Қашаннан гу де гу, әлде нендей тақырыпқа да сарқыла қайнап бу да бу болып жататын әлеуметтік желі сәтке болса да мына бір қуанышқа да бір бүйірін қыздырса дейсің ғой. Әдеттегідей «әдепсіз» армандап. Тұп-тура 190 елдің ішінен робототехника байқауынан оқ бойы озып шыққан қазақстандық оқушылардың жеңісін айтамыз. «Ғажап» дейсіз бе, әлде аспаннан бөрік іздейсіз бе – ол да еркіңіздегі шаруа дейік. Тек біздің бір тәпсіріміз мынау: Осы ғылым бәйгесінде топ жарған жүйріктерімізге деген «ашқұрсақ» құрметіміздің өзі біздің елдің шынайы бағасын беріп келе жатқан жоқ па?!
Анаған да қос-қостан темір тұлпар, мынаған да облыс түгендеп, аудақ-қала адақтап пәтер сыйлап жүретін билікте биік-биік атқа мінгендер мен бизнесте «бөтен» соқпағы бар «атқыштар» қайда екен деп ойланасың осындайда. Білегі мен балтыры үлкен ия көмейінде «көрігі» бар біреу озса жүрегі «атқақтай» қуанып, алақанынан асқанын аямасқа жететін «көкелер» қайда дейсің кейіп.
Құдай-ау, мына жетістік түсінген адамға бір адамның, бір ауылдың, бір рудың емес тұтас мемлекеттік сапасы мен беделіне тірелетін, арысы елдің ертеңгі игілігіне ұласатын дүние емес пе?! Ақылдың биігі ғой ұққанға. «Анау ел технократтанған», «мынау ел роботтың отаны» деп сырттай тамсанып жүргенде өз отандастарың – жап-жас оқушылар екі жүзге жуық елді аузына қаратып, ісімен сүйіндіріп қайтқан жоқ па?
Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы болды
Біз білекті-жүректі, тілді-жақты, намысты-дабысты азаматтарды қадірлемейік демейміз, еленсін, бөленсін атаққа. Тек елдің ертеңі, тәуелсіз отаныңның тағдыры – мәңгілік ҒЫЛЫМ деген құдіретті бес әріпке байланып тұрғанын ұмытпасаңыздар екен, атымтайлар. Сіздер де ұмытпаңыздар, ардан аласа атқа мінерлер…
Қозыбай ҚҰРМАН
Фото: massaget.kz-тен көрнекілікке алынды





