Заман өзгеріп, арада қаншама уақыт өтсе де есімдері ұмытылмайтын, жарқын жүздері санада жаңғырып тұра беретін дара тұлғалар болады. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, олардың ел өркендеуі жолында атқарған игілікті істері мен маңдай терін моншақтата жүріп істеген ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Қазақстандағы колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, Социалистік Еңбек Ері, еліміздің, оның ішінде өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өлке тарихында өзіндік өшпес ізін қалдырған Әбдіқадыр Дайыров сондай дара қайраткерлер қатарында.
Көптеген замандастары секілді Әбекең де тіршілігінде екі бірдей қоғамды, заманды көрді. Аумалы-төкпелі кезеңнің ауыртпалығын жан жүрегімен сезініп, қиыншылығына төзе білді. Алдағы уақытта қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақуатты заман туындайды деген берік сеніммен күн кешіп, сондай жарқын күнді ертерек орнату үшін күн-түн демей еңбек етті. Ол еңбегінің жемісін де жеді, жасыратын ештеңесі жоқ, сұрқай саясаттың салдарынан күтпеген кедергілерге ұшырап, бейнетін белуардан кешкен кездер де ұшырасты.
Өткен ғасырдың бас кезінде, нақтырақ айтсақ, 1905 жылдың ақпан айының басында қазіргі Кербұлақ ауданының аумағындағы Малайсары өңірінде дүниеге келген бала Әбдіқадыр әр нәрсені байқағыш аңғарымпаз, үйреткен жайтты қағып ала қойғыш қабілетті, ширақ болып өседі. Тұңғыш немере ретінде қазақы салтпен атасы Құдайбергенге тән болғандықтан көп ретте сол кісінің айтқандарын зердесіне құйып, өмірлік бағдар етіп ұстанады.
Осы жерде Әбекеңнің атасы жайында бірер сөз. Өз заманының парасатты тұлғаларының бірі, ғұлама молда болған бұл кісі жаз айларында айналадағы балалардың сауатын ашып тыным таппайды екен. Сондай балалардың қатарында немересіне де хат танытып, білгенін үйретеді. Замана ыңғайын аңғарып оны Іле бойында 1920 жылы ашылған 3 жылдық орыс-қазақ мектебінде оқытуға талпынады. Бірақ сол жылы жасөспірім Әбдіқадырдың анасы Мәлика қайтыс болып оқуға бара алмай қалады. Әйтсе де арада бір-екі жыл өткеннен кейін осынау ізгі ниет жүзеге асып, 17 жасында жаңағы мектептің табалдырығын аттайды.
Кеңес өкіметінің жаңа орнап, кадр тапшылығын тартудай-ақ тартып жатқан заманда кеңсе іс қағаздарын жүргізуші және бухгалтерлік есеп мамандарын даярлайтын бұл мектептің маңызын сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместей. Бір қызығы, жас Әбдіқадыр зеректігінің арқасында жаңағы қос мамандықты қатар меңгеріп, тиісті құжат алып шығады.
Дәл осы кезде мектеп түлектерінің өмірінде естен кетпес оқиға болады. Оқу орнына БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов келіп, түлектер алдында сөз сөйлейді. Балаларға заманның беталысын түсіндіріп, меңгерген мамандығының жаңа қоғамға ауадай қажет екенін қадап айтады. Шара соңында үздік үш оқушыны, олардың қатарында Әбдіқадыр да бар, жеке қабылдап, алдағы өмірлеріне тиісті бағыт-бағдар береді. Болашақ Социалистік Еңбек Ері Әбдіқадыр Дайыровтың ғибратты ғұмыры, өнегелі еңбек жолы осындай ақ батамен басталады.
Оқуын үздік тамамдап Малайсарыға сағынып оралған жас жігітті көңілді демалыс емес, қауырт шаруа, жауапты жұмыстар күтіп тұр еді. Істің реті солай болды ма, әлде өткен жолы жылы шырай танытқан Ораз Жандосов тапсырып қойды ма, кім біледі, мұны бірден аудан басшылығына шақыртады. Онда ай-шайға қаратпастан Малайсарыда 6-шы ауылдық кеңес құрылып жатқанын, Әбдіқадырдың соған хатшылыққа сайланғанын айтып, бірден жолға салады. Арада екі ай өтер-өтпестен төрағалыққа сайланып, білдей бір басшы болып шыға келеді. Құрамына сол кездегі Қосқұдық, Жоламан, Малайсары, Сарыөзек секілді шағын ауылдар кіретін ауылдық кеңестің тізгінін ұстау ол кезде шындығында айтарлықтай үлкен лауазым болатын.
