Наурыздың алғашқы күндері футболдан ел чемпионаты бастау алады. «Жетісу» командасы бұл сынға тас-түйін дайын.
Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізген «Жетісу» төрт ойынның біреуінде жеңіп, біреуінде тең түсіп, екеуінде жеңілді («Шинник» (Ресей) – 1:2, «Барс» (Қырғызстан) – 3:1, «Петрокуб» (Молдова) – 2:2, «Чайка» (Ресей) – 2:5).
Кезекті чемпионат алдында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев ойыншылармен жолығып, сәттілік тілеп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын, тек жақсы ойын көрсету қажеттігін айтты. Ал команданың бас бапкері Самат Сымақов болса ойыншыларды оқу-жаттығу жиынындағы нәтижесіне емес, чемпионаттағы көрсеткішіне көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
Талдықорғандықтар алғашқы ойынын Қостанайдағы «Тобыл аренада» 2 наурызда «Қызылжарға» (Солтүстік Қазақстан облысы) қарсы өткізеді. «Жетісу» да өз алаңындағы тиесілі матчтарды Талдықорғандағы Орталық алаң дайын болғанша Алматыда ойнайды. Жаттығуларын Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі Батыржан Оңғаров атындағы алаңда өткізе береді.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: kazfootball.kz





