Талдықорған: +1°C
$ 503.90
€ 603.32
₽ 6.61
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР АРДЫҢ ІСІ

АҚ ШӘЛІСІН АРУДЫҢ АЛА ҚАШЫП

17.04.2020
АРДЫҢ ІСІ
АҚ ШӘЛІСІН АРУДЫҢ АЛА ҚАШЫП
WhatsAppTelegramFacebook

Тағдыр! Осынау сөзді ауызға ала бастасақ, жүйке-жүйені бір ыстық ағын қуалап, жүректі атқақтатып жіберетіні несі? Көз алдың күңгірттеніп сала беретінін қайтерсің?! Бар-жоғы алты әріптік бір атау: адам маңдайының, маңдайдағы бағы мен сорының сапырылысқан шақтарын тұтас қамтитын өмірдің жалпы түсінік, тұжырымы емес пе? Одан несіне от қарыған білем майдай шыжғырыла шошып, шоршып түстік. Бәлкім, ұлы өскін екеніне толықсып, тәкаппар шыңдармен қапталдаса қаулай өсіп тұрған тал-теректің бір күнде морт сынып, сүргіленіп, жонылып, ақырында сан мың парақ болған жұқана жүзіне қәріп таңбаланып, «кітап» деген беймәлім бір қажеттілік болып ғұмыр жалғастыратынындай, жұмыр басты да сан түрлі сын-сынақты бастан өткеріп, сүргіленіп, жонылып, мүжіліп, ақырында ақ шарқаттың айнымас жолдасы болатыны қапаландырар? Жо-жоқ, адамның ол шаққа дейінгі ұзын сонар көрінген келте жолындағы түсініп-тұшынғаны, соқтықпалы соқпағы нағыз «тағдыр». Тиянақталғанға дейінгі сорапты тағдыр деуге болады. Ал одан кейінгісі сапар емес пе?

