуға болатынын көрсетеді. Шағын өндіріс, қол еңбегі, жергілікті жұмыс орындары және табиғи өнімге негізделген бұл жоба – өңірлік кәсіпкерліктің өміршең үлгісі.
Ұлттық сусынның жаңа тынысы дәл осындай бастамалардан басталады. Ендігі кезекте, кәсіпкердің өндіріс көлемін арттыру, технологиялық үдерістерді жетілдіру, сауда нүктелерін көбейту секілді жоспарлары бар. Мұндай бастамалар қолдау тапса, бал қымыз тек Талдықорғанның емес, тұтас өңірдің, елдің брендіне айналуы әбден мүмкін.
Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы





