Дала төсін дүбірге бөлеп, жұмыр жердегі түркілердің рухын асқақтататын Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 6-шы рет Қырғызстанның Ыстықкөл аймағында өтті. Қазақстан құрамасы айтулы сынға 155 спортшы жіберіп, жалпы 74 медаль (32 алтын, 20 күміс, 22 қола) жеңіп, командалық есепте 1-орын алды. Алатаудың ар жағындағы аламанға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Келесі ойын 2028 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында болады.
ЖЕҢІСТІ ЖОЛ
Жарыстың алғашқы күнінен-ақ қазақ спортшылары алтын алып, ел мерейін өсіріп жатты. Бірінші күні аударыспақтан сынға түскен 63 келідегі Нұрталап Керім, 70 келідегі Сайлау Мұхаммеджаннан басталған жеңісті жол – жарыстың соңғы күнінде өткен зияткерлік спорт түрлерінде жалғасты. Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 4 алтын және 2 күміс медаль алды. Мангала жарысында да ел спортшылары сәтті өнер көрсетті. Қазақстан құрамасының мүшелері 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді. Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны – овариден де қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалмады.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табысты өнер көрсеткен құрама мүшелерін құттықтады. Президент осы жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты.
Көшпенділер ойыны – нағыз батырлықтың үлгісін айқындап, ептілік пен ақылдың, күш пен жігердің тоғысқан тұсын көрсеткендей. Көкпардан Қазақстан құрамасы финалда алаң иелерінен жеңілді. Атпен соғып, таптап, жылқы тұяғы денесіне тисе де тайсалмаған команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек артынша салым салып, жанкештілік байқатты. Төрешілердің шешімімен бір мезетте екі ойыншымыз алаңнан 2 минутқа кеткенде қырғыз көкпаршылары есепті мейлінше ұлғайтты. Кездесуден кейін талып тұрып, медицина қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан қайта атқа мініп, салым салған Құрманбек Тұрғанбек:
– Астындағы аты тоқтамады ма, қырғыз бауырларымыз атымен қағып кетті. Ойын ғой енді, болады. Ол жерде құладым деп сынып қалуға болмайды. Өйткені алаңға шығатын кезде: «Бұл жерде не өнеріміз бар, бәрін саламыз» деп келгенбіз. Солай жігіттер жігерленіп, ары қарай тоқтап қалмау үшін алаңға қайта оралдым. Медицина қызметкерлері тексеріп, «болмайды» деп алаңнан алып кетпекші болды. Оған алаңда қалатынымызды айттық. Аллаға шүкір, денсаулық жақсы. Елге барғаннан кейін қайта қараламыз. Көкпар ғой, болып тұрады ондай, – деді.
Жеңіс тұғырында Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатқан спортшыларымызды елде аса құрметпен қарсы алды. Ат марафонында 300 шақырымды 4 күн ішінде бағындырып, Қырғызстан (2-орын) командасынан 2 сағат бұрын жеткен Қазақстанның «Жолбарыс» командасындағы Ернар Ержан, Жарас Төлебай, Жақсылық Ыдырыс, Қанат Реимбай, Ахмет Есенді, одан бөлек бәйгеде көзге түскен Санжар Өмекей (құнан бәйге, 12 000) сынды жеңімпазды жетісулықтар сән-салтанатпен, шашу шашып, ән айтып күтіп алды.
– Дала жарысы 300 шақырымдық қой. Бірақ сайысқа түскен жердің кеңдігі – 300 шақырымдық емес, 500 шақырыммен тең десе болады. Себебі біз жүріп өткен жолда өрге айтарлықтай еңбектеп шығатын жерлер болды, – деді ат марафонынан Қазақстан құрамасының жетекшісі Рүстем Досжанов.
Ал аламан бәйгеде (25 шақырым) қазақстандық үш тұлпар мәре сызығын қатар кесіп, барлық жүлделі орындарды қанжығаға байлаған сәтте төбеміз көкке жетті. Алғаш болып мәреден «Айман» тұлпарымен Нұрасыл Бекбатыр өтсе, одан кейін «Көксерекпен» Асылжан Төлеген, «Қарағашпен» Ерсұлтан Жарқын өтті. Тағы бір жұрт назарын аударған жеңіс – осыдан екі жыл бұрын ғана садақ атуды үйренген, 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім 51 жастағы Аяш Қабдолланның топ жарғандығы. Оның жолдасы Бақытбек Қабдолла – Қазақстан чемпионы, ал келіні Ажар Төлеухан – ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Енді бұл отбасында тағы бір чемпион бар!