Расымен де жұқана бетіне қәріп таңбаланған талай ағаштың «кітап-ғұмырына» түрлі тағдырлар таңбаланды. Жан азабын шектірген, ар азабын тарттырған сол оқиғалардың бәрін тудырушы да, жүрек атқақтатар атаудың иесі де – ақыл иелері. Ал олардың арасында артық туған жандарды «талант» деп тектейтіні бар. 
Жанды алаулатқан «тағдыр» атауымен «талант» түсінігі тамырлас емес дегенді айтар жан табылса тұрысатын жерін айтсын деп те шамырқанғың келетіні бар. Өйткені қандай талант иесі болмасын, ол тағдырды жете танып барып бойындағы ұлы қабілетінің тарап-тарабындағы жолын ашпақ. Әрбір саңлауынан сәуле шаштырмақ. Мәселен, қалам ұстаған талант-тақсырларын алайық яки, «кітап-ғұмырдың» жүзіндегі сан оқиғаны таңбалағыш ақын-жазушыларды мысалға жүгіндірейік. Сол талант иелері өзгенің басынан өткен қиын-қыстау замана желісін, оқиға сарынын қаз-қалпында, тіпті шарықтатып қалай бедерлейді дерсің. Егер мың жерден талант иесі болса да, тағдырдың уын таңдайға салып татып, жаңқасын тіске салып талғап көрмесе, онда оның қабілет-қарымының тындырары да тұрлаулы. Өйткені күллі Ресей жерін жалаң- аяқ шарлаған Горькийдің аңсағаны тағдыр көріп, оны көркем әдебиетке айналдыру болатын. Осы тұрғыдан алғанда, талант пен тағдыр егіз ұғым: тағдыр көрмеген таланттың шығармашылығы баянды емес деуге болатындай.
Қышқылтым қымыз нәріне тоят қылдырып, ақ шаңқан үйлі  ауылдың жұрағатын ақпен жарылқау үшін жүздеген құлынды желілеп байлағандай, соңғы уақытта бірқатар ақын-жазушының шығармашылығын парақтап-тарақтап шыққалы бері осындай құлын ойлар құлдыраңдап сана қатпарын жұмыр тұяғымен айғыздап тастағаны бар. Сондағы байлам жоғарыдағы сөз еткен дүниелер. Тағдыр мен таланттың егіз ұғымдай бір-бірінен желі үзіп кете алмас мама бие мен үркекшіл құлындай тамырластығы. 
Сол парақталып-тарақталып шыққан шығармалардың ішінен көңіл жайлауының көркем бөктеріндей, масаты кілемінің жүзінде қырмызы гүлдер тұтаса бүр атып көзді арбағандай жан жадыратқан Ордаш КЕНДІРБАЕВТЫҢ поэзиясы.
Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары өлең өлкесіне күлігінің кекілін бұрып, қазақ поэзиясының пырағына тұрман салып жан алқабының танабын қуырған ақындардың ішінде Ордаш Кендірбаев есімді маңдайы жарық талант иесі болған. Ол 1947 жылы ұлы Балқаш көліне сұғынып жатқан бұйрат құмды алқапта, Көпбірлік деп аталатын құстың ұясындай ғана мекенде от жүрегін тулата өмірге келген екен. Жалпы, ғұмырбаяндық-хамсасына жете таныс болмасақ та, кітаптағы там-тұм деректердегі дүниелерді бір атап өтуді жөн деп таптық. Сол ақпарларға қарағанда ақын 1973 жылы кіндік кескен, кір жуған медниеніндегі Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» гезетінде қызмет атқарып, өндірістен қол үзбей жүріп 1982 жылы Қазақтың С. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) мемлекеттік университетінің жур- налистика мамандығын тамамдайды. Келесі жылында сол кездегі Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне қызметке шақырылады. Аймақтың бас газетіне қызметке тұрған жылы оның тұңғыш жыр жинағы «Бастау» деген атпен баспадан шығып, жалпақ оқырманға жолданған. Журналистика саласында еңбек ете жүріп, жырды жанына серік еткен сыршыл ақын, партия комитетінің қызметін де атқарған кезеңдері болған. Жалпақ елдің айбынды рухының, асыл қасиетін, қазыналы дәстүрі мен тағылымын, тұтас тіршілігін, сезімін, өзінің адамгершілігінің айнасын жыр жолында жарқыратамын деп жүріп жазылмас дертке душар болған ақын бұл дүниеден өткенде талай жырлары баспа бетін көрмей, хатталған күйінде қалып қойған. Алайда, «алмас кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, Алашқа «Айбоз ақын» есімімен танылған Әміре Әріндей ұлы өнер жанашыры мен Ордаш ақынның зайыбы Сая Демеубайқызының құрастыруымен қаламгердің көптеген өлеңі «Сарыесік сазы» кітабы болып жырқұмар жұртпен қауышқан.
