Астанада V Еуразия экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Биылғы халықаралық пікірталас алаңы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбына арналды. Форум аясында цифрлық технологиялар, жасанды интеллектіні дамыту және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқылануда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін елордаға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен делегация жетекшілеріне ілтипат білдірді.
Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және басқа да ресми тұлғалар қатысуда.
Форум барысында қатысушылар жаһандық экономиканың цифрлық трансформациясы, инновациялық технологияларды енгізу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылайды.