ДАУДЫҢ БАСЫ…
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталған соң жарыстың жалпыкомандалық есебіне қатысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас пен түсініспеушілік орын алды. Ойындар бітісімен қазақстандық ақпарат көздері мен пабликтер жариялаған ресми есепте Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс, 22 қола медальмен көш бастап, ал Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс, 19 қола медальмен екінші орында тұрғаны көрсетілді. Алайда артынша ұйымдастырушылар өздерінің ресми Instagram парақшасында және баспасөз мәслихатында мүлде басқа кестені жариялады. Ұйымдастыру комитетінің нұсқасы бойынша Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс, 13 қоламен бірінші, ал Қазақстан 29 алтын, 16 күміс, 19 қоламен екінші орында деп көрсетілді. Екі түрлі кесте тарап, қазақ-қырғыз жанкүйерлері желіде дауласа бастаған тұста Қазақстанның Спорт және туризм министрлігі ел құрамасының еншісінде 32 алтын медаль бар екенін және жалпы есепте бірінші орын алғанын ресми түрде мәлімдеді. Кейін қазақстандық журналистер жарыстың соңғы күні, яғни 6 қыркүйекте Қазақстан спортшылары тоғызқұмалақтан жеңіп алған екі алтын мен мангаладан иеленген бір алтын ұйымдастырушылардың жалпы есебіне қосылмай қалғанын анықтап көрсетті. Желіде сын көбейіп, ұйымдастыру комитетіне сұрақтар туындаған тұста көшпенділер ойынының ресми Instagram парақшасындағы даулы кесте өшіріліп, жоғалып кетті. Ал Қырғызстан дене шынықтыру және спорт агенттігі ресми парақшаларында «Дүниежүзілік көшпенділер ойынының концепциясына сай елдердің жеңіп алған медальдары бойынша жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді» деп мәлімдеді. Дегенмен жарыс ұйымдастырушылары жалпыкомандалық есепті ойын бастала сала өздері жүргізіп келген еді. Нәтижесінде бұл олқылық спорттық әділдік пен ресми статистиканы жүргізуде бірыңғай стандарттың жоқтығын көрсетіп, екі елдің жанкүйерлері арасында түсініспеушілік тудырды.
Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел экономикасына 100-120 миллион доллар көлемінде табыс әкеледі деп күтілуде. Мемлекеттік туризм агенттігінің директоры Эдуард Кубатовтың мәліметінше, ауқымды халықаралық жарыс кезінде елге шамамен 200 мың шетелдік қонақ пен турист келді. «Бішкек Арена» стадионында өткен салтанатты ашылу рәсімінің көрсетілімі тек алғашқы түннің өзінде 200 миллионнан астам қаралым жинаған. Ведомство мамандарының бағалауы бойынша түрлі цифрлық платформалардағы бұл дүбірлі дода туралы материалдардың жалпы көрсеткіші 1 миллиардтан асуы мүмкін.
Ал елімізде ұлттық спортты қолдау одан әрі жалғаса береді. Келесі көшпенділер ойынында жақсы нәтиже көрсету үшін алғышарт жасалды. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов:
– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, ең бастысы – жігерді жасытпай, алдағы халықаралық жарыстар мен басқа да ірі додаларға дайындықты жалғастыру. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 11 ұлттық спорт түрі жүйелі түрде дамып келеді. Ұлттық спорт түрлеріне мемлекеттік қолдау күшейтіліп, оларды дамыту мен спортшыларды даярлау мәселесінде олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде жағдай жасауға басымдық беріліп отыр, – деді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – спорттық бәсеке емес, бұл бабалар аманатын ардақтаған түркі әлемінің ұлы үні, ұлттық рухтың салтанаты. Уақыт көші зымырағанымен Ұлы даланың сарыны, ат тұяғының дүбірі мен жүректерді жалғаған бауырластық үні мәңгі жасайды.
Серік Қантай