Түрксіб құрылысы қызу жүріп жатқан кезде айналадағы ауылдық кеңестерге аталған құрылысты күш көліктермен, жұмысшылармен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жүк таситын атарба мен өгізарбалардың сайлы болу қажеттігі өз алдына, жұмысқа жіберілген азаматтарды да дұрыс таңдау талап етілді.
Бұл міндет сол кезде ойдағыдай орындалады. Содан кейін де Түрксіб теміржолының түйісу салтанатында басқа да озаттармен қатар Әбдіқадыр Дайыров пен біраз жыл осы теміржолда екпінді еңбек еткен Нұрмолда Алдабергенов аталарымыз бағалы сыйлықпен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сөз орайы келгенде ауылдары аралас, қойлары қоралас, бір жағынан жастары да қатарлас қос Еңбек Ері, Қазақстан ұжымшарларын алғаш ұйымдастырушылар қатарындағы Нұрмолда Алдабергенов пен Әбдіқадыр Дайыровтардың өмір, еңбек жолдарының қосылған қос өзен секілденіп көп ретте қатар өріліп отырғанын да айта кетейік. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен қос тұлғаның көп нәрсені кеңеспен шешіп, ағалы-інідей болып кеткенін көзі көргендер осы күнге дейін сүйінішпен айтады.
Көп нәрсені кеңес органдары шешіп отырған заманда Әбдіқадыр ата Шұбар, Мұқыры, Большевик ауылдық кеңестерін басқарып, 1940 жылдан бастап «Молотов» пен «Жаңалық», «Жетісу» ұжымшарларына басшылық жасайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде әскер қатарынан броньмен қалдырылып отырса, 1942 жылдан Армияға алынып, Беларусь майданының Смоленск бағытында болған қанды шайқастарға қатысады. Жеңіс күнін Кенигсберг қаласында қарсы алып, 1945 жылдың 6 қарашасында еліне аман-есен оралады.
Әр жылдары қол жеткізген қомақты көрсеткіштері үшін үш дүркін Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, әлденеше медальдармен марапатталған Әбдіқадыр Дайыровқа 1947 жылдың қорытындысы бойынша Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Білетіндер Еңбек Ері атағына екінші рет ұсынылып тұрғанда «домалақ арыздың» кесірінен осынау жоғары марапаттың Ленин орденімен ауыстырылғанын айтады.
Арыз демекші, қазақтың талай арыс азаматтарының жолын байлап, бірқатар жағдайда өмірлерінің үзілуіне де себепші болған бұл пәлекеттің атамызға әкелген жаманатының да көп екенін айтпай кетуге болмайды. Бұл жайында сөз болғанда сол жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы болған қайраткер Ұзақбай Құлымбетовке қатысты жайтты қозғамай тұра алмаймыз.
Әбдіқадыр ата Большевик ауылдық кеңесін басқарып тұрған тұста Ұзақбай Құлымбетов келіп, қант қызылшасын көптеп өсіру жөнінде жиын өткізіп, сөз сөйлейді. Басқосудан кейін ауылдық кеңес төрағасының үйінен дәм ауыз тиіп, қонақ болады.
Кейін, яғни 1937 жылдың 5 тамызында тұтқындалып, келесі жылы ату жазасына кесілгенде Құлымбетовтің кімдермен байланысы болған деген сұрақ туындайды. Осы мәселе бойынша ең алдымен ауданда басшылық қызмет атқарған Шеген Құдаманов тұтқындалып, он жылға сотталады. Келесі кезекте басшы азаматқа үйінен дәм ауыз тигізген оқиғасы көтеріліп, «Құлымбетовтің құйыршығы, оны құрметтеп қарсы алып, үйіне қондырған» деген айыппен Әбдіқадыр Дайыров қамалады. Бұл 1938 жылдың 22 шілдесі болатын.
Ол заманда тұтқынға алынған адамның оңайлықпен босатыла қоймайтыны белгілі. Әбекең де сол кеткеннен мол кетеді. Бір айдан кейін Үштөбеге іздеп барған әкесі Дайыр мен кішкене бауыры Жалғаспай оның өзге тұтқындармен бірге қоршау ішінде жүргенін көреді. Қоршаудың арық өтетін тұсындағы тесігін байқап қалған әкесі жеті жасар Жалғаспайдың ішіне қозы қарынға салынған жентті байлап, сол тесіктен кіргізіп жібереді. Бұдан соң тұтқындарды Алматы түрмесіне әкетіп, байланыс үзіледі.
