Талдықорған: +36°C
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ДІН МЕН ДӘСТҮР

Дара дәстүр немесе «Табалдырық» туралы түсінік

19.06.2026
ДІН МЕН ДӘСТҮР
Дара дәстүр немесе «Табалдырық» туралы түсінік
WhatsAppTelegramFacebook

Әр сөздің түпкі төркініне мән беретін исі қазақтың бүгінгі сөздік қолданысында айтылып-айтылмай, ескеріліп-ескерілмей жүргені қаншама?! Соларды салмақтай отырып, бастауы асқаралы әдебиет пен ауыз екі әңгімеден басталар, мағынасы мен мәні, яки, сілемі шатқал-сай қуалай барып мұзарттай мұнарлы ырым мен тиымға барып тірелер бірқаншасын ретімен атап, мейлінше бүгінгі ұғымға лайықтап баяндауға бейіл таныттық. Әуелі қазақтың қасиетті «Табалдырық» сөзінің мәнін, артынша кісі баласы өмірден өткенде атқарылар жоралғыларды толғамақпыз. Бұл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен кітап оқитын ұлтқа айналдыру үрдісінде халқымыздың зейінін салт-дәстүр мен тарихи кітаптарға бұру үшін мейлінше пайдалы болар деп топшылап отырмыз.

Рас, қазақ өз тұрмысындағы, бағзыдан бүгінге дейін жалғасқан дүниелерін қадірлеу, қастерлеу аясында мейлінше бай өнеге қалыптастырған. Мәселен, табалдырық атауына қатысты біз не білеміз? Әуелі табалдырық қазақ баспанасының ең негізгі бөлшегі екенін аңғаруға болады. Сондықтан да «Табалдырықтан артық тау жоқ» деп мәтелдейді. Қастерлейді.

Бүгінде айтылып, кейбір дәстүрге қатысты жазылып жүрген «Табалдырық аттау» жоралғысы қазақтың бай мәдениетінің бір бөлшегі. Жаңа түскен келіннің аттар жері – табалдырық. Ал сол қызды мәпелеп өсірген құдалардың да ең алғаш аттар тұсы табалдырық екенін білеміз.

Адам баласы жер бесіктен ағаш бесік арасындағы ғұмыр сүрдегінің белгісін, яғни тірі жүргендегі шығар күнделікті тауын «табалдырық» деп білген. Бұл орайда ғылыми еңбектерге зейін қойсақ әрі жазылып жүрген пікірлерге назар аударсақ: «Ұл жақтың адамдары құда түсе келгенде, қыздың жеңгелері құдаларды үйге кіргізбей табалдырық аттатпай тосып алады да, «табалдырықаттар бер» деп кәде сұрайды. Дайындалып келген құдалар көйлек-көншек, не ақша беріп, табалдырық кәдесін өтеп барып үйге кіреді, төрге шығады. Оны қазақ кәдесінде «табалдырық аттау» деп атайды», – деген жақсы, мазмұнды толғамдарға кезігесіз. Бұл шындығында біздің дәстүрімізде бар жоралғы.

Дана қазақта «табалдырықтан артық тау жоқ, кәдесін өтемесең одан асқан дау жоқ, жеңгеден озған жау жоқ» деп қалжың айтып кәде өтеп үйге кіруді жақсы салт, танысудың сыры, кісі сынаудың сыны еткен екен. Сонымен қатар бай мәдениетіміздің мейегі болған «сөз қоржынға» зейін салсаңыз: «Табалдырықта бақ тұрады», «Табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, ондай жерде жау болатын адамдар ғана қол беріп, сәлем алысады» деген сөз бар. Мұның мәні тереңде.

Шыны керек бүгінгі күні «Табалдырық аттау» жоралғысын өзгертіп, өңін айналдырып «Босаға аттау» деп де жазып жүргендер бар. Неге олай жазады? Қандай заңдылыққа сүйенеді? Бұл сұрақтарға аса мән бермей, бас ауыртпай жүрген этнографтарға таңымыз бар. Әр заттың өз орны, маңызы, қасиеті, атқаратын қызметі болатыны секілді, қазақ есіктің ең астыңға бөлігін табалдырық атаған. Ал сол қасиетті құжыраға, яки үйге, шаңыраққа бастар есіктің екі жақтауын «босаға» деп атаған. Есіктің оң, сол қанатын. Сонда аттайтын жеріміз не? Босаға ма? Табалдырық па? «Табалдырықты баспа» деп келетін ырым-тиым барын атап өттік. Бұл ретте байырғы бабаларымыз бізге «Босағаны баспа» деп айтқан емес. Керісінше «Босағаны керме» деп қатаң тиым салып отырған.

