Уақыт бірде сынаптай сырғып, бірде оқтай зулап, бірде бұлақтай жылжып, бірде асаудай тулап өтіп жатады. Өткен күннің бәрі тарихтың еншісінде, санада тек сағынышқа айналған естеліктер ғана қалады. Сондай есті естеліктің бірі Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы Нұрғали Жетенұлы ағаммен екеуара өрбіген әңгімемізге арқау болды.
Өткен ғасырдың екінші жартысы. 1978 жылдың қоңыр күзі. Мен КазПи-ді бітіріп, Шонжыдағы өзім оқыған мектепке қазақ тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болып келгем. Мектеп директоры Нұрмаш Сағабаев аға:
– Астық қабылдау пунктінде түсірілген жүгерілерді сорттауға өзің жетекшілік ететін 10-сынып оқушыларын апарып көмектесіп жіберіңдер, – деді. Астық қабылдау мекемесіне келсек, тау болып үйілген жүгеріні жеті-сегіз жұмысшы сұрыптап жатыр екен. Біздің сынып оқушылары да екі үймекті бастап кетті. Бір кезде ұзын бойлы, басында қалпағы бар, жасы елуге таяған жігіт ағасы:
– Көп рахмет балаларым. Жұмысты бастап жіберіпсіңдер ғой, іске сәт, – деп қуана қолымды алды.
– Нұрғали аға, ассалаумағалейкум, – деп таныдым да амандастым. – Оу, Мамытхансың ба? Қайдан жүрсің інім?! Сен Алматыда емес пе едің? Мектеп бітіргенде журналист болам деп жүр едің ғой.
– Аға, өзіңіз амансыз ба? Журналист бола алмадым. Алғашқы жылы конкурстан өтпей қалдым. Әскерден кейін Құдайберген досым екеуміз журфакқа қайта бардық. Ағылшын тілінен аттестатта бағамыз болмағандықтан құжатымызды қабылдамады. КазПи-дің тіл, әдебиет факультетін бітіріп, өзім оқыған мектепке мұғалім болып келгем. Бүгін бізді мектеп директоры оқушыларыммен осында жіберді.
– О, үлкен мектепке, атақты білім ордасына мұғалім болып келіпсің, құтты болсын, айналайын! Жазатыныңды мұғалім болып жүріп-ақ жаза бересің ғой, шырағым, – деп ризашылығын білдіріп жатыр.
Маған сәттілік пен жақсылық тілеген аяулы ағам, сол мекемеде қоймашы болып отыз жылдан аса еңбек еткен Нұрғали Жетенұлымен күні бүгінге дейін ағалы-інілі болып келе жатырмыз. Сексеннің сеңгіріне көтерілген асыл ағаммен болған мына әңгімені оқырманмен де бөліскім келді. Нұрғали ағам айтады:
– Мен 1955 жылы Жалаңаш қазақ орта мектебін бітірдім. Сыныптастарымның бірі экономика ғылымының докторы, профессор, бұрынғы халық шаруашылығы институтының ректоры Нұрғали Мамыров, Абай құс фабрикасының бас директоры Ешімбет Байбарақов, Кеген аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Болат Қырғызбаев, Ұйғыр аудандық тұтынушылар қоғамының басшысы Оразхан Құрманғалиев сияқты жігіттер болды. 1955 жылы әке-шешем бірінен соң бірі қайтыс болып, менің өмірімдегі ең қайғылы кезең басталды. Біз үйде ағам, мен және қарындасым үшеуміз қалдық. Сол жылы ағайымды әскер қатарына алып кетті. Ауылдан қоштасып, шығарып салдық. Ағатайым әскерден келетін жылы мені шақыртты. Үйде қарындасым жалғыз.
