Ертең Бразилияның Сан-Паулу қаласында волейболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты басталады. Бұл додада таңдаулы 8 команда әлемнің үздігін анықтайды. Азия чемпионы саналатын «Жетісу» командасы турнирдің «А» тобында өнер көрсетеді.
«Жетісу» волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов бұл жарыстың команда тарихындағы ерекше сәт екенін атап өтті.
«Жетісу» волейбол клубы өз тарихында тұңғыш рет клубтар арасындағы әлем чемпионатында ойнағалы жатыр. Бұл – біз үшін маңызды кезең. Ал қыздарымыз үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ», – деді ол.
Команда құрамында әлемдік деңгейдегі тәжірибелі ойыншылар мен жас дарындар бар. Олардың қатарында клубтар арасындағы әлем чемпионатына үшінші мәрте қатысқалы отырған (екеуі «Алтай» сапында) Кристина Аниконова, сондай-ақ бұл жарысқа екінші рет бапкер ретінде қатысып отырған Марко Грчиш бар. Сонымен қатар Ұлттық құраманың жас ойыншысы Перизат Нұрбергенова биыл өзінің екінші әлемдік додасына қатысады.
Команданың әлеуетін күшейтіп тұрған – халықаралық деңгейде ойнаған легионерлер: Украина құрамасының волейболшысы Дарья Шаргородская, жақында команда қатарына қосылған Қытай спортшысы Мяо Йвэнь және Ресей чемпионатында тәжірибе жинаған Мария Фролова.
«Жетісу» әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін Италияның «Савино Дель Бене» командасына қарсы өткізеді. 2012 жылы құрылған Скандиччи клубы соңғы он жылдықта Еуропаның және әлемнің ең мықты командаларының біріне айналды. Оның сапында Олимпиада мен әлем чемпиондарының бірі – Екатерина Антропова, сондай-ақ Катерина Бозетти, Майя Огненович және Эйвери Скиннер секілді танымал волейболшылар бар.
«Жетісу» матчтарының кестесі (Қазақстан уақыты):
10 желтоқсан | 01:00
«Жетісу» (Қазақстан) – «Савино Дель Бене» (Италия)
10 желтоқсан | 21:30
«Жетісу» (Қазақстан) – «Альянца Лима» (Перу)
12 желтоқсан | 04:30
«Жетісу» (Қазақстан) – «Озаску Сан-Кристован» (Бразилия)