Бүгінгі таңда қазақтың той жыры, әніне мен берсеңіз:

«Ақ босаға аттады,

Ашылды бір бақтары», – деп келетін ән ел ішінде сан мәрте айтылып келеді. Алайда әдеби жанрда поэзия түрінде жазыла салған бұл ән мәтіні, негізінен логикалық қателік қана емес, біздің мәдениетіміздегі әр заттың өз орнын, қасиетін, қолданысын бұзушылыққа пара-пар секілді көрінетінін жасыра алмаймыз. Сол секілді ауызекі атылымда: «Ақ босағамызды адалынан аттаған келін ғой» деп ене мен атаның еміреніп отыратын пікірін жүрекке жылы ұшыратқанымызбен, мұның да қате екені даусыз. Осындай бағаны келінге берерде ішкі тебіреніс пен сүйініштен шыққан сөздің өңін айналдырып, тәртіпке түсіріп: «Табалдырығымызды тектілікпен аттаған келініміз ғой» десе, жарасып-ақ кетер еді-ау.

Хош, қазіргі күнде құдалардың алдынан тосып, табалдырықтан ішке енгізбей тұрып «табалдырық аттау» ғұрпын орындап, кәдесін сұрап жүрген жеңгелерді кездестірмейсіз. Құдалардың алдынан тосып, табалдырық алдында күттіріп қоюды ұят санайтын кезеңге тап болып отырмыз. Шындығында «табалдырық аттау» ғұрпын орындап, кәдесін алу құдалықтың бастамасы еді. «Таудай биік» табалдырықты құрметтеген жаңа құдалар да қазақтың ежелден келе жатқан бұл дәстүрін құрметтеуге тиіс еді. Алайда уақыт сынына шыдас бермеген май дәстүріміздің бір жоралғысы келместің кемесімен жөңкіп бара жатқаны ғана көңілге мұң ұялатады.

Рас, табалдырық мәнін ашу мақастында дәстүрлі, тарихи кітаптарға барынша назар аудардық. Ресми ақпарат көздеріне шұқшидық. Сайт, порталдарға жүктелген жазбаларға зейін қойдық. «Бүгінгідей дамыған ақпараттық технологиялар заманында ата-бабамыздан қалған ырымның астарын біле бермесек те, оларға іштей сеніп, көпті көрген үлкендердің айтқан сөзінен аттағымыз келмейтіні рас. Үйге кірерде кідіріп қалсаң, «табалдырықта тұрма» дейтін қазақи ырымның қандай мәні бар? Басқа ұлттарда осындай сенім бар ма? Халқымыздың сан ғасырлық тарихи дамуы барысында өмірлік тәжірибе мен сенімнің, әртүрлі аңыздардың нәтижесінде ырым-тыйымдар мен наным-сенімдер қалыптасты. Аталмыш ырым-тыйымдарды ұстану арқылы қандай да бір жақсылықтың болатынына, бақыт пен қуаныш әкелетіндігіне сенген», – деп торлғана отырып, сол «Табалдырықта тұрма» деген тиымды тарқатып бере алмаған журналисттердің жазбасын ұшырастырдық. Алайда біз бұл ретте «Табалдырықта тұрма» сөзінің мәнін айрықша айшықтап өткіміз келеді.

Қазақ халқы қазан, қазық, табылдырық, уық, шаңырақ секілді тұрмыс-салтында қолданған заттарды аса қадірлей білген. Бұл дүниелерге қатысты мәтелдер мен ырым-тиымдар мол. Соның бірі саналған «Табалдықта тұрма» сөзінің мәні төмендегідей.

