Осыдан алты жыл бұрын спорттың осы түрі бойынша сүйінші сұраған едім. Жетісудың Санжар Мұсаев есімді баласы тұңғыш рет жастар арасында әлем чемпионатының күміс медалін алды. Тұңғыш рет қазақтан садақ тартқан бала әлемдік сында жүлде алды деген едік. Енді, міне, сол Санжар елінен тағы бір мәрте сүйінші сұратудың ретін келтіріп отыр.
Садақ атудан Шанхайда аяқталған әлем кубогының бірінші кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыста Олимпиада чемпиондары Оңтүстік Корея құрамасын жеңіп, алтын алды. Бұл – Қазақстанның садақ атуда әлем кубогында иеленген алғашқы медалі және ол алтын!
Аталған бәсекеге әлемнің ең үздік мергендері жиналған. Кіл мықтылардың арасында біздің де құралайды көзге атқан мергендеріміз бақ сынап, намысты қолдан бермеді.
Құрамында жетісулық Санжар Мұсаев, Денис Ганкин және Ойбек Саидиев бар Қазақстан құрамасы командалық жарыста жеңіске жетті. Ең алғашқы бәсеке АҚШ құрамасымен өтті. Қазақстандық команда 3:5 есебімен басым түсті. Ресей мен жапон садақшылары 4:5 есебімен біздің жігіттерге есе жіберді. Финалда тартысты өткен бәсекеде Оңтүстік Корея спортшыларын 11:12 есебімен ұтып, алғашқы әлем кубогының жеңімпазы атандық. Бұл тарихи жеңіс және алтын!
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ





