Менингит – өзге ауруға ұқсамайтын ерекше дерт. Бірақ бұл ауру өршімеген елдер де бар көрінеді. Атап айтсақ, Жапония, Швеция.
Ал Ресейдің халқы тым тығыз орныққан және күнкөрісі төмен тұрғындар арасында менингит ауруы жиі ұшырасады. Бір ғана ХХ ғасырдың өзінде бұл елде үш үлкен эпидемия болған.
Жалпы менингиттің қоздырғышы – «менингококк» үнемі ел ішінде өмір сүреді. Тұрғындардың шамамен 1-10 пайызы дерт тасымалдаушысы. Әдетте менингококк еш белгі берместен жұтқыншақтың артқы қабырғасында бір-екі апта өмір сүріп, сонан кейін иммунитеттің күшімен жойылып кетеді. Алайда ешкімге зияны жоқ осы бактерияның неліктен қауіпті індеттерге себеп болатындығын ешкім түсіндіре алмаған.
Ресей эпидемиологтарының зерттеулері менингококк геномы туралы заманауи ілімдерді пайдалана отырып, эпидемияны болжауға, оның алдын алуға болатынын көрсетті. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында Ресейге менингит індеті алғаш рет жетті. Оның калай дамып, неге соктыратынын алдын-ала білу қиын еді. Аталмыш дерт салдарынан қаза болғандар күннен-күнге өсті. Бүгінде 100 мың адамға шаққанда 3 адам ауырса, дәрігерлер дабыл қағады. Ал ол кезде 100 мың адамға 50 науқас болған. Осыдан-ақ індеттін ауқымын бағалай беріңіз.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін менингиттін өршуі күрт бәсендей бастады. Мұның нақты себебін біле алмаған ресейлік медицина мамандары «Соғыстан кейінгі КСРО-да өмір соншалықты жақсарып кеткен жоқ. Бұл қалай?» деп бас қатырды. Кейін мұның себебін түсініп, менингитке көбіне тепсе темір үзер жас жігіттер шалдығатынын дәлелдеді. Соғыстан кейін олардың қатары азайғандықтан менингиттің кездесу жиілігі де төмен көрсеткішті көрсеткен.
Ал 1969-1973 жылдарда ер азаматтардың жаңа буыны өскенде елге тағы бір індет келді. Бұл менингит қоздырғышының II суб-топты менингококк болуы жағдайды одан бетер қиындатқан. Алғаш рет 60-жылдардың ортасында Қытайда пайда болған бұл қоздырғышты елге шығыс экспресс жолаушылары (Қытай арқылы КСРО оқу орындарына келген жас вьетнамдықтар) жеткізген.
Бұдан кейін қытай менингококкының тарихы 1996 жылы қайта жалғасты. Ол кезде тағы да бірінші болып вьетнамдықтар ауырды. Олар Қытайдан тауар тасып, базарда сататын. Індет вьетнамдықтарды тез арада егу арқасында тоқтатылды. Соған қарамастан, Мәскеуде аурудың тарауы қалыпты жағдайдан екі есе жоғары болды. 2004 жылдын жазында тағы да менингиттің кезекті індеті келеді деген қауіп туды. Алайда бұл дерттің алдын алу үшін барлық қалада балалар жаппай егіліп, соның арқасында аурудың тарауына тосқауыл қойылды.
Жұлдыз Рахымжанова,
Кардиология орталығының кардиореанимация бөлімінің медбикесі
Фото: yusupovs.com