– Ағайым әскерден келген соң борышымды өтеп қайтайын, – десем, әскери комиссар:
– Совет армиясы ешкімнің жағдайына қарап отырмайды. Бұл бұйрық, орындамасаң жазаланасың! – деп столды жуан жұдырығымен бір ұрды. Туған бауырым әскерге кеткелі үш жыл болған. Бірімізді-біріміз көрмей әбден сағынысып жүргенбіз. Енді көріп қалармыз дегенде мені әскерге алып кетті. Үйде кішкентай қарындасым жалғыз қалды.
– Ағатай, қашан келесіз? Зар илеп жалғыз қалдым-ау, – деп жылап қалғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Сол сәтті ойласам, өзегіме өксік тығылады. Мен әскерде 4 жылдай болдым. Бауырым екеуміз 7 жылдан соң сағына көрістік. Міне, осындай да күндер өткен, – деп Нұрғали аға ауыр күрсініп, алқымына келген өксікті әзер басты. – Екі жылдай өзім туып-өскен Тоғызбұлақ ауылында жүргізуші болып істедім. Осы Келерхан тәтеңмен көңіл жарасып, 1963 жылы үйлендік. Аудандық комсомол комитетіне инструктор болып Жалаңашқа қызметке ауыстым. Кейін аудан орталығы Кеген ауылына көшірілді. Мен аудандық комсомол жұмысын Кегенде жалғастырдым. 1964 жылы ұжымшар жастарының тыныс-тіршілігін білу мақсатында іссапармен Қарасазға бардым. Ол кезде ауыл Қарасудың бойында екен. Сол кездегі барлық ауыл төбесінің шатыры жоқ, тоқал тамдар еді. Шешемнің туған сіңлісі Зеріп деген кісі осы ауылға тұрмысқа шыққан деп еститінмін. Көрмеген адамым. Күйеуінің аты Көке деген кісі деуші еді. Түстен кейін шеткі көшені аралап келе жатсам бір ұзын бойлы әйел есік алдында бидай сапырып жатыр екен. Маған көзін көлегейлеп, қадала қарап, көп тұрды. Бір кезде аңырап кеп, бас салып:
– Әй, балам, сен Алтынайдың баласысың ба? Әпкемнен аумайсың. Өңің, жүріс-тұрысың аумайды, бойың да келіп тұр, әпкемнің өзісің, – деп ботадай боздап жатыр. Мен құшағынан әрең сытылып: – Иә, менің шешемнің аты Алтынай, әкемнің аты Жетен.
– Мен сенің кіші шешең Зеріппін. Шешеңнің бірге туған сіңлісімін, – деп апам жылап, еңіреп, қайта-қайта бетімнен сүйіп жатыр. Бұл балапан басына, тұрымтай тұсына тырағайлап, қазақтың тарыдай шашылып, бытырап беталды кетіп, есін жия алмай жатқан кезі еді. Әке-шешемнің қайтқанына да 10 жылдай уақыт болып қалған. Кіші шешеммен осылай қауышып, ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген ескі тамын көріп, бір марқайып қайттым. Мұқаңның үйі Зеріп шешемнің үйімен көрші екен. Бұзылған үй деген өлеңінде Мұқаң:
Кейін әкем ел-жұртын басқарыпты,
(Қашанға жарғақ бөркі тасталыпты).
…Жағасында жылғаның бұзылған там,
Ғұмырым осы жерден басталыпты, – деп жырлаушы еді. Тағы бір өлеңінде:
Мен өскен лашық – бір бөлме,
Бір бөлме маған – мың бөлме,
Хан тағы қараң қалатын,
Босағаңды аттап кіргенде, – деген отты ақынның елін, үйін көріп, шешемнің сіңлісін тауып, енесіне ерген қысырдың тайындай ойнақтап қайттым.