Қазақ мәдениетінде кісі баласы өмірден өткенде, жау шапқанда елге хабаршы келу салты бар. Сондықтан да жау төнген жұртына, қаралы үйге адам ат басын еркін қойып аңыздатып келген. «Жау шапты» деп атты құйындай шаптырып елге хабар берсе, қимасы өмірден өткенде тұлпарын сондай шабысқа салып «Бауырымдап» жоқтаған, яки хабар берген. Бұл ретте қара қжамылған үйге хабар жіберудің де өз мәдениеті болған екен. Үйде қартаң адам, абзал қариялар болса, оның бас ұрпағы қыршын кетсе адам ат қойып келмей, қадірі асқан жанның жүрегі қозғалып кетпеуі үшін бас киімін қолға алып үйге үнсіз кірген. Төрге өтпей, табалдырықты басып тұра қалатын болған. Жөн білетін жақынының босағаны керіп, табалдырықты басып тұрғанын көрген абзал жан мәселені бірден ұғатын болған. «Тақиясыз, табалдырық басып тұрғанына қарағанда, бір боздағымнан айырылдым-ау» деп іштей дайындалып, бекінеді екен. Осылайша қазақ мәдениетіндегі мәтелдер менырым-тиымдардың себепсіз туындамағанын көруге болады.

Бұл орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты кібындағы мына бір жазбаға назар аударайық: «Жайшылықта ауылға қатты жүрсіпен келуге тиым салынатынын әркім біледі деп ойлаймын. Оның мәнісі ерекше жайтты, хабар жеткізуді білдіретін. Яғни, ең әуелі іс-әрекетпен жаман хабарды естірткелі тұрғанын білдіріп, адамды оған дайындау қамы. Есікті керіп, табалдырықты басып тұрып, қаралы хабарды естіртіп, хабаршы келесі ауылға жөнелетін», – деп толғанады аталған кітаптағы сұхбатында тарихшы, этнограф Д. Қатыран.

Осы тақылеттес сан жазбаны ақтарып, ой елегінен өткеріп көрсеңіз бір ғана «табалдырық» сөзінің сан түрлі рөлін, қасиетін аңдауға болады. Арнайы жазылған мақалаларға көз жүгірту арқылы қазақ қана емес, славян хлықтары да табалдырыққа өзгеше сеніммен қарағанын аңдадық. «Ал славян халықтарының сенімі бойынша табалдырық киелі жер саналады. Қандай да бір затты  табалдырық арқылы берсең, өз бақытың мен қуанышыңды бергенің. Сондай-ақ, ежелгі дәстүрлері бойынша табалдырықтың астына қайтыс болған адамдарды жерлеген. Көбінесе, үй жануарлары табалдырыққа келгенде кідіретінін байқаған боларсыз. Орыстардың сенімі бойынша мысықтың өзге әлеммен қатысы бар. Ескі сенім бойынша олар өлгендердің рухын көргендіктен табалдырықтан өтерде кідіріп қалады екен», – дейді «Табалдырықта тұрған құт па, рух па?» атты мақаласында журанлист Балжан Халық.

Ал енді бай дәстүрімізде айтылған дүниені ары қарай талдап көрейік. Қаралы хабарды табалдырықты басып, босағаны, яғни есікті керіп тұрып айтты десек, қазақ тарихында кісі баласының өмірден өткенде атқарылар жоралғылары туралы рет-ретімен қысқаша толғап өтелік.

Ықылымға ойша сана жетелетіп көрелік. Елге қара бұлттай қаптап келген қалың жаудың дегбірді алып, ыңыршақты ырғайдай күйге түсіргеніне, арып-ашқан жұртты жалмап жейтіндей желігіп жүргеніне біраз болған. Шұбырған көштің соңына аш бөрідей тиіп, ес жинатпай соққы береді. Осындай шақта елін-жерін қорғауға аттанар, ажалға басын тігер аламан қолдың қолбасшысынан тартып, сарбаздардың сауытын шешіп, ақтық кигізеді қалың жұрт. Сақалын жаспен сауған ақсақалдар тірідей жаназаларын шығаруға мәжбүр. Діни рәсім аяқталған соң сауытын киген аламанды дүркірей атқа қондырады. Өлгені көмусіз қалса да өкінбеске серт етеді. Өйткені – жаугершілік заңы солай.

