Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай Қарасай ауданы, Шамалған ауылында Қазақ күресінен облыстық «Жетісу бөрісі» турнирі өтті. Аталмыш додаға облысымыздың әр аудан, қаладан іріктеліп келген балуандар бақ сынады.
Он жеті аудан, үш қаладан тек үш ауданның балуандары жарыстан тыс қалды. Панфилов пен Райымбек аудандарының мықтылары салмақ өлшеу рәсімінде белгіленген салмаққа жетпегендіктен белдесуге жіберілмеді. Ал Қаратал ауданының балуандары айтулы додаға мүлдем келмеген.
Сонымен кіл мықтылар жиылған бәсекенің ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев пен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев сөз сөйлеп, бәсекенің шымылдығын түрді.
Сен тұр мен атайын деген балуандардың барлығы мықты. Ішінде тәжірибесі мол, талай доданың аламанында ысылған әккі балуандармен қатар, есімі елге жаңа таныс жас балуандар да болды. Бірінші айналымнан-ақ жарыстың шырайын кіргізген қазақ күресінің шеберлері Жетісу бөрісінің көрігін қыздырды. Тартысқа толы бәсекеде бабы келіскен балуандар қарсыластарын жолынан ығыстырып, жүлделі орынға қарай ұмтылды. Олардың арасында Балхаш ауданының мықтысы Руслан Әбдіразақов, Іле ауданның балуаны Ұлан Рысқұл, талдықорғандық Александр Касачев бар. Үш балуан бұған дейін де бірнеше мәрте аталған бәсекенің жүлдесіне қол созған оғландар. Бұл жолы да жүлдеден дәмелі. Шешуші сәтте «Жетісу бөрісі» бәсекесінің алтын тұғырына Балхаштың барысы Руслан Әбдіразақов орналасты. Ол финалдық бәсекеде талдықорғандық Сашаны ұтып кетті. Қола медальдің иегері жеңімпаз Руслан Әбдіразақовтың туған ағасы Ұлан Рысқұл атанды.
Жеңіске жеткен Руслан Әбдіразақов жеңіл автокөлікті тізгіндесе, екінші орын алған Александр Касачевқа бір млн. теңгенің сертификаты табысталды. Үздік үштікті құраған Ұлан бес жүз мың теңгеге қол жеткізді.
Бірінші және екінші орын алған Руслан мен Саша алдағы «Қазақстан барысы» турнирінде Жетісі жерінің намысын қорғайтын болады.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ




