Денсаулық сақтау саласының мамандарының айтуынша, адам ағзасында бақыт гормоны болады. Бір қызығы ол түнгі уақытта бөлінеді. Сондықтан адам сағат оннан кейін терең ұйқыға батып, демалғаны дұрыс.
Бақыт гормоны тыныққан ағзаға күш береді. Адам денсаулығының нығаюына ерекше әсер етеді. Ол сағат 23:00-ден 2:00-ге дейін бөлінеді. Ал, түні бойы көз ілмеген адамның ағзасында бөлінбей қалады. Олардың тез қартаюының себебі де осында. Оның үстіне ағза күш алмағандықтан шаршап, әлсірейді.
Қазіргі кезде көптеген бала түнгі мезгілде интернетте отырады. Медицина мамандары түнде ұйықтамаудың денсаулыққа кері әсер ететінін ескертеді. Ағза бақыт гормонын алу үшін уақытында көз шырымын алып, миды тынықтырған жөн. Ұйқысы қанбаған ұл-қыздарымыздың дел-сал болып, көзіне ұйқы үйіріліп, ашуланып, ештеңеге зауқы соқпай жүретінін жиі көреміз. Бұл – жүйкенің шаршауының салдары.
Түнгі телесериалдарға әуестенетіндер де күш-қуатын соған жұмсап қояды. Кейіпкерімен бірге қуанып, бірге жылайтындар бар. Ақырында, басқаның тілеуін тілеймін деп, өздері шаршап-шалдығып жүреді.
Әр нәрсенің өлшемі бар. Артық шұғылданса, спорт та зиян. Сол сияқты ойлы боламын деп, тұңғиыққа батсаң, ой да тереңге тартып әкетеді. Әнді де шектен тыс тыңдасаң, басың ауырады. Сондықтан денсаулықты сақтау үшін бір мезгіл миды тынықтыру, түнгі ұйқының құшағына ену – ағза үшін пайдалы. Мамандар айтқандай, уақытымен ұйықтап, бақыт гормонынан қуат алыңыз.
Гүлжан Мұқашқызы





