Облыстық кардиологиялық орталық базасында алғаш рет ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар науқасқа жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантациялау операциясы жасалды.
Күрделі хирургиялық араласу Жетісу кардиоорталығының мамандары мен Астана қаласындағы «Жүрек орталығы» дәрігерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Ота шамамен төрт сағатқа созылып, оған 15 медицина қызметкерінен құралған команда қатысты.
Облыстық кардиологиялық орталық директоры Нұрсана Сурашевтің айтуынша, мұндай технологиялардың енгізілуі өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтеді.
– Біздің ұжым үшін бұл үлкен кәсіби тәжірибе. Алдағы уақытта осындай оталар жергілікті мамандар күшімен де орындалатынына сенеміз. Бұл жоғары технологиялы медициналық көмекті халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік береді, – деді орталық басшысы.
Имплантацияланған құрылғы жүректің ауыр жеткіліксіздігі кезінде қолданылады. Мұндай жағдайда жүрек ағзаға қажетті қан көлемін өздігінен айдай алмайды. Жасанды сол жақ қарынша жүрек бұлшықетінің жұмысын қолдап, науқастың өмір сапасын едәуір жақсартады.
Бүгінде облыста жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша диспансерлік есепте шамамен 90 мың адам тіркелген. Олардың ішінде оннан астам науқас осындай жоғары технологиялы араласуларды қажет етеді.
Жүрек орталығының №2 кардиохирургиялық бөлімінің меңгерушісі Светлана Новикованың айтуынша, мұндай медициналық көмектің өңірде қолжетімді болуы пациенттер үшін аса маңызды.
– Бұрын облыс тұрғындары Астана қаласындағы клиникаларға баруға мәжбүр болатын. Енді олар емделу, бақылау және оңалту шараларын өз өңірінде ала алады. Бұл науқастар мен олардың отбасыларына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады, – деді ол.
Ашық жүрекке жасалатын операциялармен қатар, кардиоорталықта аз инвазивті емдеу әдістері де қарқынды дамуда. Биыл күрделі жүрек ырғағы бұзылыстарын емдеуге бағытталған заманауи технологиялар енгізілуде. Соның бірі – ауыр аритмиясы бар науқастарға үш камералы кардиовертер-дефибриллятор орнату.
Сонымен қатар, мамандар митралды қақпақша жеткіліксіздігін ашық операциясыз түзетуге мүмкіндік беретін MitraClip технологиясын да сәтті қолдануда. Бұл әдіс әсіресе егде жастағы және операциялық тәуекелі жоғары науқастар үшін тиімді.
Жыл басынан бері облыстық кардиологиялық орталықта коронарография, стенттеу және аритмияны емдеу сияқты 1200-ден астам жоғары технологиялы медициналық емдеу жасалды. Дәрігерлер заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің дамуы өңір тұрғындарына өңірден шықпай-ақ сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп отырғанын айтады.
Гүлжан Тұрсын





