Өмірде тағдырдың тауқыметін тартса да басына түскен алуан қиындықтарды жеңген жандар жетерлік. Қиындықты еңсеріп қана қоймай, ел намысын қорғап жүрген спортшылардың өмірі көпке үлгі. Биыл өмірде де, спортта да жеңісі көп кіл мықтылар шыққан спорт мектебінің құрылғанына он жыл толды. Осыған орай Журналистер үйінде брифинг өтті.
Жиында «Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерлан Бақтыбаев сөз алып, мектептің жетістіктерін толықтай тарқатты.
– Мектеп алғаш облыс әкімдігінің қолдауымен «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» МҚКК болып ашылдық. Ал 2017 жылы мектеп болып өзгерді. Он жылдың ішінде толайым табыстарға жеттік. Спорттық клуб болып ашылған жылдары біз тек нәтиже көрсеткен атақты спортшыларды жарысқа алып баратынбыз. Мектеп болғалы ауылда жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартып, шәкірт тәрбиелеп отырмыз, – деді ол.
Бүгінде білікті бапкерлер мен білекті спортшылар ордасында мыңға жуық адам спорттың 23 түрі бойынша жаттығады. Олардың біреуі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 33-і халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 26-сы спорт шебері және 92-і спорт шеберлігіне үміткер. Сонымен қатар, 100-ден астам 1 разряд санатты спортшы бар. Облысымыздың намысын қорғап жүрген қайсар жандардың жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Атап айтсақ, 2011-2015 жылғы ҚР ІІІ-IV паралимпиялық ойындарында облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте күміс жүлдегер атанды. Ал 2013 және 2017 жылғы ҚР ІV-V спартакиадасында алтынмен апталды. 2019 жылғы V паралимпиялық ойындарында үздік үштікке енді. Ұлттық құрама сапында жүзден астам спортшы бар. Он жылда облыс спортшылары әртүрлі жарыстардан мыңнан аса медаль жеңіп алған.
Жиын барысында Ерлан Шәкіртұлы биыл Жапонияның астанасы Токио қаласында өтетін XVI жазғы паралимпиада ойындарына қызу дайындық жүріп жатқанын айтты.
Осыдан кейін Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, «Азия балалары» ойындарының жеңімпазы Захар Буймов спортқа қалай келгендігін, жеткен жетістігі мен алдағы жоспарларын баяндады.
Айдар ҚАЛИЕВ