1966 жылы мені осы Шонжыдағы астық қабылдау пунктіне жұмысқа ауыстырды. Ол кезде шағын мекеме екен, қабылдап алдым. Аудан басшыларына айтып жүріп электр жүйесін тартқыздым. Түнгі қырман самаладай жарқырап тұратын болды. Мекеменің сыртын айналдыра дуалмен қоршаттым. Құрылыс жұмыстарын да қауырт жүргізе бастадық. Бірнеше ірі қойма салынды. Кейін аудандағы ірі мекемелердің біріне айналды. Осында 1997 жылға дейін қойма меңгерушісі болып отыз бір жыл халыққа қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым. Одан бері де, міне, ширек ғасырдай уақыт болып қалыпты. «Өтті дүние осылай» деп халқымыздың ұлы перзенті Димаш Ахметұлы айтқандай, бүкіл дәуір желдей есіп өте шығыпты.
Бірде Жетісудің ғажайып перзенттерінің бірі ақын Мұқатай Жылқыайдарұлы Шонжыға келіп, аудандық спорт мектебінің директоры, досы Мәжит Құрмановтың үйінде думандата жыр оқып қайтса керек. Ол кезде жеңіл көлік аз. Кегенге жүретін жолда көлік күтіп тұрыпты. Кеген ауданының бірінші хатшысы Ақбаев деген кісінің қызметтік «Волгасы» тоқтай қалып, қол көтерген ақын жүгіре жақындағанда, қайта жүріп кетіпті. Ыза болған жас ақын:
Асфальттарда жүрмесем де «Волгамен»,
Жалғыз жаяу қалмаспын-ау жолда мен.
Болашаққа сенен бұрын жетемін,
Өлең атты желдей ескен жорғамен.
Бұл Кегенде сен қалмайсың, мен қалам,
Болашаққа сен бармайсың, мен барам
Ақын ұлын түбінде бір еске алар,
Аман болса асқар тауым, кең далам! – деген өлеңді жазған екен. Қазір сол шумақтар ел аузында жүр, – деп Нұрғали аға өлеңді жатқа оқыды.
– Иә, аға, әкімдер кетеді, ақындар қалады, – деген осы. КазПИ-де оқып жүргенде Мұқатай аға біздің жатақханаға келіп өлең оқып, бірнеше рет кездескенбіз. Бірде бізге Бәрібаев көшесінде тұратын Сәкен, Ілияс, Бейімбетті атқан орыстың кәрі шалын көрсетті.
– Бұлар қазақтың үш бәйтерегі еді ғой, неге аттыңыз, – деп қатулана сұрағанымызда:
– Ой, балаларым-ай, ол кезде мен де жас едім. Жауынгер едім, бұйрықты орындадым. Атпасам, мені атады, – деп қолындағы таяғымен жер шұқып, төмен қарай берді.
– Қайран арыстарымыздың қасиетті қаны осылардың мойнында, – деп Мұқатай аға жігерлене, намыстана Алатауға қарап, көзіне жас алып еді. Кейін Мұқатай аға Мұқағали туралы поэма жазды. Ол газеттердің бірінде жарияланды. Сонда:
Оқыдың, мүмкін, газеттен,
Естідің мүмкін Мәжиттен, – деген өлең жолдары бар еді. Мұқағалидың досы Мәжит ағаны еске алғаны ғой.
Иә, ақын есімі өзі айтқандай, елдің жүрегінде қалды. Артындағы інілері таңдамалы жинағын шығарды. Ал хатшының есімі ешкімнің есінде жоқ.
