Рамазан айы – мұсылман жұртшылығы асыға күтетін, жүрекке иман нұрын себетін ерекше кезең. Ол – тек белгілі бір уақыт аралығында тамақ пен судан тыйылу ғана емес, адамның жан дүниесін тазартып, рухани тұрғыдан жаңаратын айы.
Ораза ұстау арқылы адам сабыр сақтауды, төзімді болуды үйренеді. Таң сәріден күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылу нәпсіні тәрбиелеп, ерік-жігерді шыңдайды. Аштық пен шөлді сезіну арқылы адам өмірдің қадірін түсініп, барға шүкіршілік етеді. Сонымен қатар, мұқтаж жандардың хәлін тереңірек ұғына бастайды. Осылайша жүректе мейірім мен жанашырлық сезімі күшейеді.
Рамазан – қайырымдылық пен ізгіліктің айы. Адамдар садақа беріп, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге, жетім-жесірге қол ұшын созуға тырысады. Қоғамда бауырмалдық артып, бірлік пен татулық нығая түседі. Адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, өкпе-реніштерін ұмытуға талпынады. Сонымен қатар, Рамазан – рухани білімді арттыратын уақыт. Көпшілік бұл айда Құран оқып, дұға жасап, ғибадатқа көбірек көңіл бөледі. Әрбір жасалған игі іс пен айтылған жақсы сөздің сауабы еселенеді деп сенеді. Сондықтан әр адам өз мінез-құлқына назар аударып, жаман әдеттерден арылуға, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға күш салады.
Ораза адамға уақыттың қадірін де үйретеді. Күнделікті тіршілікте мән берілмейтін қарапайым нығметтердің өзі ораза кезінде ерекше бағаланады. Бір жұтым судың, бір үзім нанның қадірі арта түседі. Ертең басталатын қасиетті айды ақ ниетпен, таза жүрекпен қарсы алайық. Әр күнімізді бос өткізбей, пайдалы істермен, игі амалдармен толықтыруға тырысайық. Жақындарымызға жылы сөз айтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетейік. Рамазан – тек ғибадат айы ғана емес, ол – адамгершілікті арттыратын, жүректі жұмсартатын, рухты биіктететін ай.
Қорытындылай келе, Рамазан – әр адамға өзін-өзі тәрбиелеуге, өткеніне есеп беріп, болашағына дұрыс бағыт алуға берілген үлкен мүмкіндік. Осы қасиетті ай әр шаңыраққа береке, әр жүрекке тыныштық, әр жанға сабыр мен қуаныш әкелсін.
Фариза Мүшембай
ЖУ студенті