Шырағын шырай беріп жаққан алдан,
Туады тәтті әуен боп аппақ арман.
Жорғамды бойға біткен жоғалтпадым,
Төрт тұрман түгел деп те мақтана алман,
– деп бойына табиғат берген жорға таланттың тұрманын түгелдеуді, өлең деген бәсіренің қызыл-қырман арасында асылын Алашына теріп беруді мансұқ еткен, мұрадым мұратым деп бажайлаған Ордаш ақын келесі жыр шумақтарында:
Кестелеп жыр құрасам жайланамын,
Бар болса жарата бер қаймағы оның.
Өлеңнен басқа менің байлығым жоқ,
«Бес ешкі ысқырғанда айдағаным»
, – деп өлең-байлықтың кені көкірегінде жатқанын, сол ұлы қазынаны қағаз жүзіне сарқа төгіп, сарқындысына дейін мынау сөз қадірін бөз жарқылынан артық көрер елінің керегіне жаратуды ойлағанын осынау жыр жолдарынан безбендей аламыз. Ол да Есенин айтпақшы «Өлеңім – өмірім» деп ғұмыр кешкен шайыр-дүр.
Сыршылдықтың сырбаз ағысында салындыдай бос жөңкімей, қайықтай мың құбыла ағудың, тіршілікке тегершік болудың жөні де сыншылдықта жатқандай. Тұмса табиғаттың көркемдігінен де кемшілік табатындай сыншыл көзқарасың қалыптаспаса сыршыл бола алмасың әсте мүмкін. Бұл тұрғыда, зеңгірден құлаған сан мың тамшының тырс-тырс тамған үнінен, боз топырақтың жауын аңқыған керім иісінен сүйсіне қуат алған Ордаш ақынның айбыны асқақ деуге негіз бар. Тіпті артық айтылып, ұшқары кеткен мақтау да емес. Өйткені табиғаттың керім көрінісін кестелерде ақын жан дүниесін тебіренткен шабыт күйінің ықырар болған қос ішегін мықтап күйлеп алып, құлақ күйін келтіріп алып көкірегінен саз сауғандай. Оған да аталмыш кітаптағы сан алуан тақырыпта өлең болып кестеленсе де, әр жерде шаңыт берер табиғат кескіндемелері дәлел болмақ.
Шыңында шырша – үкісі, жалы – бұлт,
Сайдағы елге шалынған сағымы – үміт.
Барады, әне, арғымақ – Алатауым,
Туған жердің төсінде салып ұрып.
 Немесе:
Осып өткен қымшыдай жасын-жолақ,
Білеуленіп қалған із – жасыл қолат.
Құжынаған құз басы қызғалдақтар,
Тұяқ ұшы тұтанып шашылған от,
– деген «Алатау» атты өлеңдегі ақын шабытының ек-піні ғажап емес пе? Табиғатқа сыншыл көз тастаған талант иесінің сыршыл жыры кеудесінен тұмадай бұрқ етіп саңлау тапқанда ғана осындай рухани шөліркеуден сақтайтын бал-балама бұлықсып ағын беретіндей.  Сонда ғана шабыттың шанағын дірілдетіп тұрып тұмса табиғаттың өз келбетіне сай саф күй боздап түсіп нота болып бедерленіп қалатындай. Ол үшін де Ордаштай сыршыл болу керек-ті.
Ақын табиғаттың көркем келбетін жырмен кескіндеу, бейнелеуді бұйрат құмды алқаптың әрбір тіршілігін түптеп, жекелей тану арқылы да, ағжал толқынды көлдің кенересінен асып, кемеліне келген шағында ескегін есіп тіршілік қамын жасайтын балықшының дария үстіндегі арпалысы мен көрінісіне көз тастау арқылы да жүрегіне сіңіре білген. Содан барып «екі жыр жазсам саған, бірін арнап» деген Мұқағали жырлағандай, Ордаш Кендірбаев та екі жырының бірінде өзінің Мысыр-шәрісіндегі табиғатты, тұтас тіршілікті өлеңіне арқау етуге тырысқан. Сондай шабытты шақтарының бірінде:
Арманның алып шыңын,
Әкеліп жол тұрма алдан.
Баласы балықшының,
Тайсалмас толқындардан
, – деп диірменде жарық ғаламмен жанар суарған тіршілік иесінің дүние дүбірінен қорықпайтынындай, Балқаштың бұрадай буырқанған толқынынан төлінің тіксінбейтінін әдемі кестелейді. Кестелей отырып:
Сенімде күш бар, түсін,
Жетеле әр күні үйден.
Айдынға құштармысың,
Алдымен малтып үйрен,
– деп төл перзенттік таныммен жат мекеннің жамалына қызыққандарға тәлімгердей тіркес қалдырып, өз мекенінің қаталдығын да ғажайып қылып ескертіп өтеді. Міне, осындай сұлу жырлар, әсіресе, туған өлкенің көрінісі мен тіршілігін кестелеуде Ордаш қазақ поэзиясындағы құмды алқап, көлді медниеннің тіршілігін жырлауда шеберлік танытқан. Мәселен:
Апайтөстен ат қойған бағанағы,
Алапат дауыл, сірә, жан алады:
Жармасқанды жақтырмай жағаға атып,
Шашып-шашып жіберді шағаланы.
Қасқайып айдын жаққа,
Тұр жағада,
Әйтеуір,
Әлденеге ырза бала.