– Отыз жылдан аса уақыт қаншама жақсылармен бірге жүрдім. Олардың көбі бұл өмірде жоқ. Сауытбек Молдажанов, Дәнебай Нұржаубаев, Жұман Мәдиев, Исатай Наурызбаев сияқты басшылармен қызметтес болдым. Елдің, жердің тарихын жетік білетін Әлім, Әділ, Мұқаметжан, Нұржақып, Сәкен, Қойеке, Әмір сияқты сұңғыла кісілермен қатар жүрдім. Ұлтымыздың ардақты аналарына айналған, қара өлеңді жаңылмай таңға айтатын Күмісай, Жайдары, Шәкен сияқты аналарымыздың тәлімін алдым. Артымнан ерген Амангелді, Камал, Сарыболат, Ербосын, Елубай, Мұқатай, Табыл, Еркіш сияқты кісілікті білетін, кішілікті сезінген інілер болды. Сүрінсем сүйеді, шалынсам демеді. Мен қасиетті Қарадаланың жұпар ауасын жұтқалы елу жылдан асыпты. Құдайға шүкір, жаман болғаным жоқ. Түгін тартсаң майы шыққан топырағынан, балдай тәтті суынан айналайын. Басымызға бас қосылды. Үш ұл, үш қызым дүниеге келді. Бәрі өмірден өз орындарын тапты. Қазір олардан үш шөбере көріп отырған атамын. Зайыбым Келерхан Мамырханова жеті баланың анасы. «Күміс алқа» иегері. Аудандық тұтынушылар мекемесінде сатушы болып, демалысқа шықты. Мен 1997 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ұжымым құрметтеп астыма ат мінгізді, үстіме шапан жапты. Басыма үй салып берді. Астыма темір тұлпарын мінгізді. Ауданның Құрметті азаматы атағын берді. Бұдан артық қандай құрмет, қандай марапат керек?! Келерхан апаң екеуміз нағыз бақытты ата мен әжеміз, – деп сөзін аяқтады сексеннің сеңгіріне шыққан Нұрғали аға. Жазу столының үстінде алты-жеті дәптер жатыр екен. Бір дәптер ел ішінде сирек айтылатын мақал-мәтелдер, жұмбақтар, енді бірі даналық сөздерге толы. Біреуі ұлы адамдардың қанатты сөздері мен өмірдерегіне арналған екен. Сұңғыла ағаның зеректігіне тәнті болдым.
– Биыл ұлттық ән өнерінің дауылпазы Садықожа Мошанұлының тойын аудан дүркіретіп өткізді. Ұрпақтары қоладан ескерткіш орнатты. Әндері ұрпақ жадында мәңгі қалды. Қапездің де тойы Тоғызбұлақта өтті. Екеуінің де тойына өнер зерттеушісі әрі ақын Сағатбек Медеубеков пен ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев ақыл-кеңестерін беріп, лайықты өтуіне үлкен үлес қосты. Өнер иелері қалған қасиетті мұраға өлшеусіз құрмет көрсетті. Осындай жігіттер көп болса, өнер жетімсіремейді, – деп бір тоқтады.
Әңгімесін тұшынып, тыңдап ұдай,
Бір мақала жаза алмай тұрғаным-ай.
Үш Меркінің ұлысың ұлағатты,
Аман жүр, асыл аға Нұрғалидай!
Әр түйірін бидайдың салмақтаған,
Алтын дәнін елінің ардақтаған.
Алтын тектес сом-сом ой айта білген,
Аман жүр, ардагерім, ардақты ағам.
Бойы да Үш Меркінің шыңдарындай,
Ойы да бата жырға тұнған ұдай.
Хантәңірмен жүрсің-ау иықтасып,
Димаш атам сияқты тұлғалым-ай! – деген жыр шумақтары бірінен соң бірі толқындана төгіліп жатты.
– Соңғы жылдары түсіме Үш Меркі кіреді. Шет Меркідегі әкемнің жұртын немере, шөберелеріме көрсетіп, бір қуандым. Мұндай әсем табиғат әлемде жоқ. Үш Меркіні сағынам, көк-жасыл қарағайлары шақырады, – деп әз ағам туған жерін еске алды. Ыңылдап «Үш Меркі» әнін айтты.
– Аға, әдемі қартайған жанның бірісіз ғой. Тәтем екеуіңіз Қарадаланың жұпары аңқыған изені мен жусанын бір иіскеп, Үш Меркіге барып сары қымызды сапырып ішіп тұрсаңыздар, шөліңіз де, сағынышыңыз да басылмай ма?! – деп қоштастық.
Құдайберген Мамытқан,
Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Ұйғыр ауданының
Құрметті азаматы





