Милан Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан алтын алған қазақстандық Михаил Шайдоров жөнінде әлемдік БАҚ ерекше жазып, экраннан қайта-қайта көрсетіп жатыр. Иә, негізгі бағдарламада басты қарсыластары құлап, ұпай жоғалтты. Алайда мұз үстіндегі Михайл Шайдоровтың ерлігі, оның жасаған элементтері жанкүйер назарында. Тоқталсақ.
Михаил Шайдоров – үш айналым аксель, ойлер, төрт айналым сальхов секірген тарихтағы ең алғашқы мәнерлеп сырғанаушы. Ол қысқа бағдарламада төрт айналым лутц және үш айналым тулуп каскадында сәл қателік жіберіп, кейін үш айналым аксель мен төрт айналым тулупты қатесіз секірген еді (92.94 ұпай, 5-орын). Негізгі бағдарламада төрт айналым лутцта ғана сәл қателік жібергені болмаса, қалған күрделі элементтердің бәрін таза орындады (техникасы үшін 114,68 ұпай берді). Негізгі бағдарламаның қорытындысы бойынша 198,64 ұпай алды. Осылайша жалпы қорытынды бойынша 291,58 ұпаймен (бұл мәнерлеп сырғанаушының жеке рекорды) жеңімпаз атанды. Одан кейін жүлдегер жапониялықтар Юма Кагиямамен (103,07+176,99 – 280,06 ұпай) Сюн Сато (88,70+186,20 – 274,90 ұпай) тұғырда тұрды.
Михаил Шайдоров 2004 жылдың 25 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгінде Алматыдағы спорт туризм академиясының студенті. Өзінің алғаш мәнерлеп сырғанауға келген кезін айтқанда: «Алматыдағы «Рамстор» сауда үйінде орналасқан мұз айдынында алғаш үйреніп, сол жерден бастадым. Бұл тізімде елімізге белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де бар. Еліміздегі алғашқы жабық кешенде орналасқан мұз айыдындардың бірі «Рамсторда» болды»,- дейді. Мәнерлеп сырғанауды таңдауына тіклей себепкер жан – әкесі Станислав Шайдоров. Ол мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы болғандықтан, ұлынан жанынан бір елі қалдырмаған. Ал Михаил 2010 жылы 6 жасында коньки теуіп, еркін қимылдауды үйренген. Шайдоровқа ерекше әсер еткен мәнерлеп сырғанаушылар – Денис Тенмен Юдзуру Ханю (Жапония). Денис елімізде мәнерлеп сырғануға ерекше сілкініс жасап, көп бүлдіршіннің кумиріне айналды. Ал Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы (Сочи 2014; Пхенчхан 2018), екі мәрте әлем чемпионатында топ жарған (Сайтама 2014; Хельсинки 2017) жапон Юдзуру Ханюдың әлемдік рекорд орнатқан сәті жадында айрықша жатталған.
Станислав Шайдоров 2017 жылы Михаилды танымал ресейлік маман Алексей Урмановтың (1994 жылы Лиллехамерде алтын алды) жаттығу алаңына алып барады. Сол жерде Михаил бірінші рет екі айналым акселді секіреді. Дәл осы талпыныс оны одан сайын қанаттандыра түсті. Сол кезде еліміздегі мұз айынның, жаттығатын жердің тапшы болуына байланысты Михаил Шайдоров 2018 жылы Сочи қаласына ауысып, Умаровтың қол астында жаттығуға келісім берді.
Михаилды ресейлік БАҚ үнемі «ресейлік спортшы» деп айтып, жарияға жар салып отырады. Оған Михаил нақты жауап қайырған. Ол өз сұхбаттарының бірінде: «Бұл маған көрсеткен құрметсіздіктері деп білемін. Алматыда дүниеге келдім, осында өмір сүріп жатырмын, жарыс арасында уақытым болса сүйікті қаламды аралаймын. Сондықтанда мен үшін бұл тақырып жабық, нүктесі қойылған»,-деді.
Шайдоров былтыр Бостонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында күміс медаль алды – 287,47 ұпай (қысқа бағдарлама 94,77 және негізгі бағдарламада 192,70 ұпай алды). Одан бөлек Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жетті. Енді Михаилдың жүлделер санатында Олимпиаданың алтыны бар.
Серік ҚАНТАЙ





