Облыстық перинаталдық орталығы жаңа заманауи реанимациялық құрал-жабдықтармен толықты. Игі жоба «AYALA» қайырымдылық қорының «Тыныс сыйлайық» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Облыстық перзентхана екі қала мен 104 елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда жыл сайын 6 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Сондай-ақ, облыстың аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларынан ауыр жағдайдағы жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер санитарлық авиациямен осы орталыққа жеткізіледі.
Орталық директоры Назгүл Иманғалиеваның айтуынша, бүгінге дейін неонаталдық реанимация бөлімінде заманауи құрал-жабдықтар тапшы болған.
– Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауының арқасында жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Бізге аса қажетті құрал-жабдықтарды жедел жеткізген «AYALA» қайырымдылық қорына зор алғыс білдіреміз. Мақсатымыз – әрбір сәбидің өмірін сақтап қалу. Жаңа медициналық техникалардың көмегімен биыл көрсетілетін көмектің сапасы айтарлықтай артады деп сенеміз, – деген орталық директорының сөзіне қарағанда неонаталдық реанимация бөліміне жалпы құны 49,2 миллион теңгеден асатын 15 дана медициналық техника берілген.
Оның ішінде екі өкпені жасанды желдету аппараты, екі инкубатор, реанимациялық үстел, пациент мониторлары, фототерапия шамдары, сондай-ақ, шприцтік және сорғыш насостар бар.
«AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова өткен жылы Панфилов аудандық перзентханасының да неонаталдық реанимациясы жабдықталғанын атап өтті.
– Сол уақыттан бері ондаған сәбидің өмірі сақталып, жүздеген нәресте фототерапияның арқасында ауыр асқынулардан аман қалды. Осы маңызды жобаға қолдау көрсеткен «Mamma Mia» мейрамханалар желісі мен жеке демеушіге ризашылық білдіреміз, – дейді қор басшысы.
2021-2023 жылдары «AYALA» қайырымдылық қоры Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталыққа феталдық мониторлар, фототерапия шамдарын және автоматты гипотермия аппаратын сыйлаған болатын.
«Тыныс сыйлайық» жобасын «AYALA» қайырымдылық қоры 2007 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде қор еліміздегі перзентханалар мен перинаталдық орталықтарға 1600-ден астам медициналық техника тапсырған.
Гүлжан ТҰРСЫН