…Жігерін теңіз өстіп, жанып, сынар,
Желігі тез басылмас – 
Қанық сыр ол.
Көк айдында көп тау бар сияқты енді,
Көрінді «таудан» асып балықшылар.
Қасқайып айдын жаққа,
Тұр жағада,
Әйтеуір,
Әлденеге ырза бала
, – деген «Балықшының баласы тұр жағада» деген өлеңдегі тіркестер, суреттеулер көңіл көкжиегінің күмбезін зерлі етіп, жан сарайыңды ашатындай, ұлы мұхитқа деген ынтызарлығыңды қытықтап оятатындай. 
Рас, қазақ әдебиетінде табиғатты суреттеу, туған өлкенің кескін-келбетін айрықша термелеу ерекше көркемдікпен жалғасып келеді. Проза мен поэзия жанрындағы суреттеуді талант иелері шарықтатып жіберген. Алайда, тау мен жазық сақара, кең жайлаудағы тіршілік, сол медиеннің тұтас табиғаты қазақ әдебиетінде мейлінше сипатталғанымен, құмды өлке, өзен емген балықшылар тіршілігі айтарлықтай жазылды, көркем суреттелді дей алмаймыз. Ол тақырыпта толғанғандар тіпті саусақпен санарлық. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен Тер» трилогиясы, Қабдеш Жұмаділовтың «Тозақ оты» романы, Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен мақала жазуға барып, өмірінде көрмеген құмдағы тіршілікті қаламына арқау еткен Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» сынды санаулы шығармалар ғана бұйрат құм, бұлықсып аққан өзен маңындағы тіршіліктерді айшықтаған. Бірақ, бұл бір тақырыптың бүйірін шығарып, бір тіршілікті тұтас қамти алған дүниелер емес. Міне, солардың қатарына, балықшылардың тіршілігін термелеуде Ордаш Кендірбаевтың  жырлары ерекше екендігін атап өту керек. Әсіресе, өзен емген адамдардың ақжал толқынмен тіршілік үшін алысып өткен тағдырын, тілсіз жаудың өн бойынан тоят тапқан адамдардың қуанышы мен шаттығын, деміл-деміл дем өзгертер жан иесіндей мезгіл-мезгіл мың мінезге ауысар айдынның көрінісін Ордаш ақын жетеріне жеткізе жырлаған-ды.
Ақ айдының – айбыным,
Ақ  шабағың – байлығым.
Көлде жүзген аққу, қаз,
Асыр салған тай-құлын, – деп жырлауы, 
немесе:
Көлдің бойын жағалай жасыл құрақ,
Сайғақтар сақ жортады басын құрап.
Шоқыларға шығайық,
Жүрші, кәне,
Күн шуағы түсетін басымырақ.
Лүпіліне жүректің ұқсар ағын,
Сол айдынға сескенбей түс, қарағым.
…Жүгіріп кетсем бе екен жаһан кезіп,
Кеудеме қондырып ап, құс қанатын,
– деп жырлауы Ордаш Кендірбаевтың туған жер табиғатына деген перзенттік махаббатын бір айқындаса, табиғатқа сыншыл көз тастаған сыршылдығы мен хас суреткерлігін парықтатып тұрғандай…
«Лүпіліне жүректің ұқсар ағын» деп айдынның жүзінде ойнаған бірде тайдай тентек, бірде таудай алып толқындарды жұдырықтай жұмыр етінің өміршең соғу ырғағымен жымдастырған шайыр жырының географиясы да кең. Тіпті, шығанақтың шұғыласын кеудесіне түсіріп, бұйрат құмдардың қызуын табанынан өткізіп, жалынын бойынан шығармаған ақынның, тоқымдай жерден түлеп әлем әдебиетімен сусындап, дүние жүзінің ақпарымен ауызданғанын да танытар татымды тіркес, іркес-тіркес жыр жолдары бар-ды. Мәселен:
Мұң аз ба?
Мұхиттың да ар жағынан,
Жар салар «Нейтрондап» заржақ ұлан!
Бейкүнә негр жігіт тал қармайды,
Тағдырдың тайғанақтап тар жолынан.

