Лепсі ауылы аумағында өңірдің шаңғышылары арасында «Лепсі – 2026» облыстық жарысы өтті. Додаға Талдықорған, Текелі қалаларынан, сондай-ақ, Кербұлақ, Ескелді, Сарқан, Алакөл аудандары және ауданға қарасты ауылдық округтерден 9-63 жас аралығындағы спортшылар қатысты.
Оқушылар арасынан Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп- интернатының шаңғы бөліміне үміткерлерді іріктеу және өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуды мақсат еткен жарысқа қатысушылар ерлер, әйелдер, ұлдар және қыздар болып бөлініп, жас ерекшеліктеріне сәйкес сынға түсті. Жас шаңғышылар үш топта, ал ересектер алты жас санаты бойынша бақ сынады.
Ересектер арасындағы командалық есепте Кербұлақ ауданы 158 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Екінші орын 134 ұпаймен Алакөл ауданына, үшінші орын 96 ұпаймен Талдықорған қаласына бұйырды.
Эстафеталық сайыста ерлер арасында Талдықорған қаласының құрамасы жеңімпаз атанса, II орынды Алакөл ауданы, III орынды Кербұлақ ауданы иеленді. Әйелдер арасында Алакөл ауданы көш бастап, Кербұлақ ауданы II, Талдықорған қаласы III орынға тұрақтады.
Жеңімпаздар диплом, медаль және кубоктармен марапатталды. Команда жетекшілеріне арнайы сыйлық табысталып, Лепсі ауылының бал өнімдері тарту етілді. Жарыс барысында қатысушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылып, ұлттық қонақжайлықтың үлгісі көрсетілді.
Осылайша, «Лепсі – 2026» облыстық жарысы Жетісу өңірінде қысқы спортты насихаттауға серпін беріп, жас таланттарды анықтауға мүмкіндік жасады.
Рысалды ШАРАПИЕВА
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





