Қазіргі кезде дінге қатысты мәселелер өзекті тақырыпқа айналды. Радикал сипаттағы діни ағымдардың насихатшылары мемлекеттің қағидаларын қабылдамауға шақырады. Мұндай идеология әртүрлі діндерді ұстанатын, көп этносты Қазақстан қоғамы үшін қауіпті.
Радикалды идеялар халықты сан- ғасырлық мәдениеті мен салт-дәстүрінен алыстатуды көздейді. Тарихын ұмыттыруға, дәстүрін бұзуға әрекет жасайды. Радикалды діни ағымдардан келетін қауіп-қатерді халық арасында кеңінен түсіндіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған орай Ақсу ауданы, Көшкентал ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері «Экстремизмге жол жоқ!», «Теріс ағымның жетегінде кетіп адасқандар» деген тақырыпта ауыл жастарымен әңгіме-сұхбат өткізді. «Терроризм ұлтқа төнген қауіп» атты тәрбие сағатында жоғары сынып оқушылары ойларында жүрген сұрақтарына мамандардан тиісті жауаптар алды.
Тәрбие сағатында мәдениет қызметкерлері де балалардан экстремизм жайлы не білетіндерін сұрады. Олар мемлекеттің қағидаларын ұстанатындарын, зайырлы қоғамның білікті маманы болуға күш салатындарын жеткізді.
Дін – адамзат тарихында ізгіліктің құралы. Технология мен ғылым дамыған кезде діни арандатушылар пайда болды. Осыдан барып, жастар адаса бастады. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалық енгізіп, дін, тіл, діл, мәдениет, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыздан айыруда. Халық арасында араздық, тасбауырлық тудырып, ынтымағы, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келді. Түрлі ағымдар елдің санасын улауда белсенді жұмыс жасауда.
Тәуелсіздік алғалы ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктігіміз – ислам дінінің еркіндік алуы. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрді жалғастыруға бет бұрғанымыз. Әлем жаһанданса да табиғи сабақтастықтан ажырамауымыз керек. Салт-дәстүрін білетін адам ешқашан экстремистік ағынның қолшоқпары болмайды. Арандатушылардың торына түспейді. Тәрбие сағатында осы ойларымызды баяндама ретінде оқып, жастарды пікірсайысқа шақырдық. Балалардың бағыты ұнады. Барлығы мемлекеттік қызметте істеп, қоғамды алдыңғы қатарлы елге айналдыруды көздейді.
Әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден-ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсінген. Сондықтан қастерлі тәуелсіздігіміздің нығаюына, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың сақталуына біркісідей атсалысайық.
Назым Қалиева,
Көшкентал ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері
Ақсу ауданы