Тарихи кітаптарды ежіктеп отырып осындай эпизодқа бірнеше рет кезіккенбіз. Елеусіз қалып келгенімен, кейіннен дәстүр туралы жазбаларды сұрыптап, талдап, зерделей отырып мұның ғұрпымызда болғанын анықтадық. Қазақ, яки байырғы бабаларымыз жаназаны тірідей шығаруды екі жағдайда қолданған екен. Әуелгісі жоғарғыда айтылғандай. Шапқыншылық заманында ақыл-есі ауғандай сергелдең күйге түскен көпшілік азаматын арулап көмуге мұрша таппаған. Көп жағдайда қиыр мен қиянда денесінен басы ажыраған сарбаздарын жинап алуға мүмкіндік таба алмаған. Сондай сәтте арыстай азаматтарына тірідей жаназа оқып, майданда көз жұмғандарын шейіт болды деп мүмкіндік болса жер қойнына берген. Ал екіншісі – ұзақ сапарға, яғни қажыға бару секілді көші бірнеше айға дейін шөгерілмес қиянға аттанар адамға тірідей жаназа оқылған. «Артында қалған елі өз қолынан ақ жауып, арулап, кебін кигізіп жаназасын шығарып жіберу салты қажыға аттанарда қолданылатын. Өйткені, қажылық сапарда қайтыс болған адамды шейіт болған адамдар қатарына жатқызатын болған», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыран. Мұндағы бір ескеретін дүние – дінтанушылардың айтуынша, қажылық сапар алдында жаназа оқылуы ислам канондарында қарастырылмағаны, біздің байырғы діни түсінігіміз бойынша қалыптасқан ғұрып екенін де есте ұстауға тиіспіз.

 Жалпы алғанда қазақ дәстүріндегі «жаназа» ұғымы мен осыған қатысты ғұрыптар мейлінше маңызға ие әрі бай. Қарапайым түрде осынау жүлгені екі циклдық жазба арқылы баяндап өтуді ойлап отырмыз. Оның біріншісі – уақыт көшімен ұмыт қалған ырым-тиымдар жайында болса, екінші – қаралы хабарды жеткізу мен мәйітке қатысты дүниелер. Біз бұл жазбада әуелгісіне басымдық бермекпіз.

Адам өмірден өткен қимасын ақыретке жөнелтер, яки қабірге қояр сәтте айрықша есте ұстауға тиіс жоралғылар мен тиымдар бар екені ескі көздерге мәлім болғанымен, жаһандану заманына ілескен бүгінгі буынның өзі кей дүниені ескермей жатады. Соның бірі – мәйітті үйден шығару кезінде атқарылуға тиіс дүние. Көбіне аулаға қойылған табытқа (зеңбіл) салуға ыңғайлы болсын деп мәйітті  бас жағымен есіктен шығармаған. Табалдырық деген тірілер үшін қасиетті жерден мәйітті аяғымен шығарған. Сол секілді «мейрам су» мен «арулау» дәстүрі бойынша құмғанды қолдың сыртымен және сол қолымен қолданбаған. Яғни, өлікке құрмет есебінде оң қолдың ішімен су құйып жуындырған.

Осы ретте айта кететін дүние – «мейрам су» деген қайтыс бола салысымен алғашқы жуындыру, ал жоғарыда астын сызып өткен «арулау» сөзі – кебіндеудің алдындағы жуындыру.

Өмірден өткен адамның аузы ашылып қалмауы үшін жағын таңу, аяқтарының арасы ашылмауын қамдап екі байпайының арасын қосып байлауды көп жерде әлі ұстанып келеді. Сондықтан бұл хақында, мәйітті жуындыру тәртібіне тоқталудың маңызы жоқ деп ойлаймыз. Дегенмен қатты ескеретін ырым-тиымдар ішінде тірі адамның аяғын таңуға болмайтынына да мән берейік. Адам өмірге келе салысымен кіндігін кесу арқылы жалған дүниеден бір күні дәмің таусылып, күнің үзілетінін емеуріндесе, ақ жөргекке ораудың маңызы – күні ертең осындай ақ кебінге бөленесің дегені екенін білеміз. Мұны Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы:

«Кіндікті кесіп тастамағы –

Жас өмір сүйтіп қиылған.

