Алакөл ауданынан келген Меңдібай Хусейнов мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
– Аудан ішінде сайыстар өтеді, бірақ облыстық деңгейде алғаш ойнап тұрмын. Мұнда кілең ұшқыр ойлы, тәжірибелі ойыншылар жиналыпты, – дейді.
Текелі қаласының намысын қорғаған Сейітхан Ыдырыш жыл сайын өтетін бұл турнирдің тұрақты қатысушысы. Екі рет жеңіс тұғырынан көрінген ардагер биыл да жоғары нәтижеге үмітті екенін жеткізді. Көксу ауданынан келген Құсайын Күренов болса, тоғызқұмалақты 1984 жылдан бері серік еткенін айтып, ұлттық ойынның өз өміріндегі орнына тоқталды. Ол осыдан екі жыл бұрын облыс атынан республикалық чемпионатта Орал қаласында өнер көрсеткен.
Тартысты жарыстың қорытындысында үздік ойыншылар лайықты бағасын алды. Турнир ұйымдастырушысы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жеңімпаздарды арнайы кубоктармен және медальдармен марапаттады.
Дойбы додасының шешуші сәтінде талдықорғандық, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым қарсыластарынан оза шауып I орынды қанжығалады. Ал дәл осы қала атынан сынға түскен Дәуренбек Уанов II орынды иеленді. Үштікті Кербұлақ ауданынан келген Еркінбек Тергемес түйіндеді.
Тоғызқұмалақта тартыс тіпті шиеленісті өтті. Ұлттық ойында Талдықорған қаласының ойыншысы Қайша Рысалова қарсылас шақ келтірмей I орынды қанжығасына байлады. Ескелді ауданынан келген Манас Татубаев II орынға тұрақтаса, Ақсу ауданының ардагері Сайлау Сейсенбаев III орынға табан тіреді.
Ал бильярд бәсекесінде талдықорғандық Табыс Жолаев қарсыластарына дес бермеді. Қаратал ауданынан келген Ли Евгений II орыннан қол бұлғаса, талдықорғандық Геннадий Чарцев және Көксу ауданының ойыншысы Нұрбосын Райымбеков қолаға қол созды.
Осылайша, ардагерлер арасындағы дәстүрлі дода ақсақалдардың шеберлігін паш етіп қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге болатыны ақиқат.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ






