Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 5 алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Финалдық кездесулерде қазақстандық боксшылар қарсыластарынан басым түсіп, ұлттық құраманың қоржынына алтын жүлделер салды.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай финалда Өзбекстан өкілі Асылбек Жалиловпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысында қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.
90 келіден жоғары салмақтағы финалда Айбек Оралбай Германия боксшысы Никита Путиловпен кездесті. Қазақстандық спортшы жекпе-жек бойы айқын басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының қоржынына тағы үш алтын медаль түскен болатын. Назым Қызайбай әйелдер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарса, Абылайхан Жүсіпов 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Сондай-ақ Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақ санатында алтын медаль жеңіп алды.
Әлем кубогында Қазақстан құрамасының тағы үш өкілі қола жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, Аида Әбікеева (65 келі), Валерия Аксенова (80 келі) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) үшінші орынға тұрақтады.
Осылайша Қазақстан құрамасы Қытайдағы әлем кубогын 5 алтын және 3 қола медальмен аяқтап, халықаралық додадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстандық боксшылардың бұл нәтижесі ұлттық құраманың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр.





