Жер жаннаты Жетісу жерінде ел абыройын асқақтатып жүрген спортшы қыздар жетерлік. Солардың бірі жуырда Өскеменде өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде топ жарып қана қоймай, 2000 метр кедергімен жүгіруден 12 жыл сақталған рекордты жаңартқан Ақбаян НҰРМАМЕТ.
Желмен жарысқан желаяқ қыз 2004 жылы Қытай Халық Республикасы, Мұңғұлкүре ауданы, Ақсу ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасында 6 бала. Ақбаян үшіншісі. Жүгіруден алдына жан салмайтын қыздың отбасы 2005 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылына көшіп келеді. Сол ауылда оқып білім алады. Бала күнінен спортты жанына серік етіп келе жатқан рекордшы қыз ауылдық мектепте оқып жүргеннен-ақ жеңіл атлетиканың жүйрігіне айналады. Өйткені оның әкесі Рауан Нұрмамет те жеңіл атлет болған.
Жарлауда өскен жас талдың боз шыбығындай бүр жарып, екпіндей өсіп келе жатқан жас чемпионның ерекше талантын аңғарған ауылдағы бапкері Медет Жазықбаев Ақбаянды Талдықорған қаласындағы Спорт интернат колледжіне оқуға түсіреді. Спорт мектебіне түскен алтын қыз жеңістің желкенін көтеру, облыс намысын түсірмеу үшін тынбай жаттығады. Соның арқасында алғашқы жарысында жеңімпаз атанады. Жүйелі жаттығу бастағанына аз уақыт болса да Ақбаян ауылдық, аудандық емес, ә дегеннен облыс біріншілігінде шашасына шаң жұқпай бірінші келеді. Жеңістен жігер алып, осы екпінмен атойлаған жеңіл атлет бұдан кейін де түрлі жарыстарда түрен салады. 8 дүркін ел біріншілігінде чемпион атанады. Бірнеше рет жүлдегер болады. Жуырда ғана 2000 метрді кедергімен (6 мин. 52 сек.) жүгіріп рекорд орнатты. Бұл талабы таудай желаяқтың тынбай жаттығу жасап еңбекпен келген жеңісі.
Ақбаянның алға қойған арманы көп. Жұмыр жер мойындайтын желаяқ қыз атану. Алдағы Азия чемпионатында Туымызды көкте желбірету. Бапкерлері Еркен Сепбосынов, Әсет Арыстанов, Мұрат Жүзгенбаевтар талантты қазақтың қара көзі әлі талай додаларда ел қоржынына жүлде салады деп сеніп отыр.
Болашақта ел намысын арқалап жүрген рекордшы қыздың жылдамдығына төрткүл дүние бас иеді деген сенімдеміз. Лайым солай болсын! Дүрмекті додада қоржынға жүлде салып жүрген спортшымыздың алдағы жарыстарына да сәттілік тілейміз.
Айдар ҚАЛИЕВ





