Дубай төрінде өткен әлемдік деңгейдегі «UAE SWAT Challenge – 2026» додасында Қазақстанның арнайы жасақтары тарихи нәтижеге қол жеткізді. Әлемдік додада 48 елден 109 команда бақ сынады.
Жалпыкомандалық есепте Kazakhstan «C» абсолютті чемпион атанды. Финалдық қорытынды бойынша 1-орынға Kazakhstan «C» 536 ұпай, 2-орынға Kazakhstan «A» 515 ұпай, 3-орынға China Police «C» 493 ұпаймен тұрақтады.
Турнирдің соңғы күні өткен Obstacle Course кезеңінде де Қазақстан құрамасы жоғары қарқын көрсетіп, Kazakhstan «B» кезең жеңімпазы атанды.
UAE SWAT Challenge – арнайы жасақтардың физикалық төзімділігі мен тактикалық дәлдігін қатар сынайтын жарыс. Мәселен, сайыс күндерінің бірінде Hostage Rescue Challenge кезеңінде мергендік, жедел шабуыл, нысаналарды қателіксіз орындау және «кепілді» қауіпсіз алып шығу сияқты көпсатылы тапсырмалар орындалған.
Осы айтулы жеңістің құрамында жерлесіміз Жәнібек Серікұлы бар. Ол Алакөл ауданы, Бескөл ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде офицерлік лауазымда абыроймен қызмет атқарады. Жәнібектің халықаралық аренадағы еңбегі туған өңірдің ғана емес, ел намысын көтерген тұтас қазақстандық жауынгерлердің бірлігін айқындайтын жарқын мысал.
Елге оралған жеңімпаздар еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ақордада арнайы бөлімше офицерлері мен әскери қызметшілерін ұлықтау рәсімі өтіп, Жәнібек Серікұлы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл жеңіс жеке спорттық не кәсіби табыс қана емес, тәртіп пен жүйелі дайындық, командалық үйлесім және елге адал қызметтің нақты нәтижесі. Алакөлдің жас сарбаздары мен спортқа, әскери іске қызығатын өрендер үшін Жәнібек Серікұлының жолы мақсатқа адалдықтың, еңбектің және намысты биік қоюдың үлгісі.
Рысалды ШАРАПИЕВА,
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





