Халқының ықыласына бөленген Батыры, әйгілі спортшы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыз дүниеден озды деген хабарды естіп қатты күйзелдім. Ол Жетісудың ғана емес, барша қазақтың Жақсылығы еді, аты аңызға айналған саңлағы, ірісі еді…
Кездескен сайын «Жақсылық болсын, амандық болсын» деп бір-біріміздің арқамыздан қағысып, арқа-жарқа болып қалушы едік. Қашан көрсең жүзі жайдары, көзі күлімсіреп, жан-жағына мейіріммен қарайтын. Рухы қандай мықты болса, жүрегі сондай жұмсақ еді.
Біз ниеттес, пікірлес едік. Көрген жерде әңгімесі елдің, жердің жағдайы, шаруашылықтардың аяқ алысы, жастарды спортқа баулу жайында болатын.
Өмірінің соңына дейін ауылшаруашылығында шаршамай, талмай еңбек етті, облыстың аграрлық саласының өркендеуіне үлес қосты. Ауылдардың әл-ауқатын көтеруге, инфрақұрылымын дамытуға атсалысты. Ол өзінің қажетін өтеу үшін емес, артындағыларға үлгі болу үшін, еңбегінің жемісін елі көрсе екен деп тыным таппады. Өзінің туған ел, өскен ортасына қолынан келгенше көмектесті, көптің рахметіне бөленді.
Сіз біздің мәңгі жадымыздасыз! Жаныңыз жаннатта, топырағыңыз торқа болсын, жақсы аға, қазақтың хас Батыры!
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов
Абыз ақсақалымыз
Жақсылық ағаны өлді деуге келмейді. Жақсы адамның ғұмыры жаспен емес, мағыналы іспен өлшенеді деп ойлаймын.
Осы айтқанымдай, Жақсылық ағамыз отыз жасында орда бұзып, қырқында қамал алған хас батыр. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем, Еуропа жеңімпазы.
Бір спортшының мынадай жетістікке жетуі оңай емес, ол – үлкен маңдай тердің өтеуі. Қанша жыл тер төгіп, бар ғұмырын күреске арнап, осындай жетістікке қол жеткізе алмай кеткен балуандарымыз қаншама? Ал Жақсылық аға, өзінің таланты мен табандылығының арқасында, қаншама қиындықты бастан өткере отырып, осы белестерді бағындырды.
Жақсылық Үшкемпіров қазақ спортының абыз ақсақалы, символы еді. Әрбір спорттық мерекенің шырайын кіргізіп, ақ батасын арнайтын.
Әлі есімде, Бейжің Олимпиадасы кезінде де жанымызда болды. Өзінің ақылын айтып, сабырлы болуға шақырды, қобалжуымызды басып, психологиялық тұрғыда дайындады. Сөйте тұрып ұлттық намысымызды жаныды. Сол кезде ағамыздың жанарынан жас тамшылап: «Біз қалай да қазаққа алтын сыйлауымыз керек, менің ізбасарым міндетті түрде қазақ бала- сынан шығуы тиіс», – деп, жүрегі жарылардай сөйлейтін.
Маған ерекше көңілі ауды. «Нұрбақыт, сен қорықпа, жеңесің. Сенің бойыңда талант бар, менің ізбасарым сен боласың», – деп арқамнан қаққаны әлі есімде. Өкінішке қарай, алтын қолыма түспеді. Есесіне қоланы уысыма қысып тұрып «Ағамның бетіне қалай қараймын?» деп қатты ұялдым. Сол кезде жүзінен нұр шашып, қуанышын жасыра алмаған Жақсылық ағам келіп, құшағына қысты. «Жарайсың!» деп маңдайымнан иіскеп, құттықтауын тоқтатар емес. «Нұрбақыт, сен қола алдым деп қапаланба, сенің күресің алтынмен пара-пар, мен үшін сен чемпионсың!», – деп мерейімді асырып тастады. Қайран Жақсылық ағам-ай, әрқайсымыздың жан дүниемізді, кімді қалай қуантып, қалай сабырға түсіретінін біледі ғой.
Мұндай қасиет ағамыздың бойында ерекше еді. Қазақ «бір жапырақ» деп жатады. Ал құшағына қысқанда алыптың құшағына кіргендей боласың. Өйткені, ол кісінің жүрегі кең, көңілі даладай, бар болмысы қазаққа тән қасиетке толы болатын. Осынау ақжарқын мінезімен халқының қалаулысына айналды.
Бір ғана чемпиондықпен халықтың қошеметіне ұзақ жыл немесе мәңгілік бөлену мүмкін емес. Ал Жақсылық ағамыз бар болмысымен ел есінде мәңгі жатталып қалды.
Нұрбақыт Теңізбаев,
Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы
Алғашқы медальді таққан ағам
Қазақ спорты ауыр қазаға ұшырады. Біз үлкен бәйтерегімізден айырылып, қабырғамыз қайысып отыр. Олай дейтінім, Жақсылық Үшкемпіровтей жүз жылда бір туатын тұлға өмірден өтті.
Бүкіл елдің осыншама ықыласына бөлену оңай емес. Халыққа бұлайша жақын болу үшін сенің бар табиғатың қазақ болу керек. Ал Жақсылық ағам басынан бақайына дейін қарапайым қазақ болып туған азамат еді.
Спорттық жетістігін былай қойғанда Жақсылық аға басқа да үлкен істерді атқарды. Ауылшаруашылығымен, әлеуметтік мәселелермен айналысып, өңір экономикасын дамытуға үлкен үлес қосты.
Ол кісінің жомарттығында шек жоқ еді ғой. Ауыл тұрғындарының ғана емес, спортшылардың да нағыз жанашыры болатын. Моральдық тұрғыда сөзбен қайраса, материалдық тұрғыдан өзінше демеушілік жасайтын.
Жақсылық ағамның мына бір жақсылығы ойымнан кетпейді. Сексенінші жылдың аяқ кезінде Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына қабылданған кезім. Жаттығуымызды жасап, алдағы жарысқа дайындалдық. Сол кезде бүкілодақтық турнир өтті. Аты айтып тұрғандай, одақтас елдердің барлық мықтылары жиналды.
Сол додада мен екінші орын алдым. Жеңіс тұғырына көтерілгенде мені Жақсылық Үшкемпіров марапаттады. Мойныма медаль тағып, қолыма қолтаңбасы қойылған кітапты сыйлады. Мен бұл марапаттауды ырымға балап, Жақсылық ағаның қолынан жүлде алғаныма қатты қуандым.
Сол ағамыздың ақ батасының шапағаты ма екен, мен ауылдан Олимпиадаға дейінгі жолды жүріп өттім. Атлантадан қола алдым.
Жақсылық ағам өмірден қайтқанда сол бір кездер көз алдымнан кинолента секілді тізбектеліп өтті. Одан кейін де ағамыздың шарапаты көп тиді. Ағалық ақылы мен мейірімін көп көрдім.
Енді мұндай талант қазақ спортында туа ма, тумай ма, ол бір Аллаға аян. Ал ағамыздың жаны жаннатта болып, рухы пейіште шалқысын дейміз.
Маулен Мамыров,
Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері





