Тұрмыстық тілмен айтқанда, бұл – жартылай стационарлық негізде әлеуметтік қызмет көрсететін бейімдеу орталығы. Алайда, мәніне үңілсек – бұл жер жан жарасын емдеп, көңіл түкпіріндегі үміт шоғын үрлеп тұрған шырақ секілді.
Орталықтың басшысы:
– Бұл орталық облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған болатын. Қазір 19 қызметкеріміз тынымсыз еңбек етіп жатыр. Отыз шақты баланың көзінен үміт отын көрсеңіз, жүрегің жылып сала береді. Біз оларды медицина, психология, еңбек, ойын, әлеуметтік бейімдеу секілді сегіз түрлі бағытта әлеуметтік қолдауға тырысамыз. Басты мақсат – психикалық аурумен күресіп жүрген балалардың даму деңгейін көтеру, – дейді.
Иә, бұл – тек қызмет емес, бұл – жанның шырағын сөндірмей ұстау.
Сонымен қатар, 12 жылдан бері осы салада қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан осы орталықтың массажист маманы Бақытгүл Азимханованың айтуына қарағанда, мұндағы кейбір балалар тіпті сөйлей алмайды. Сондықтан олардың тіліне, бетіне, құлағы мен мойнына арнайы массаж жасайды. Ал сіңірлері тартылып қалған балғындардың аяқтарына бір сағаттап емдік массаж жүргізеді екен.
Орталықтағы ендігі маман еңбек терапиясының нұсқаушысы Қатима Аубакирова – балаларды тек қолөнерге үйретіп қоймай, олардың қол моторикасын дамытып, тоқыма тоқу, моншақ тізу секілді істерді үйретеді. Тіпті кейбір балалар моншақтан сөмке жасап, өз істерін мақтанышпен көрсететін деңгейге жеткен.
Ал орталықтың медбикесі Жанар Исмиева күнде таңертең балалардың қан қысымын өлшеп, әр мейірімге мұқтаж жанның көңіл күйін қалт жібермей аңдып, қажет уақытта ем-шаралық көмек көрсетуде.
Сонымен қатар, балалар үш мезгіл ас ішеді, дене шынықтырумен айналысады. Жаттығулар жасайды. Шағын топтарда ойналатын ойындар, түрлі шығармашылық сабақтар олардың психологиялық жағдайын қалыпқа келтіріп, бейімделуін жеңілдетеді.
Балалардың көбі алғаш келгенде тұйық, қорқыныш басқан, үрей мен сенімсіздікке толы болса, уақыт өте мейірімді жүректер мен кәсіби мамандардың арқасында көңілдерінен қара бұлт сейіліп, жүздеріне күн шуағы қонған.
«Жан шуақ – Жетісу» – атауы айтып тұрғандай, жанға шуақ сеуіп жүрген қасиетті мекен. Бұл жердегі қызметкерлер – жай ғана маман емес, күн сайын күрмеулі тағдырмен күресіп жүрген жанкешті жандар. Олардың әр ісі – сабырдың, сүйіспеншіліктің, шынайы отаншылдықтың көрінісі.