Талдықорғанның «Жетісу» футбол командасы өз алаңында солтүстіктің «Қызылжар» командасын қабылдады. Өткен жылы сәтсіз өнер көрсетіп, премьер-лига сапынан түсіп қалған «Жетісу» командасы бірінші лигада тамаша өнер көрсетті.
Д. Огайды бапкерлікке арнайы шақыртқан клуб басшылығының негізгі мақсаты премьер-лига сапына қайта оралу еді. Міне, сол мақсат жүзеге асты деуге болады.
Сонымен жексенбі күні жасыл алаңдағы футбол ойыны өте тартысты өтті. Екі команда да аянып қалмады. Жерлестеріміз ойынның алғашқы минутынан бастап шабуылға кірісті. Оң қапталдан бірнеше мәрте айып алаңына өткен жерлестеріміз «Қызылжар» қақпасын нысанаға алды. Өкінішке қарай, қақпашының осал тұсын таба алмады. Аслан Әділдің бірнеше пасын голға айналдыра алмаған Олег Хромцов жанкүйерлердің зығырданын қайнатты. Қонақтар да қарымта шабуыл ұйымдастырып отырды. Жалпы бірінші лиганың алғашқы турынан бастап жерлестеріміз жақсы өнер көрсетті. Жиырма бес ойын көрсеткен «Жетісу» командасы екі жеңіліс, екі тең ойын, қалған кездесулерінде жеңіс тойын тойлап, 59 ұпаймен көш бастап келді. Соңғы ойында солтүстіктің командасына есе жіберіп алса да, ұтылатын ештеңе жоқ еді. Чемпиондықты үш ойын бұрын алып қойған талдықорғандық футбол клубы соңғы ойында өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйламақшы. Турнир кестесінде 43 ұпаймен «Қызылжар» командасы келеді. Жеңіске жеткен күннің өзінде біздің команданы ұпай санымен басып оза алмайтыны анық. Сонымен алаңдағы ойынға қайта оралайық. Бірінші таймның жартысына дейін алаң иелері толассыз шабуыл жасады. Сол қапталдан Сабыржан Ибраевтің де өткір пастары өтіп, айып алаңындағы шабуылшыға жеткенімен қақпаның осал тұсын таба алмады. Осылай қауіпті сәттің бірінде Аслан Әділден пас алған Олег Хромцов қақпаның алыс бұрышын нысанаға алды. Қақырата тепкен добы қонақтар қақпасының торын бүлк еткізді. Есеп 1-0. Жерлестеріміз алға шықты. Ойынның бірінші бөлігіне дейін есепті ұстап тұрды. Он бес минут демалыстан кейін қонақтар қарқынмен шықты. Ойын барысында тың ойыншыларын шығарып, мейлінше таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ ол ойлары іске аспады. Біздің жігіттер жанкүйерлердің толассыз қолдауынан қарқын алып, шабуылды үдете түсті. Алаңға гол соққан Олегтің орнына Еркебұлан Мұсаевты шығарды. Ойын одан ары қыза түсті. Шабуыл өтіне өткен Еркебұлан үш мәрте қақпаға доп соғып, өкінішке қарай, дарыта алмады. Бірінде тіпті жеке дара шыққан еді. Бірақ қырағы төреші ойыннан тыс қалғанын байқап, жалаушасын көтерді. Екінші таймның аяқталуына он минут қалғанда 23-ші нөмірлі Асхат Балтабеков есепті еселеп, жерлестеріне қуаныш сыйлады. Осыдан кейін-ақ, қонақтардың сағы сынып кетті десе де болады. Ойын тізгінін толықтай өз қолына алған алаң иелері қонақтардың есепті қысқартуына жол бермеді. Осылайша 2-0 есебімен жеңіске жеткен «Жетісу» командасы бірінші лига сапында чемпион атанып, премьер-лига сапына қайта оралды.
Жеңіске жеткен жерлестеріміздің ойынын тамашалаған облыс әкімі Амандық Баталов алаңға шығып, футболшыларымызды құттықтады. Өңір басшысы барша жетісулық жанкүйерді жеңісімен құттықтап, клуб басшылығына алғыс білдірді. Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы өңірімізде футболды дамытуға бар күшімізді саламыз деді. Алдағы уақытта клуб бюджетін көбейтіп, орталық стадионды заман талабына сай етіп, қайта жаңғыртуды да қолға алатынын тілге тиек етті. Сөзінің соңында тағы да жеңісті күнмен құттықтап, келер жылы премьер-лига сапында да жүлделі орынға ілігуіне тілектестігін білдірді.
Мұнан кейін, ҚР футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов «Жетісу» командасын жеңісімен құттықтап, жоғары топқа оралуына сәттілік тіледі. Салтанатты шараның соңында облыс әкімі Амандық Баталов пен ҚР футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов бірқатар клуб қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, жеңіске жеткен «Жетісу» командасына алтын медаль мен жеңіс кубогын табыс етті. Осылайша оқ бойы озық шыққан талдықорғандық «Жетісу» командасы биылғы маусымды жеңіспен аяқтады. Келер жылы солтүстіктің «Қызылжар» командасымен бірге премьер-лига сапында өнер көрсетеді. Жеңісті күніміз көп болғай, премер-лигада кездескенше, «ЖЕТІСУ»!
Ришад ТҰРҒАНБАЙ.





