Сүттен жасалған балмұздақты бәріміз білеміз. Ал саумалдан жасалғанды ше? Сіз естімегенсіз бе? Олай болса, мақалаға көз жүгіртіңіз.
Қытай Халық Республикасының Күнес ауданынан 2019 жылы көшіп келген Райгүл Зәкәрияқызы көпшілікті балмұздағымен таңғалдырып жүр. Енді ол ұлттық сусынды өңдеп, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтатын жаңа кәсіп ашуға ниетті.
Райгүл Зәкәрияқызы күніне бес уақыттан 3 бие сауады. Жақын елді мекеннен келіп саумал ішетін жұрттың қарасы қалың. Тіпті арнайы Алматы, Астана қалаларынан да тапсырыс түседі.
– Ұлттық сусыннан балалар да нәр алып қуаттансын деген оймен саумалға кілегей, бал қосып балмұздақ жасадым. Балаларыма қатты ұнады. Жақындарыммен де бөлістім. Қысқасы, «Балалардың тамағы» деген жоба ойлап, кәсіп ашуға ниеттеніп, байқауға да қатыстым. Дүкендегі балмұздақтан жүз есе пайдалы өнімді жас ұрпаққа беруіміз керек. Себебі ұрпақ саулығы – ең басты мәселе, – дейді кәсіпкер.
Отбасы бұл кәсіпті сексеннің сеңгіріне шыққан Данышпан қарияға саумал сауып беруден бастаған. Кейін бие санын арттырып, ірі қара да алады. Қазір бұл отбасы ауыл тұрғындарына қымыз, құрт, май, ірімшік сатып нәпәқасын айырып отыр.
Райгүл Зәкәрияқызы ісін өркендету үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына екінші жыл қатарынан қатысып, биыл жартылай финалға өтті. Жеңімпаз атанса кәсіпкер ретінде тіркеліп, шағын цех ашып, ұлттық асты дәріптемек. Олай болса, ата басылым атынан жас кәсіпкердің ісіне береке тілейміз.
Еңлік Кенебай
Сарқан ауданы





