Түркияның Анталья қаласында волейболдан өткен «Antalya Volleyball Friendship Cup U-16» халықаралық турнирінде Қазақстанның атынан барған жерлестеріміз алтын тұғырдан көрініп, көк туымызды желбіретті.
2025 жылғы «Auyl Sport» республикалық турнирінде үздік шыққан ақсулық спортшылар өздерінің мықтылықтарын әлемдік деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеді. Турнир барысында жерлестеріміз жоғары дайындық пен темірдей төзімділік көрсетіп, шешуші сәтте қарсыластарынан басым түсті.
Аталмыш жетістік тек спортшылардың ғана емес, бапкерлер құрамының сауатты стратегиясы мен танымдық тактикасының жемісі. Алаңдағы әрбір қимыл, әрбір ұпай үшін болған тартыс қыздардың қайсар мінезін паш етті. Команданың жеңіске деген құштарлығы халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасына ие болды.
Осы жүлденің бастауында Тимур Құлыбаевтың «Auyl Sport» жобасы тұр. Ал қаржылай қолдау көрсеткен – «Halyk» қайырымдылық қоры. Жансүгіров ауылы волейболшыларының жеңісі ауыл баласының кез келген биікті бағындыра алатынының айқын дәлелі. Бұл команда ауыл спортының деңгейін жаңа сапалық сатыға шығарып, жас спортшыларға үлкен үміт сыйлады.
Арайлым Абылғазы,
ЖУ студенті





