Аймақта 355 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Оның 307-сі мемлекеттік, 48-і жеке медициналық ұйым. Бұл мекемелерде 1 719 дәрігер мен 6 738 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. 144 дәрігерге тапшылық бар. Әсіресе, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігері, инфекционист, хирург сынды мамандықтарға сұраныс жоғары.
Кадр мәселесін шешу мақсатында 2025 жылы нақты қолдау тетіктері іске асырылды. Жалпы сомасы 615 млн. теңгеге 78 дәрігерге көтерме ақы төленді. Оның 45-і ауылдық елді мекендерге, 33-і қалалық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, болашақ мамандарды даярлау үшін резидентурада оқытуға 477,3 млн. теңге бөлініп, 2025-2026 оқу жылына 67 резидент қабылданды.
Әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Көксу ауданында 15 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Бұл шаралар дәрігерлерді өңірде тұрақтандыруға оң ықпал етуде.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мәселен, 59 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланып, оның 52-сі пайдалануға берілді. Қалған 7 нысанды алдағы күндері іске қосу көзделген. Сондай-ақ жоспарланған 15 блокты-модульдік кешеннің 13-і орнатылып, Қаратал мен Көксу аудандарындағы жедел жәрдем қосалқы стансыларына арналған нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Өңір медицинасын ұзақмерзімді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – Талдықорған қаласында 200 оынды онкологиялық орталық салу. Бұл мақсатта облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Kazakhmys Holding» инвесторы арасында 28,2 млрд. теңгеге үшжақты меморандумға қол қойылды. Жобаны іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған.
Материалдық-техникалық базаны нығайтуға биыл 5,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 4,3 млрд.теңге медициналық техника мен жабдықтарға, 749,5 млн. теңге Жедел жәрдем машиналарын сатып алуға, 364,5 млн. теңге өзге де негізгі құралдарға бағытталды. Нәтижесінде 29 жаңа Жедел жәрдем көлігі медициналық ұйымдарға берілді.
Құны 20 млн. теңгеден асатын 30 бірлік медициналық техникаға «СК-Фармация» арқылы 2,5 млрд. теңгеге шарттар жасалып, жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Ал құны 20 млн. теңгеден төмен 112 бірлік техника 1,8 млрд. теңгеге сатып алынып, оның 107-сі медициналық мекемелерге жеткізілді. Вакциналардың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету үшін 321 тоңазытқыш, 330 термолог және 15 мұздатқыш жабдығы алынды.
Жалпы алғанда, бір жыл ішінде атқарылған бұл жұмыстар облыста денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, дәрігерлерге қолдау көрсетудің нақты нәтижесін көрсетті. Алдағы жылдары қолға алынған жобалар толық жүзеге асқанда, өңір халқы үшін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі одан әрі арта түспек.
Асқар Садықов
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы





