«Тұмау – әлемде кең таралған, вирустан туындайтын жіті респираторлық жұқпалы инфекция. Облыс бойынша жіті респираторлық вирустық инфекцияның 15 333 жағдайы тіркелді. Оның ішінде сырқаттанған 14 жасқа дейінгі балалар 66,7 пайызды құрады», – дейді Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Чарапиев.
Зертханалық расталған тұмау жұқпасының 1 жағдайы ересектер арасында анықталған. Былтыр эпидемиялық маусымда тұмаудың 129 жағдайы тіркелді.
Жалпы, ауру жасырын түрде басталады. Инфекция жұқтырғаннан бастап аурудың алғашқы белгілері бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады. Аурудың белгілері өте тез басталатындықтан барынша сақтық шараларын ұстанған жөн.
Тұмаумен сырқаттанушылық қараша айында басталады. Қаңтар, ақпан айларында шарықтау шегіне жетеді. Тұмау жұқпасының алдын алудың ең тиімді жолы – тұрғындарды иммундаумен қамту. Эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы иммундау 18 қыркүйектен басталды. 2024 – 2025 жылдарға барлығы 83 000 доза жергілікті бюджет есебінен және 200 доза жұмыс берушілердің есебінен сатып алынды. Бұл облыстың жалпы халық санына шаққанда 12%-ды қамтиды.
Бүгінгі күнге тұмауға қарсы жергілікті бюджет есебінен жоспарланған 82143 адамның 75096-сы егілді.
Тұмаудың алдын алудың ең қолайлы, кең таралған түрі – тыныс алу жолдарын қорғау үшін қолданылатын бетперде. Осы кезеңде мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан және жаппай шаралар ұйымдастырған жерге баруды шектеген жөн. Әсіресе балалар үшін жұқпа көзі мүмкін болатын қарым-қатынасты уақытша доғару қажет.
«Жетісу-Ақпарат»