Жаркент қаласында «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен арқан тартыстан ересектер арасында Жетісу облысының рейтингтік чемпионаты өтті. Дәстүрлі дода өңірдегі күш сынасатын спорт түрін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат етті. Жарысқа Жетісу облысындағы екі қала мен сегіз ауданның үздік командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Чемпионатта Алакөл ауданының ерлер және әйелдер құрама командалары аудан намысын абыроймен қорғап, тартысты бәсекеде әр команда қарсыластарынан басым түсу үшін бар күш-жігерін салды.
Ерлер құрамасы сапында Серикхан Чойбасов , Жандос Жарасов , Нұржан Тоқтасынов , Сұлубай Худабай, Азамат Құрманбай, Шалқар Советханов, Бақдаулет Ондабаев және Алмас Молдахметов өнер көрсетті. Команданың жаттықтырушысы – Жандос Тұрлыбаев.
Алакөлдік арқан тартыс шеберлері сайыстың алғашқы белдесулерінен-ақ қарсыластарына дес бермей, айқын басымдық танытты. Нәтижесінде ерлер командасы қатысқан он команданың барлығын 2:0 есебімен жеңіп, жарыстың сөзсіз фаворитіне айналды.
Жарыс қорытындысы бойынша Алакөл ауданының ерлер құрамасы I орынды иеленіп, әйелдер командасы III орынға тұрақтады. Осылайша Алакөл ауданы жалпыкомандалық есепте І орынға көтеріліп, облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанды.
Тағы бір қуанышты жаңалық – жеңімпаз атанған ерлер командасы алдағы сәуір айында өтетін Қазақстан Республикасының арқан тартыс чемпионатына жолдама алды. Бұл – алакөлдік спортшылар үшін ел біріншілігінде облыс намысын қорғауға берілген үлкен мүмкіндік.
Жаркент төрінде өткен жарыс арқан тартыс спортының өңірде қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал алакөлдік спортшылардың жарқын жеңісі – табанды жаттығудың, командалық рух пен бірліктің нәтижесі. Ендігі мақсат – республикалық деңгейдегі додада да осы қарқынды жалғастырып, Жетісу өңірінің абыройын асқақтату.





