Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында Алакөл ауданының әкімі Ә. Жақанбаевтың бастамасымен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бірнеше спорт алаңдары салынып, халық игілігіне берілуде. Жақында Көлбай ауылдық округінде осындай алаңның бірі ашылды.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А. Нұрмұхамбетов игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдіріп, жастарды білімді, білікті, тәртіпті, талапты болуға шақырды. Келесі кезекте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Сүлейменов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Садиев пен Көлбай ауылдық округінің әкімі Е. Шакеров жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.
Артынша спорт алаңының ашылу құрметіне орай волейболдан облыстық турнир жалауын желбіретіп, 14 құрама бап пен бақ таласына түсті. Ала доптың жанын, ағаш еденнің шаңын шығарған командалардың барлығы да бас жүлдеден дәмелі екендіктерін бірінші минуттан-ақ көрсетті. Ширақ, шымыр, епті әрі екпінді дүлдүлдер жеңіс тұғырына көтерілуге бар ерік-жігерлерін жұмылдырды.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Кербұлақ ауданының спортшылары бірінші орынға көтерілсе, Көлбай ауылдық округі мен Талдықорған қаласының құрамалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Жарыс жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық, дипломдар мен дәрежесіне қарай медальдар табысталды.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.
Алакөл ауданы.





