УЕФА Чемпиондар лигасын 1-ші іріктеу кезеңнен бастаған «Қайрат» футбол клубы «Сутьеска» (Черногория) командасын екі ойында жеңіп, келесі айналымға өтті. Алматыда өткен матчта 2:1 есебімен жеңісе, Никшич қаласындағы «Край Бистрице» алаңында 2:0 нәтижесімен ұтты. «Қайраттың» 2-ші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы – «Омония» (Кипр). Бұл жөнінде 7-su.kz ақпараттық порталы жазады.
Кездесудің алғашқы бөлігінде есеп ашылмады. Ал екінші таймның 68-ші минутында «Сутьеска» қақпашысы Владан Гильсеннің қателігін пайдаланып кеткен 18 жастағы Исмаил Бекболат гол салды. Өткен ойында Исмаил қосалқы құрамнан шығып, екі нәтижелі пас беріп, ойынды құбылтып жіберген еді. Алматылықтар жас ойыншының голынан кейін шабуылды үдетті.
Кезекті шабуылдың бірінде «Сутьеска» ойыншысы Андрия Разнатович айып алаңның ішінде Марк Гуальды шалып жығып, екінші ескерту қағазын алып, алаңнан кетті. Пенальтиді 80-ші минутта орындаған Жоржиньо қателескен жоқ. Есеп – 2:0. Ойын аяқталар тұста ойынға қосылған тың ойыншы Азамат Тұяқбаев айып алаң ішінде қарсыласына дөрекі ойынағандай көрінгенімен, төреші VAR арқылы қарап, тәртіп бұзылмағанын айтты.
«Қайрат» футбол клубы 1-ші кезеңге қатысқаны үшін 175 мың еуро (94,1 миллион теңге) қаржы алды. Дәл осы соманы қазақстандық клубқа 2-ші кезеңге қатысатыны үшін де береді. Дәл қазір Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінен алған ақшасы – 350 мың еуро (188,2 миллион теңге).
Енді 2-ші іріктеу кезеңін «Қайрат» 21-ші шілдеде сырт алаңда «Омонияға» қарсы өткізеді. Ал Алматыдағы ойын 28-ші шілдеге жоспарланған.
Оқи отырыңыз: ISMA. Қайрат. Талант





