Жер жаннаты Жетісу жері талай тарланбоз спортшыны баптаған мекен. Мұнда жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар, шойын жұдырықты боксшылар мен зілтемір көтерген толағайлар жетерлік. Ел намысын арқалап жүрген спортшыларымыздың бірі Талдықорғандағы көгалдағы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Айдос Есіркепов.
Бала күнінен-ақ спортты жанына серік еткен Айдос 7 жасынан бастап көгалдағы және индор хоккеймен айналысады. Оны алғаш жаттығу залына ағасы ертіп барады. Хоккейшілерді көрген баланың спортқа қызығушылығы оянып, сол күннен бастап жаттығуға кіріседі. Өзі қатты құмартқан спорт оны күн өткен сайын шымырлаған тұңғиығына тартты. Жаттығудан қалмай, күн-түн демей қызу дайындалғанның арқасында Айдос биік белестерді бағындырды. Тынымсыз еңбек – жеңіске жетеледі. Амина Дүйсембекова мен Әсел Мұқашева баптаған шәкірт жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Бұл жетінші сыныптағы оқушы үшін үлкен жетістік. Бұйырса, Айдос Еркінұлының әлі талай жеңісіне қуанатын боламыз. Төрткүл дүниені таңғалдырып, дүбірлі додаларда жеңістің желкенін көтеретініне сеніміміз мол.
ЕРНҰР-ЯСИН