Сейфуллин көшесіндегі түрмеде бірін бірі ауыстыра отырып тынымсыз сұраққа алған тергеушілердің қыспағына түскен Әбдіқадырдың босанып шығудан үміті үзіле бастайды. Содан кейін де болар, «Суға кеткен тал қармайдының» кебін келтіріп жөні түзу көрінген бір орыс тергеушіге: «Қай қағазыңа болсын қол қойып берейін, қанша жыл берсе де мейлі, бірақ ату жазасына кеспейтіндей амалын жасашы!» деген өтінішін айтады. Жаңағы тергеуші шынымен жөні түзу азамат па екен, әлде істің жағдайы солай болды ма, көп ұзамай өзінің 25 жыл айдауға кесілгені белгілі болады.
Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, Әбекең этаппен айдауға кетейін деп тұрғанда ғайыптың күшімен Мәскеуден келген тексерушінің назарына ілігіп, күтпеген жерден толықтай ақталып босап шығады. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деуге болатын, тіпті әйгілі «үштіктің» үкімін бұзуға да құдыреті жететін тексеруші: «Жапонияның тыңшысы емеспін. Ондай елдің қайда екенін де білмеймін, білмек тұрмақ картадан да көрсете алмаймын» деген сөзіне күліп жіберіп «Кінәсіз» деген шешімге тоқтайды. Соған орай киімі толықтай жаңартылып, қолына Үштөбеге жететіндей қаражат беріледі. Барған бойда ақталған қағазын көрсетіп «Қарасу» ұжымшарына (кейін «Молотов» болды, қазіргі Жетісу – Н. Ә.) төраға болып тағайындалады.
Осындай бір сынақ «Ауылдық кеңес аумағынан бір жылда 16 Герой шықты, олай болуы мүмкін емес, бұл жерде бір жалғандық бар…» деген әңгімеден туындап, сол мәселе бойынша Мәскеуден тексеру келген кезде басынан өтеді. Дегенмен «Аққа құдай жақ» дегендей, тексеру нәтижесінде барлық жайттың дұрыс көрсетілгені, көрсеткіштерде жалғандықтың жоқтығы тайға таңба басқандай дәлелденеді. Екі шаруашылықты басқарып отырған Нұрмолда Алдабергенов пен Әбдіқадыр Дайыровтың барлық мәліметті дұрыс көрсеткені нақтыланып, даулы әңгімеге нүкте қойылады.
Осы жерде бөліп айта кететін бір жайт – мәселенің дұрыс шешілуіне Дайыровтың сауаттылығының, нақты айтатын болсақ оның Орталық комитет пен Министрлер кеңесінің бірлесіп, шығарған «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін марапаттау туралы» қаулысын жете зерттегенінің, көрсеткіштерді дер кезінде қағаз жүзінде мөрлеп, бекітіп отырғанының да пайдасы тиеді. Бұл деректер өңдеуге өткізілген қант қызылшасы мен дақыл өсірілген алқап көлемінің, астық қабылдау кәсіпорындарындағы арпа-бидайдың мөлшерімен, мал санымен сәйкес шығып, қос басшының мерейін бұрынғыдан да арттыра түседі.
Көрсеткіш дегеннен шығады, 1947 жылы Дайыров басқарған «Жаңалық» ұжымшары егіс алқабының әр гектарынан 430 центнерден, ал 9 гектар жердің әр гектарынан 854 центнерден қант қызылшасын жинап, абырой биігінен көрінеді. Қазіргідей қуатты техника мен тыңайтқыш, гербицид дегендер жоқ заманда мұндай қомақты көрсеткішке екінің бірі қол жеткізе бермейтін еді. Бір жақсысы, төккен тер лайықты бағаланып, сол жылдың қорытындысы бойынша ұжымшар төрағасына Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Адамның өмірдегі жақсы істері замандастарының есінде көп ретте алған атақтарымен емес, ізгілікті істерімен, ауылдастарға, ағайынға жасаған қамқорлығымен қалмай ма? Бұл жағынан келсек те, аңыз адам жайында тек жақсы пікір айтуға болады. Ол кісіні білетіндер, бірге қызмет істеген қариялар Әбдіқадыр Дайыровтың қашанда ауылдастарының, жұмысшыларының тұрмыстық жағдайының жақсаруын ойластырып жүретінін, сол мақсатпен мәуелі бақ, бау-бақша, мал өсіріп, оның жемісін жегізгенін, жұмысын жауапкершілікпен атқарған озаттар еңбегі төлеуінің де толымды болуын қамтамасыз еткенін сүйсіне әңгімелейді.
