Ұстаздықтың жүгі жеңіл болған емес. Өйткені бұл мамандық тек пәнді меңгеріп, оны өзгеге үйретумен шектелмейді. Әр баланың бойындағы қабілетті танып, білімге деген қызығушылығын ояту, үнемі ізденіп, заман талабына сай кәсіби деңгейін жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мұндай жауапкершілікті арқалаған мұғалімнің өзі де білім бәйгесінен шет қалмауы тиіс. Жетісу облысының тумасы Айсана Советханның жуырдағы жеңісі – осының айқын көрінісі. Бұл жеңісті еркін елдің ертеңі болар ұрпақтың Тәуелсіздіктің 35 жылдығына тартуы деп қабылдасақ, қате айтқандығымыз емес.
Алматы қаласында физика және математика пәндерінің мұғалімдері арасында өткен олимпиадада жас педагог үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдеге ие болды. Физика пәнінен 16,5 балл жинаған Айсанаға жеңімпаз ретінде «Changan» маркалы автокөліктің кілті табысталды. Бұл жас маманның кәсіби біліміне берілген жоғары баға, ұстаздық жолындағы табанды еңбегінің де жемісі.
Айсана Советхан – Ақсу ауданына қарасты Ақын Сара ауылының тумасы. Балалық шағы Талдықорғанда өткен ол қаладағы №5 лицейде бастауыш білім алып, кейін №25 орта мектепте оқыды. Мектеп қабырғасында алған білімін одан әрі тереңдетуді мақсат еткен кейіпкеріміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, физика мамандығын таңдады. 2021 жылы бакалавриатты тамамдаған соң білімін магистратурада жалғастырды.
Физиканы таңдауы оның болашақ мамандығына деген қызығушылығымен ұштасып жатты. Университетте оқып жүрген кезінен-ақ теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, сабақ бере бастады. Алғашында 5-6-сынып оқушыларымен жұмыс істеп, кейін ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтарында тәжірибе жинақтады. Осылайша студенттік кезеңнің өзінде ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, оқушымен жұмыс істеудің өзіндік әдісін қалыптастыруға ден қояды.
Магистратураны аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы №126 мамандандырылған лицейге жұмысқа орналасып, физика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырды. Бүгінде жас маманның негізгі мақсаты – оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, өз бетінше ойлануына жол ашу.
– Бала оқытуға, өз білгенімді өзгелермен бөлісуге деген қызығушылығым болды. Сондықтан студент кезімнен мамандығым бойынша жұмыс істедім. Алғашында орта буын оқушыларына сабақ бердім. Кейін ҰБТ-ға дайындайтын орталықтарда еңбек еттім. Қазір өзіме ұнайтын салада жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Балалар менің тәжірибемнен бір нәрсе алып, үйренсе, мақсатымның орындалғаны деп білемін. Мұндай ерекше сезімді сөзбен жеткізу қиын, – дейді Айсана.
Мұғалім еңбегінің нәтижесі күнделікті сабақ үстінде бірден көріне бермейді. Оның жемісі шәкіртінің білімінен, алға қойған мақсатына жетуінен, өмірден өз орнын табуынан байқалады. Сондықтан ұстаздың өзі де үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыруы қажет. Әсіресе физика секілді терең теориялық білім мен жүйелі ойлауды талап ететін пәнді оқыту мұғалімнен жоғары дайындықты қажет етеді.
Айсана Айбекқызының кәсіби білімін саралаған олимпиада көрнекті математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына арналды. Физика және математика пәндерінің мұғалімдерін бір алаңға тоғыстырған білім додасының басты мақсаты – педагогтердің пәндік білімін бағалау, кәсіби шеберлігін шыңдау және ұстаздық мамандықтың қоғамдағы беделін арттыру болды.
Мұндай олимпиадалардың мұғалімдер үшін маңызы зор. Өйткені ұстаздар өз білімін сынап қана қоймай, кәсіби мүмкіндігін бағамдап, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алады. Білім бәсекесі педагогтің күнделікті жұмысынан бөлек теориялық дайындығы мен пәндік сауатын да саралайды. Бұл ретте Айсананың жоғары нәтиже көрсетуі оның таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады.
Олимпиада қорытындысы бойынша бес мұғалім І орын, 12 педагог ІІ орын, 26 қатысушы ІІІ орын иеленді. Ал физика пәнінен 16,5 балл жинаған Айсана Советхан барлық қатысушының арасынан озып шығып, бас жүлдеге лайық деп танылды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өтті.
Бұл жеңіс Айсанаға ерекше қуаныш сыйлады. Өз есімінің жеңімпаздар қатарынан аталғанына алғашында өзі де сенбеген. Ал академик Асқар Жұмаділдаевтың қолынан автокөлік кілтін алып, батасын естуі оның олимпиададан алған әсерін одан әрі тереңдете түсті.
– Басында жеңіске жеткеніме сене алмадым. «Қалай мен? Осындай биікке жете алдым ба?» деген ойлар болды. Қорытындыны естігенде қатты қуандым. Асқар Жұмаділдаевтың өз қолынан көліктің кілтін алып, батасын есту мен үшін ерекше әсерлі болды, – дейді Айсана Айбекқызы.
Жас ұстаздың бұл сөзі оның жеңіске деген көзқарасын ғана емес, болашаққа қойған мақсатын да аңғартады. Бүгінде өз еңбегінің жемісін көріп, үлкен марапатқа ие болса, келешекте өзгелерге де осындай қуаныш сыйлауды армандайды.
Айсана Советханның жетістігі – жас педагогтердің кәсіби ізденісі мен білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Ұстаздық жолын студент кезінен бастаған жас маман үшін бұл марапат алдағы еңбекке жаңа серпін беретіні сөзсіз. Ал оның жүрегінде туған ізгі арманның орындалуы үшін білім мен еңбектің жолынан жаңылмау маңызды.
Медет ЖҰМАБАЙ






