Допты дөп тепкенде өнер. Дүбірлі додаларда елдің есінде қалатындай ойын көрсетіп, команданың жеңіс тұғырынан көрінбегі үлкен мақтаныш. Одан кейін Пеле, Марадонна, Роналду, Мессилердей ойыншылар қазақтың қарадомалақ балаларының арасынан шықса ғой деген аға буынның ақ тілегі әлі айтылып келе жатыр. Ол тілек те қабыл болар бір күні.
Сарыөзектің сары топырағына аунап өсіп келе жатқан қаракөз сары балалардың доп тебісі көрген көзді сүйіндіреді. Алаңның орта шенінен шірене тартып, допты доғаша иіп қарсыластарының қақпасына дөп түсіріп жатқандары таң қалдырып, езуіңе еріксіз жымиыс әкеледі. Ойыншының қақпашы қорғаған қақпадан саңылау табуға әрекеттенгені жанкүйерлер үшін бір ғанибет көрініс. Мұндағы аяғына тиген ала допты қақпақыл қылып ойнататын бала спортшының бойындағы таланты назарды өзіне аударып алды.
Ернар Төлендінің 7 жасынан бастап футболға деген қызығушылығы оянып, аладопқа айрықша ықыласы ауған. Бұл күні осы спорт түрін жанына серік етіп, жаттықтырушылары берген нұсқаумен күнделікті тәжрибе арттырып келеді. Тәулігіне бірнеше рет жаттығу жасап, қарсыласын алдаудың түрлі тәсілдерін меңгеруде.
– Мен қазіргі уақытта Кербұлақ ауданындағы Күреңбел қазақ орта мектебінде білім алудамын. Ауданның атынан бірнеше рет үлкен жарыстарға қатыстым. Жүлделі орындардан да көріндік. Талдықорғандағы «Болашақ» командасында да өнер көрсетем. Көбіне сол командаммен жаттығу жасаймын. Осы уақытқа дейін біздің команда облыстық, республикалық жарыстарда сан мәрте топ жарды. Жеңіске жету бізге үлкен шабыт сыйлайды. Маған футбол өте қатты ұнайды. Осы спортты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді ол.
Ернар сынды жас аяқдопшылар Қазақ елінің атын әлем аспанына шығаратынына кәміл сенеміз. Бұған сізде иланыңыз құрметті оқырман!
Медет Жұмабай