Күйреген қиянаттан қала, дала,
Лаңын Тел-Авивтің қара, қара!
Айырылған аяқ-қолдан қызын көріп,
Жаяды қолын көкке араб ана,
– деп бұлқынған жүрегінен жаһанның тәнін солқылдатқан оқиғаларды ақын көңілімен, ақ көңілімен налып отырып жырлаған Ордаш Кендірбаевтың поэзия географиясының да кеңдігіне осындай туындылар арқылы илануға негіз бар.
Ордаш ақынның жырларының дені туған жерге, Отанға, ұлы халқына деген перзенттік пейілінің, шексіз махаббатының көрінісіндей көрінсе, шайыр шабытты шақтарында адамгершілік, имандылық, парасаттылық пен қыз бен жігіт, әке мен бала арасынағы нәзік байланысты, шынайы сезімді жыр еткен. Сондай шақтың бірінде:
Балам, мынау жыласың – жылаған ба?
Менен сұра сен оны сұрағанда
, – деп перзентімен жыр арқылы тілдессе, енді бірде:
Жоны жусан,
Ұлпа төс,
Ұлан құмың.
Қолтығыңда қаз басып,
Құнан міндім,
– деп туған жерге, Отанға деген махаббатынан жыр түлетеді.
Ақын – сезімнің адамы. Ақын қашан да махаббат пен ғадауат майдандасқан жүрегінің қалауын ар алдында өлшеп-пішіп барып көңілінің көркем жайлауына жыр өргізеді. Дегенмен, қазіргі таңда кейбір жас қалемгердің: «Поэзияда – эмоция, сөз болмау керек. Көбіне сезім болса, жүректен шыққан дүниесі өзге жұмыр етке қонақтайды» деген пікір де айтылып қалып жатады. Сонда махаббаттың екпініндей шамырқанып жыр арнаған, талай саңлақтың ішкі диалогын жырмен кестелеген Фаризалардың батылдық пен батырлықты сомдағандағы эмоциядан туған текті туындылары, Жұмекен мен Мұқағалилардың киелі сөздің сан түрлі сұлу баламалары арқылы мұңын мұқым елге жайып салғандай болған ғажайып туындылары өлеңге түскен қиқымдай дүние ме? Сезім тудырған дүниелер текті сөзсіз келісті шыға ма? Эмоциясыз сезім бола ма? Міне, осындай сан сауалдар сананы қармап, қымтап алатыны бар. Сондықтан да нақты бір тұжырым айтудың алдында, адам баласы мейлінше көш-құлаш ой сорабына салынып алуы тиіс секілді. Сол секілді, кез келген талант-тақсырының шығармашылығындағы көңілге жаққан ғажайып дүниелерді айшықтап беру үшін де көш-құлаш ойдың соқпағын аршындап өндіріп барып қаламды салалы саусаққа қыстырған жөн.
Кез келген әдебиетсүйер жанның тіршілік қарбаласынан тысқары уақыттың дені – табиғаттың өзіне әлемді, әдебиетті танып білуге, адамдық қасиетін ұштауға берілген мәуліті деп бағаласа, онда ең алдымен ақын-жазушылардың жазбасына жүгінер еді. Ал сезімнің ырғағымен мынау ғажайып әлемнің көркем дүниесінің астар-қатпарына үңіле жыр саптап, ой қорытатын қаламгерлер шығармасы адамның адамгершілігіне бағдаршам болатыны да мәлім. Бұл орайда, шабытының кенересінен асып-төгілген толқындарды тулата отырып:
Ақ шәлісін Арудың ала қашып,
Жолдар, жолдар жондарды барады асып.
Қайсыбірін айтайын, ағайын-ай,
Арман болса кеудеңде далаға асық
, – деп дарқан даланың төсінен тағылым алып, өмір мектебінен кең жазира төсінде өткен қазақ әдебиетінің бір шоқтығы іспетті, қазақ поэзиясының ашылмай жатқан бір кені іспетті Ордаш Кендірбаевтың да жырлары жүрек баурайды. Сал сақараның сорабындағы ұлы тіршіліктің күнгей-теріскейін мөлдір туындыларымен айқара ашқан жетісулық ақын да өзінің табиғат берген қабілет-қарымына сай бұтарланбай берік байламды, шырайлы да тұманың тұнық суындай мөлдір туындылар қалдырып кетті. «Өлең барда өшпейді Ордаш атым» деп өзінің поэзиясына сеніп кеткен шайырдың шын мәнінде есімі ел есінде жатталып қалды. Ал, «Сарыесік сазындағы» сұлудың сызылып салған әніндей әсем әуезді туындылары елімен мәңгілік жасаса беретін қазына екені де даусыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Президент: «Aгенттік технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін»

Президент: «Aгенттік технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін»

28.01.2026
Қазақстан экономикасы орнықты әрі теңгерімді өсуді көрсетуде

Қазақстан экономикасы орнықты әрі теңгерімді өсуді көрсетуде

28.01.2026
Сот орындаушы зейнеткердің үйін сатпақ болған

Сот орындаушы зейнеткердің үйін сатпақ болған

28.01.2026
UFC Шавкат Рахмоновқа қатысты шешім қабылдады

UFC Шавкат Рахмоновқа қатысты шешім қабылдады

28.01.2026
Рамазан айы – салт-дәстүр мен діни құндылықтардың үйлесімі

Рамазан айы – салт-дәстүр мен діни құндылықтардың үйлесімі

28.01.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.