Елімізде отандық медицина инфрақұрылымын жаңғырту, фармацевтика өндірісін дамыту және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында халықаралық әріптестік нығайып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жақында Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) шеңберінде екі елдің денсаулық сақтау министрлері маңызды кездесу өткізді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоглу 2027-2028 жылдарға арналған кешенді ынтымақтастық жоспарына салтанатты түрде қол қойды. Стратегиялық құжат медициналық инфрақұрылымды өркендету, отандық фармацевтикалық өндірісті ұлғайту, салаға заманауи цифрландыру жүйелерін енгізу, ғылыми зерттеулерді ілгерілету және білікті кадрлар даярлау сияқты басым бағыттарды қамтиды. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру мәселелері де назарға алынды. Қол қойылған құжат қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты тетігі болып табылады. Оның аясында нақты іс-шаралар айқындалып, жауапты ұйымдар жүйелі түрде жұмыс жүргізеді.
Кездесуде түрік инвесторларының Қазақстанның медициналық инфрақұрылымына қосып жатқан үлесі ерекше атап өтілді. Мәселен, Rönesans Holding компаниясы Көкшетау қаласында 630 төсектік заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын қарқынды жүргізіп жатыр. Ал YDA Group ұйымы Түркістан мен Петропавл қалаларындағы жаңа медициналық орталықтардың іске қосылуына қатысуда. Оған қоса, Orhun Medical компаниясымен ядролық медицина мен диагностикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды келісім орындалуда. Қазіргі таңда Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жоғары дәлдіктегі ПЭТ/КТ орталықтары халыққа қызмет көрсетуде. Фармацевтика саласында Abdi İbrahim мен Nobel İlaç компанияларымен дәрілік заттар мен активті ингредиенттер өндірісін құруды көздейтін екі ірі инвестициялық келісім орындалуда. Екі елдің реттеуші органдары отандық нарықтағы фармацевтикалық инспекция мен зертханалық сынақтарды халықаралық стандартқа сай жүргізуге ниетті.
Түркияның ауруханаларды цифрлық басқару тәжірибесі, оның ішінде e-Nabız платформасы мен клиникалық үдерістерді автоматтандыру тәсілдері еліміздің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға үлкен септігін тигізеді. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Түркияның Денсаулық сақтау институттарымен (TÜSEB) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, клиникалық тәжірибе алмасу шаралары жоспарлануда. Сондай-ақ елімізде жетекші түрік мамандарының қатысуымен кардиология, нейрохирургия, оңалту және шұғыл медицина бағыттары бойынша «Түрік медицинасы күндерін» өткізу ұсынылды. Бастама аясында отандық дәрігерлерге арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, тұрғындарға арнайы консультациялар беріледі. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің сапасын арттыру және аурулардың алдын алу жүйесін дамыту халықтың өмір жасы мен тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады.
Қазақстан мен Түркия арасындағы бұл серіктестік еліміздегі медициналық кәсіпқойлықты өсіріп, әрбір азаматқа сапалы емдеу қызметтерінің қолжетімді болуын камтамасыз етеді. Екіжақты уағдаластықтар өңірлердегі, соның ішінде Жетісу облысындағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, кадр сауаттылығын өсіруге және халыққа көрсетілетін қызметтің жеделдігін арттыруға негіз салады. Денсаулық сақтау саласындағы осындай реформалар мемлекеттің әлеуметтік әл-ауқатын көтерудің басты кепілі болып табылады. Екі елдің жауапты өкілдері таяу арада бекітілген жоспарды практикалық тұрғыда жүзеге асыруға кіріседі.





