Еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері (1996 жыл), І дәрежелі «Айбын», «Құрмет» ордендерінің иегері, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының чемпионы, бүгінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп-интернат-колледінің директоры Мәулен Мамыров өзі бастап референдумға 40 жас спортшымен келіп, өз таңдауын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әр азамат белсенді болуы керек деп ойлаймын. Сол себепті біз де бүгін келіп, өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Ал өзіммен ере келген жастардың бұл азаматтық жауапкершілігі және ел болашағына қосқан үлесінің белгісі деп білемін, – деді Мәулен Мамыров.
Еске сала кетейік, Мәулен Мамыров биыл жылдың басында Талдықорғандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне директор болып тағайындалған болатын. Оның алдында 2007 жылдан бастап Алматы облысының, одан облыс бөлінгенде Жетісу облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры болан еді.





