Елімізде ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноттың айналымдағы пайдалану мерзімі биылғы жылдың 24 маусымында аяқталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сонымен қатар бұған дейін ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттың да 2026 жылғы 27 маусымнан бастап айналымнан толық алынып тасталатыны жоспарланғаны айтылған еді. Алайда реттеуші орган бұл мерзімді бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Ресми мәліметке сәйкес, азаматтар ескі үлгідегі банкноттарды белгіленген мерзім аяқталғанға дейін еркін пайдалана алады. Ал егер көрсетілген уақытқа дейін қолда бар қағаз ақшалар жұмсалмай қалса, оларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде айырбастау мүмкіндігі сақталады.
Сонымен бірге барлық кәсіпорындар мен сауда орындары аталған мерзімдер аяқталғанға дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттарды бірдей қабылдауға міндетті екені ескертілді.
Ұлттық банк қазіргі уақытта «Сақ стиліндегі» жаңа банкноталар сериясын айналымға кезең-кезеңімен енгізіп жатқанын хабарлады. Жаңарту процесі барысында ескі және жаңа үлгідегі ақша белгілері қатар қолданыста болады.
– Адамдар осы банкноталармен төлем жасай алады, сондай-ақ оларды жаңаларына айырбастай алады. Сонымен қатар банктер жаңа банкноталарды өңдеу үшін банкоматтар мен кассалық аппараттарды реттеп жатыр. Бұл тәсіл жеке тұлғалар мен кәсіпорындар үшін айырбастау кезінде асығыстық пен қолайсыздықтарды болдырмауға көмектеседі, – деді Ұлттық банк.