Ақ бұйымға орай бастамағы –

Кебінің сондай бұйымнан», – деп жырлаған. Сол секілді өмірге келген нәрестенің аяғын алғаш буу – тұсаукесер рәсім, мұның жалпы мазмұны өмірде сүрінбей шапқыласын деуі болса, дүниеден өткенде бууы осымен қара жердегі мезгілің бітті дегені екенін де этногафтар мен дінтанушылар жазбасынан аңғардық. Ал бұл ретте жарық дүние жамалына тояттап жүрген тірі адамның аяғын бууға болмайтынын қаперде ұстағанымыз жөн.

Бүгінгі таңда жаназа оқылып, мәйітті жерлегеннен кейін қаралы жиынға келгендерге беторамал немесе тақия үлестіру белең алды. Соны әлеуметтік желіде дұрыс емес дейтіндер шыққанын ескерсек, әрі соңғы кезде кеңінен тарап кеткен бір видеоға ерекше  мән бергіміз келеді. Өмірден өткен ет жақынына көңіл айта келген адамдарға су жаңа кілемнен тартып, тойбастарда да ұсынылмайтын қымбат бұйым үлестіріп жатқан видеоны көзіңіз шалған болар?!

Қаралы үйдің қазанын көтертпес кешегі жомарт, жаны жұмсақ халықтың бүгінгі буыны өлімді осылайша тоймен шендестіріп жіберді. Қынжылтар дүние. Қабір басында беторамал тарату – кешегі жыртыс берудің жаңғырған, жаңаша түрі деуге болады. Алайда тақия тарату ше? Кілемнен тартып түрлі бұйым үлестіру қаншалықты қате болса, қабір басында тақия тарату да қазақтың дәстүріне томпақ келеді. Шыт беру, жыртыс тарату секілді беторамал заманға лайықты үлгімен қалыптасса, тақияға еш орын жоқ. Дегенмен жерлеп келген жамағайынан таңдалған адамдарға, жекжат-жұрағатқа  «сыйыт» деп киім таратылады. Бұл жерде тақия беру орынды.

Өмір бар жерде адамның дүниеден көшетіні белгілі. Қазақтың «сұраусыз өлім», «жоқтаусыз өлім», «ақ өлім», «бұйырықты өлім», «ит өлім» деп келетін сан атауын келесі мақаламызда тарқатып айтармыз. Алайда, адамның жанына ауыр тиетін «жас өлімнен» де ілгері шақалақтың шейіт кетуіне (шетінеуіне) аз-кем тоқталайық. Дәстүрімізді індете, тереңдей зерделеген этнографтардың айтуынша, халқымыз шетінеген шақалаққа жаназа шығармаған. Кісі баласы өмірден өткенде «Иманы жолдас болсын», «Жаны пейіште шалқысын» деп көңіл айтып, артындағыларға тілеулестік білдірсе, шетінеген шақалаққа қаратып «Шапағатшы болсын!» деген. Періште қалпымен өмірден өткен шақалақ ақыретте туған-туысына, ата-анасына шапағатшы болады деп сенеді. Бұл ретте де ескеретін дүние, жарық ғаламға дауыс шығарып, яки кісі баласы екенін білдіріп «іңгәлап» келген нәресте өмірден өтсе, шырылдау арқылы бұл дүниелік екенін әйгілеп үлгерсе оған «Бақытқұсы», «Бақилық» деген есім беріп барып қана жаназа шығарылған…

Бұл ретте, біз барлық толғамдардың тұжырымы бір адамның жазбасына байланысты еместігін де атап өткіміз келеді. Біз солай зерделедік екен деп, дәстүр өз құндылығын, уақыт өз талабын өзгертпек емес. Десе де, әрбір сөздің, ырым-тиымның, жоралғының мәнін біліп жүрген де абзал.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Дара дәстүр немесе «Табалдырық» туралы түсінік

Дара дәстүр немесе «Табалдырық» туралы түсінік

19.06.2026
Қарымта ойында шешіледі

Халық ойындары. Жетісудың футболшылары жеңімпаз атанды

19.06.2026
Қазақстан театрларына қызығушылық артып келеді

Қазақстан театрларына қызығушылық артып келеді

19.06.2026
Елімізде цифрлық кітапханаларға сұраныс артып келеді

Елімізде цифрлық кітапханаларға сұраныс артып келеді

19.06.2026
Алакөлге демалысты қалай жоспарлаған жөн?

Алакөлге демалысты қалай жоспарлаған жөн?

19.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.