«АБАЙ ЖОЛЫ»
немесе көз алдымда жастығым
Абай десем, жастығым ойға оралып,
Толғандырып бір сәтке қойғаны анық.
Ұмытылар қалайша ұмытылар,
Алаңсыз шақ, қызық күн, беу, балалық!
Абай десем, болғанды қонған бағым,
Тіршіліктің татқанмын таңнан нәрін.
Көз алдыма мөлдіреп келе қалар,
«Абай жолын» ең алғаш қолға алғаным.
Абай десем, тіл қатып шын жаныммен,
Жолығамын балауса жылдарыммен.
Ғашықтықтан өрілген әнін тыңдап,
Сол бір кезден оқыдым жырларын мен.
Абай десем, ерекше қанаттанам,
«Абай жолы» болғанды сабақ маған.
Тым асығыс мектептен келе салып,
«Абай жолын» күні-түн парақтағам.
Абай десем, ғажайып ән көңілі,
Жүрегімді жылытқан жан мейірі.
Көз алдымда мөлдіреп тұрып қалды,
Содан бастап Тоғжан мен Әйгерімі.
Абай десем, ұққандай ана тілін,
Күйде болдым ұққандай дала тілін.
Таңғажайып бөленіп сезімдерге,
«Абай жолын» қайталап тағы оқыдым.
Абай десем, арайлы таң көремін,
Таттым талай ақыннан жан керегін.
Қызға ұсындым үмітпен хатқа жазып,
Ұлы Абайдың махаббат жайлы өлеңін.
Абай десем, қарсы алып гүлді көктем,
Оралады жастығым сырғып өткен.
Дүниеге келгенде тұңғыш қызым,
Атын қойдым Тоғжан деп шын жүрекпен.
Абай десем, қуаныш, шаттығым да,
Көз алдымда бақ күнім, тәтті мұң да.
Ұлы ақынның әсері рухани,
Ғашық болдым Әйгерім атты қызға.
Абай десем, толқимын, жанам анық,
Ай қиылып, шығыстан таң ағарып.
Ұлы ақынның әсері рухани,
Жүрегімнен жыр жаздым қалам алып.
Абай десем, ай қарап, таң ағарып,
Желсіз түнде ғажап ән, саз оралып.
Туған тілім, Өз тілім, Абай тілі,
Ертеңіме жетелеп келеді анық
Ертеңіме жетелеп келеді анық!
ҚҰШАҒЫН ЖАЙЫП ЫП-ЫСТЫҚ
Гүлдері қандай,
Ынтықпын оған жаныммен,
Сырласып жүрем,
Мұңдасып жүрем тауыммен.
Көкорай белі,
Құшағын жайып ып-ыстық,
Татқанмын талай,
Мәуілжіп тұрған дәмін мен.
Бұрқырап арша,
Бар тынысымды кеңіткен,
Жырымды жазғам,
Кең құшағына келіп мен.
Тоғайдың іші,
Толғанда құстар үніне,
Ғажайып әлем,
Жан-жүрегімді еріткен.
Көкорай белдер,
Құрағы қалың ұйысқан.
Арайлап шыққан,
Келбетін ашты тұнық таң.
Мөп-мөлдір шығы,
Жүрегіме келіп қонақтап,
Жанында жүріп,
Бар мұңдарымды ұмытқам.
Саф таза ауа,
Тыныстай бергім келеді,
Самсаған шырша,
Өлкенің мынау өлеңі.
Жанына тарта,
Шақырып тұр-ғой, жатсынбай,
Иісі аңқып,
Бұрқырап тұрған белеңі.
Құшағын жайды,
Еркелей аққан бал бұлақ,
Қиялай тартты,
Қырқаға қарай арғымақ.
Сыңғыр да сыңғыр,
Ақ моншақтарға беріліп,
Қалғандай мүлде,
Көңілім тасып, жан құлап.
Жұмағы жердің,
Жетпейді мынау тауыма,
Жайдары кеші,
Ыстық-қой, таңы жаныма.
Бүлдіргені мен,
Қарақаты көзге тізіліп,
Қасында жүріп,
Құшағын әркез сағынам.
Күн құшағында,
Армансыз өткен бал күнім,
Ұмытам қалай,
Оранған талай шалғынын.
Гүлдерін сүйем,
Ақ бұлақтары – арымдай,
Тауларым менің,
Жан-жырым менің, тағдырым!!!
ҚАРАБҰЛАҚ
Бөлтірік ақын шыққан Қарабұлақ,
Жаныма бара жатыр далаң ұнап.
Жаңа ән естілердей құшағынан,
Жаңа жыр жаздым бүгін оянып ап.
Ауылы Бөлтіріктің құт мекені,
Бір аппақ тауларынан бұлт көшеді.
Ақынның жыры менен рухы ма,
Ғажайып бояп қойған түске сені.
Бөлтірік күйі естіліп кең даладан,
Қайың, тал, көз тартады бозқараған.
Қырынан көкемарал иісі аңқып,
Әркім-ақ келбетіне көз қадаған.
Көтерген ел-жұртының жүгі нардай,
Тұп-тұнық мөлдіреген суы балдай.
Сергітсе ой-санаңды таза ауасы,
Жүрегің қыр гүлінен жылынардай.
Мекені, ақын ауылы Бөлтіріктің,
Еркелей құшағына келші құт Күн!
Өлмейтін ақын рухы демеп тұрған,
Ауылды көрмеген жан көрсін, ұқсын!
КӨЛСАЙ
Гауһар жүзіне әдемі толқын тізілген,
Көк құрағынан мөлдір моншағы үзілген.
Көкпеңбек көлдің келбетіне көз сап қырқадан,
Иіскедім барып қызыл да жасыл гүлін мен.
Осында дерсің – Ертегі Әлем, мың бір күн,
Көрікті Көлсай аумағы толған сыңғырлы үн.
Көкпеңбек көлге көзімді қадай қуана,
Аппақ жанымды тұп-тұнық ойға жүздірдім.
Көңілді мұнда шыршадан құлап күн аулай,
Мөлтілдеп жұлдыз, қиылып айы тұрардай.
Саумал бір самал жаныңды сондай сергітіп,
Тұп-тұнық әлем жанарыңа келіп тұнардай.
Жап-жасыл ғалам, әдемі толқын әдемі,
Көрікті Көлсай Сұлулықтардың Әлемі!
Шуақты етер сәттердің бәрі осында,
Айналаң түгел ғажайып күй мен ән өзі.
Сүйкімді гүлдер, көз тартқан сұлу шыршалар,
Өріліп тасы өріне тартқан қырқалар.
Ерке толқындар жырың боп сенің шертіліп,
Мөп-мөлдір әлем әнің боп сенің шырқалар.
Көкейден, ойдан кетпейтін жатсаң, тұрсаң да,
Көлсайдың көркі жүрегіңе әкеп гүл тағар.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.





