Алматы облысы әкімдігіНІҢ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен рухани жаңғыру аясында Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған ерлер және әйелдер арасында еркін күрестен республикалық турнирдің жалауы желбіреді.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз сөйлеп, рухани жаңғыру аясына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, рухани жаңғыру осындай тұлғаларды ұлықтаудан басталатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жетісу өлкесінің талантты балуандарының жарқын жетістіктерін айтып, бәсекеге келген балуандарға чемпиондарымыздың жолын тіледі.
Мұнан кейін сап түзеген спортшылар алдында Зылиха апамыздың ұлы Қанат және Зылиха Жанболатқызымен бірге қызмет істеген замандастары өздерінің естеліктерін айтып, бүгінгі жарысқа ақ батасын берді. Дода осымен жетінші мәрте жалауын желбіретіп отыр. Бәсекеге республиканың барлық аймағынан және қырғыз елінен де команда келді. Осыдан алты жыл бұрын кішкене ғана турнир болып өткен бәсеке бүгінгі күні ауқымын кеңейтіп, оған қатысушылардың да қатары көбейіп келеді. Байрақты бәсекенің дәрежесі де жоғары. Жеңіске жеткен балуандар спорт шеберлігін орындайды. Айта кетейік, айтулы додада еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәурен Жұмағазиев, әйелдер арасында аты алысқа кеткен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Гүлмарал Еркебаева күрескен болатын. Сондай атағынан ат үркетін білікті балуандар белдескен турнирдің дәрежесі жоғары деп айтуға негіз бар. Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, турнирдің осындай деңгейге жетуіне қол созған азаматтың бірі, білікті бапкер Аман Бұғыбаевті ерекше атап өтуге болады. Жастайынан талай мықтының тізесін дірілдеткен шебер балуан, жас балуандар даярлауда және олардың шыңдалып шығуы жолында тер төгіп жүр. Расында да Аман ағамыздың ағасы аты аңызға айналған Аманжол Бұғыбаев та талай бәсекенің өтуіне қолғабыс болған азамат. Оның тәрбиелеген шәкірттері талай рет байрақты бәсекеде орын алып, ел намысын қорғаған. Соның бірі Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Маулен Мамыров. Бүгінгі бәсекеде жетісулық талантты спортшы Маулен Мамыров құрметті қонақтардың ортасында отырып, жас балуандарға бағасын берді. Сонымен жарыс басталып кетті. Бозкілемге шыққан балуандардың осалы жоқ. Жарыстың толық мәліметін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.





