Алакөл ауданына «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы келді. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Тәжвирусына қарсы екпені бірінші болып аудандық орталық аурухана директоры Асхат Бұтабаев алды. Айта кетерлігі, дәрігердің арнайы тексеруінен өтіп, берілген анықтама қағазын толтырғаннан кейін препарат енгізіледі.
– Бүгін ауданда алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Пандемия кезінде ақ халаттылар індетпен күресте алдыңғы шепте жүргені мәлім. Осы ретте халықпен тікелей жұмыс жасағаннан кейін дәрігерлердің екпе қабылдауы дұрыс деген ойдамын. Ешқандай кері әсерлерін әзірге байқамадым. Жағдайым бірқалыпты, – дейді аурухана директоры А.Бұтабаев.
Қазіргі таңда ауданға 400 дана вакцина жеткізілген. Оның 200-і медбикелер мен жұқпалы аурулар бөлімінің қызметкерлеріне, фильтр және қабылдау орындарындағы меджұмысшыларға арналған. Қалған 200 данасы ұстаздарға, яғни, кезекші және бастауыш сынып мұғалімдеріне салынады.
Екпе алғаннан кейін арнайы бөлмеде 30 минуттай дәрігердің бақылауында болу міндетті. Кері көрсеткіштер орын алмаса араға 21 күн салғаннан кейін екінші мәрте вакциналау жүргізіледі.
Аудандық ауруханада күніне 60 адамға екпе салу жоспарланып отыр. Бүгін вакцинаны аурухана мен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлері қабылдады. Келесі партиялар жеткізілгенде мұғалімдерден өзге мемлекеттік қызметкерлерге халыққа қызмет көрсету орталығы мен әскери сала жұмысшыларына кезек келеді.
– Ауруханаға келген азаматтарды алғашқы болып біз қабылдаймыз. Барлық тұрғынмен тікелей қарым-қатынас жасағандықтан алғашқы қауіп те бізге төніп тұр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, вакцина салдырып, өзімізді де, өзгелерді де қауіптен алшақтату басты мақсатым деп білемін, – дейді фильтр медбикесі Назгүл Макеева.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы
Алматы облысы