Ең бастысы, Дайыров басқарған жылдары, заңның қаншама қатал болғанына қарамастан, бірде-бір жұмысшысы істі болмаған. Мұның өзі ұжымшар мүлкін, астығын жымқыру секілді оқиғалар болмады деген сөз емес, әрине. Ондай оқиғалар болып та тұрған. Тек басқарма төрағасы істі сотқа жеткізбей қазақы дәстүр бойынша тезге салып, екінші мәрте қайталамайтындай қалыпқа жеткізіп отырған. Оның аңыз адам ретінде ел есінде қалуының үлкен бір себебі де осындай адамгершілік асыл қасиеттерінде жатыр.
Әбекеңнің «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деген тұжырымды ұстанып өткені тірлігінде жақын араласқан адамдарынан-ақ айқын байқалады. Мәселен оның екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен үзеңгілес дос, жанашыр ағайын болғанын айтып өттік. Сол сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхаметжан Тынышпаев пен Ораз Жандосов, Әлімхан Ермеков, Мәсімхан Бейсебаев, Бәйкен Әшімовпен, ақын-жазушылар Ілияс Жансүгіров пен Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Сайын Мұратбеков, халық әртісі Серке Қожамқұлов пен әнші Күләш Байсейітова, композитор Ахмет Жұбановтармен достық қарым-қатынаста болды. Дінмұхамед Қонаевтың да сый-құрметіне ие болып, жиі жолығысып тұрған. Әбекеңнің туған күйеубаласы, бүгінде облыстық Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Қадыржан Жексенов ағамыз қайын атасына Әлімхан Ермековтің өмірінің соңғы жылдарына дейін телефон шалып тұрғанын еске алады.
Халық суретшісі Әбілхан Қастеев Дайыровтың бейнесін салып, шығармасына арқау етсе, сазгер Мұқан Төлебаев ән арнап өзгеше ілтипатын білдірген. Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітов болса өздерінің «Беу, қыздар-ай» пьесасында ұжымшар басшысының атын «Әбдіқадыр» деп еш өзгертпей келтіреді.
Иә, Жетісу ауылының – «Жетісу» шаруашылығының өсіп-өркендеуіне оны 19 жыл бойы үздіксіз табысты басқарған Әбдіқадыр Дайыров көп еңбек сіңірді. Бұл кезеңде ұжымшардың табысы 1 млн. 288 мың сомға жетіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай жақсарды, шаруасы шалқыған ауылға қоныстанушылар қатары көбейді. Уақыт өткен сайын гүлдене түсіп келе жатқан елді мекенге ұжымшардың өз қаражаты есебінен осы заманғы Мәдениет үйі мен мектеп ғимараты, жүздеген тұрғын үй салынды. Республикадағы таңдаулы ауылдар қатарындағы елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы шығарған «Культура и быт казахского колхозного аула» деген көлемді кітапқа арқау болды.
Өңір дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген ардагер 1969 жылдың сәуір айында 64 жасында өзі көп жыл бойы еңбек еткен Жетісу ауылынан зейнетке шығып, 1978 жылдың 1 наурызы күні дүниеден өтті. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасынан табылып, белсенді қалпынан танған жоқ.
Ардагер жайлы сөз еткенде оның әр шаруашылықтағы жұмысын мектеп салудан бастағанын, «Жетісу» ұжымшарында да осы әдетінен танбағанын айта кетейік. Өзі бастауыш мектеп ретінде іргетасын қалаған, кейіндері ұжымшар қаражаты есебінен салынған үш қабатты ғимаратқа орналасқан Жетісу орта мектебі осындай оқу ордаларының қатарында. Түлектерінен 1 академик пен 4 бірдей ғылым докторы, 48 ғылым кандидаты, өзге де белгілі азаматтар шыққан бұл оқу ордасының тарихы осылайша тым тереңге кетеді.
Бұл жердегі айтпағымыз – осынау іргелі оқу ордасына ел дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Әбдіқадыр Дайыровтың есімі берілсе деген ұсыныс. Ардагер атамыздың ғибратты ғұмыры мен ерен еңбегі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізуге де сұранып тұрғандай. Осынау орынды ұсынысымыз жерде қалмас, оны Еңбек Ерінің есімін қастерлейтін қалың көпшілік те қолдар деп үміттенеміз.
Сөз соңын жерлес ақынымыз Қыдыр Байдүйсеновтің Әбдіқадыр атамызға арналған «Нәубеттен аман қалған ардағымсың» атты толғауының мына бір шумақтарымен түйіндегіміз келеді:
Бір сәтін өмірінің қайырып кең,
Жыр жаздым ақиқатын айырып мен.
Ауылдан шыққан алып, аңыз адам,
Мақтанам Әбдіқадыр Дайыровпен.
Арнадым жыр-толғауын жерлесіме,
Істеген игі істері ел есінде.
«Еңбек Ері» атағы, Алтын жұлдыз,
Және де алтын Жүрек кеудесінде!
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы





